Қазақстанда әскердің жаңа түрі пайда болады

18036

Украинадағы соғыстан сабақ алған еліміз "кеңес мектебінің мұрасынан" бас тартуы мүмкін. 

Қазақстанда әскердің жаңа түрі пайда болады Фото: Мария Матвиенко

Соғыста әрбір минут алтыннан қымбат

Қорғаныс министрлігінің байламынша, заманауи қарулы шиеленістер – әскери сипаттағы қауіп-қатерлерді тек дайын мобилизациялық ресурстары бар, модернизацияланған армия көмегімен ғана тойтару мүмкін екенін көрсетті. Бетін аулақ қылсын, бірақ Қазақстанда соғыс бола қалса, ұлттық армияны шұғыл түрде жауынгерлермен қамтамасыз етудің тек 1 ғана тәсілі қарастырылған: ол сонау Ұлы Отан соғысы жылдарындағыдай халықты жаппай жұмылдыру.

Қорғаныс ведомствосы "кеңес мектебінің мұрасы" саналатын мобилизация қазіргі заманға жарай бермейтінін хабарлады. Неге? Оны оңтүстік-шығысындағы үлкен территориясынан айрылған посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттің ахуалы көрсетіпті.

"Украинадағы оқиғалар қарулы күштерді мобилизациялауға, әскери резервті даярлауға, сондай-ақ адам шығынын толықтыру немесе жеке құрамды ротациялау үшін запастағы әскери қызметшілердің дер кезінде келіп жетуіне қатысты бірқатар проблеманың болғанын әшкереледі. Сондықтан азаматтардың резервте қызмет өткеруін ұйымдастыру арқылы бізде Қарулы күштердің әскери бөлімдерін адам ресурстарымен қамтамасыз етудің заманауи қағидаттарын қарастыру қажеттігі туындады", – деген байламын жария етті министрлік тиісті заң жобасына тұжырымдамасында.

Осылайша, енді Қазақстан тарихында тұңғыш рет "резервтегі әскер" институты енгізіледі деп күтілуде.

Қорғаныс министрлігінің дәйектеуінше, резерв әскері тек ел шетіне дұшпан баса-көктей енгенде ғана емес, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимінде де шұғыл қимылдау үшін қажет.

Әрине, "Қазақстанда әскери тапсырмаларды орындау үшін әскери даярланған резерв те, мобилизациялық ресурстар да жеткілікті көлемде бар". Онда бөлек "резерв әскерін" жасақтау не үшін қажет?

Запастағы немесе іс басындағы әскерилерді жұмылдыру үшін алдымен заң бойынша елде ТЖ немесе соғыс жағдайын енгізу талап етіледі екен. Бұған белгілі бір уақыт кетеді. Ал ондай ауыр жағдайда уақыттан ұтылуға болмайды, әрбір минут сайын жау ондаған шақырымға ішкері еніп, ілгерілей беруі ықтимал: "Көз ілеспес жылдамдықпен өзгеретін жағдайда кешігудің әрбір минуты әскери ұрыс театрындағы күштердің үстемдік етуіне елеулі әсер етуі не табиғи, техногендік сипаттағы төтенше жағдайларда ахуалды нашарлатуы мүмкін".

Қорғаныс ведомствосының тұжырымдауынша, осы себепті соғыс не төтенше жағдайдың енгізілуін күтпей, ұдайы жауынгерлік әзірліктегі бөлімдерді де, резервтегі әскерді де лезде өрістету қажет. Резервтегі әскерді және сол аумақтағы қорғаныс әскерлерін жеделдетілген түрде жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне келтіру – қауіп төнген бағытта әскерлердің сан түрін шұғыл шоғырландыруға және саны көп әскерлерді тарта отырып, жауға жойқын соққы жасауға мүмкіндік береді.

Соғыстың сабағы қандай?

"Украинадағы қақтығыс тәжірибесі көрсеткендей, елде әскери-оқытылған резервтің болғанына қарамастан, оларды нақты ұрыс қимылдарына даярлауда бәрібір проблема туындайды. Өйткені уақыт өте запастағы әскерилер әскери дағдыларын жоғалтады. Оның үстіне армияға дүркін-дүркін жаңа қару-жарақ пен байланыс құралдары алынады, оларды меңгеруге уақыт қажет. Сондай-ақ запастағы әскерилерден құралатын бөлімшелерді жауынгерлік үйлестіру үшін де уақыт керек. Салдарынан, Украинада жаңадан құрылған бөлімшелер ұрыс аймағына жіберілмес бұрын, полигондарда бірнеше ай бойы қосымша даярлықтан өтті. Алайда соның өзі ұрысқа дайындықты лайықты деңгейде қамтамасыз етуге жетпеді", – деп түсініктеме берді қорғаныс ведомствосы.

Бұл ретте ұдайы өткізілетін жиындар запастағы әскерилерді даярлауға қатысты проблемаларды шешпейді, өйткені ол 5 жылда 1 рет өткізіледі және әскери міндеттілердің шектелген санын ғана қамтиды.

Осы орайда Қазақстанның Қауіпсіздік кеңесі 2021 жылғы 19 мамырдағы №2 шешімімен "резервтегі қызметті" енгізуді мақұлдапты.

Сондықтан республикада 2021–2025 жылдары резервтегі әскери қызметті енгізу бойынша іс-шараларды жүзеге асырылу ұсынылды.

"Резервтегі әскери қызметті құру – бейбіт уақытта Қарулы күштердің санын ұлғайтпай-ақ, әскери міндеттілердің белгілі бір топтарын қалыптастыруға мүмкіндік береді: олар соғыстың бастапқы кезеңінде, толық немесе ішінара мобилизация жүргізілгенге дейін өз алдына қойылған міндеттерді шұғыл атқаруға кәсіби тұрғыда дайын тұрады.  Техногендік немесе табиғи сипаттағы ТЖ туындағанда резервтегі әскери қызметшілер бірінші кезекте қолданылады. Бұл Қарулы күштерге өзіне тән емес функцияларды орындауға алаңдамауына, жауынгерлік даярлықты жоспарлы түрде ары қарай жалғастыруына мүмкіндік береді", – деген ұстанымда Қорғаныс министрлігі.

Резервте әскери қызметті өткеру туралы контракт жасасқан азаматтар, яғни резервистер Қорғаныс министрлігі айқындаған тәртіппен әртүрлі жиындар мен даярлықтардан өтеді. Олар үшін даярлық 1 айда 1–2 рет, ал жиын – 30 күн бойы өткізілетін болады. Сонда жалпы алғанда 1 жылда екі айдан аспайтын уақыт бойы жаттығады, соғысқа даярланады.

Жиындар мен жаттығулар кезінде резервистер өзінің әскери білімін, шеберлігі мен дағдысын жетілдіреді, бөлімше, взвод, рота құрамында үйлесімді әрекеттесуге үйренеді, өзімен бірге қызмет ететін әскери ұжымымен, қаруластарымен танысады. Яғни, ел шетіне жау кірсе, олар сол взвод не рота құрамында жедел жиналып, майданға аттанады.

Резервистке қандай ынталандыру тетіктері қарастырылады?

Тұжырымдамада әлемдік алпауыт – Американың үлгісіне назар аударылады: АҚШ Қарулы күштері жалдамалы еріктілерден тұрады. Ал резервистері жылына кем дегенде 48 рет төрт сағаттық жаттығулардан және әскери даярлықтан өтеді. Бұған қоса, жылына бір рет 14–15 күнге созылатын лагерлік жиынға қатысуы шарт. "Белсенді емес кезеңде", яғни соғысқа қатыспаған бейбіт уақытында резервист әскерилерге белгіленген лауазымдық айлықақының 12%-ы көлемінде ай сайын жалақы алады. Ал лагерлік жиын кезінде төлемақы көлемі 100%-ға дейін өседі. Резервтегі әскери қызметті өткерген кезеңінде ол АҚШ әскери қызметшісіне қарастырылған барлық жеңілдікті пайдаланады. Зейнетке ерте, 25 жылдан кейін шығады.

Резервте қызмет еткісі келетін қазақстандықтар да осы жайтқа назар аударыпты: "Резервте әскери қызметін өткеру туралы контракт бекітетін адамдарға да ақшалай ризық төленуге тиіс. Алайда бұл жөнінде еш жерде айтылмапты. Тек жиыннан өту, даярлық кезінде жұмыс берушісі оның жалақысын сақтауға міндетті екені ғана көрсетілген", – дейді пікір білдірушілердің бірі.

Жалпы тұжырымдамада: "Резервтегі әскери қызметке кіретін азаматтың жұмыс орнын, атқаратын лауазымын және жалақысын сақтауды, ал жұмыс істемейтін адамға – мемлекет есебінен ең төменгі жалақы мөлшерін (биыл – 42 500, алда 60 мың теңге) төлеуді заңнамалық деңгейде көздеу жоспарлануда" деп жазылған.

Сарапшылар жұмыс істейтін және істемейтін резервистерге контрактідегі сержанттармен тең деңгейде, лауазымы мен әскери атағына сай жалақы төлеуді ұсынады. Әйтпесе, 60 мың теңге үшін кез келген мезетте басын бәйгеге тігіп, майданға аттануға ешкім құлық, құштарлық танытпауы мүмкін. Әлемде "жалдамалылар" әлдеқайда көп табыс табатыны мәлім.

Резервтегі әскерилерге кезекті әскери атақ, погон беру секілді әлеуметтік ынталандыру көзделмек. Резервистті жұмысқа қабылдаған жұмыс берушілерге салықтық не өзге де жеңілдіктер қарастырылады. Әскери міндеттерін атқару кезінде жараланған, контузия алған, мертіккен не науқастанған резервист санаторлық-курортық емдеуге жіберілмек.

Азаматтар әскери қызметі мен негізгі азаматтық жұмысын қатар атқара алуы үшін Еңбек кодексіне өзгеріс енгізіледі.

Тұтастай алғанда, аталған тұжырымдаманы әзірлеу кезінде тек Американың ғана емес, Ұлыбритания, Германия, Ресей және Беларусьтің де тәжірибесі зерттеліп, ескерілген көрінеді.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу