Қазақстанда әрбір 7-ші адам саудасының құрбаны – бала

1811

Халықаралық көші-қон ұйымы 2004-2020 жыл аралығында біздің мемлекеттік емес ұйымдар арқылы 2000-нан астам адамға көмек көрсеткен. 

Қазақстанда әрбір 7-ші адам саудасының құрбаны – бала Фото: novakdjokovicfoundation.org

Бірлескен жұмыстар 2021 жылы аяқталды, деп жазады іnbusiness.kz.

1951 жылы құрылған Халықаралық көші-қон ұйымы өзінің негізгі міндеттерінен бөлек, адам саудасы құрбандарына көмек көрсетумен айналысады, соңғы деректер бойынша, 100 мың адам осы ұйымның атсалысуымен түрлі жағдайлардан құтқарылған. 

Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ) өз қызметін Қазақстанда 2002 жылғы 2 желтоқсанда бастады. Дәл осы ұйым 2004-2020 жыл аралығында біздің мемлекеттік емес ұйымдар арқылы 2000-нан астам адамға көмек көрсеткен.

"Қазақстанда 2004-2020 жылдар аралығында Халықаралық көші-қон ұйымы біздің мемлекеттік емес ұйымдар арқылы 2000-нан астам адам саудасы құрбандарына көмек көрсетті. Біз қолдау көрсету шараларын 2021 жылы аяқтадық, себебі біздің елде 2016 жылдан бері адам саудасы құрбандарына арналған алғашқы кризистік орталықтар ашыла бастады, яғни қазір ол адамдарға көмек мемлекеттік бағдарламалар аясында көрсетіледі", – деді ҚР Халықаралық көші-қон ұйымы миссиясының/БҰҰ-ның көші-қон агентігінің ұлттық үйлестірушісі Белоносова Алия Ерсайынқызы.

Алайда Халықаралық көші-қон ұйымы көмек көрсеткен сол 16 жыл ішінде адам саудасының әрбір 7-ші  құрбаны бала екені анықталды.

"Құрбандар арасында біздің азаматтар ғана емес, шетелден келгендер де болды. Біздің бағдарламалар аясында қолдау көрген жандар арасында Өзбекстан, Қырғызстан сынды көршілес елдің азаматтары болды. Тағы бір айтып өтетіні - бізде ішкі адам саудасы қарқынды жүргізіледі. Біздің азаматтар көбіне кішкентай ауыл аймақтардан ірі қалалар мен аудан орталықтарына көшіріліп жатады", - деп түсіндірді Алия Ерсайынқызы.

Жалпы Қазақстанда 123 адамға арналып 14 дағдарыс орталықтары ашылған, онда адам саудасы құрбандарына әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, құқықтық көмек көрсетіледі, деп толықтырды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қызметтер департаменті директорының орынбасары  Қалмақова Гаухар Амангелдіқызы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу