Қазақстанда аула кезіп ескі телефондарды "жинау" басталды

103

Астана, Алматы мен еліміздің өзге де ірі қалаларында қарқыны қатты, ауқымы кең тренд белең алып келеді.

Қазақстанда аула кезіп ескі телефондарды "жинау" басталды Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын төбесіне дауыс күшейткіш байлаған жеңіл көліктер аралап жүр. Олар қазақша-орысша бір сарынды хабарландыруды қайталап, сарнайды: "Жұмыс істемейтін, сынған телефондарды сатып аламыз! Покупаем неработающие, сломанные мобильные телефоны..." Бұл жаңғырған дыбыс өткен-кеткен жүргіншілерді селк етіп бұрылуға, ал, үйіндегі тұрғындарды "не болып қалды?" деп, терезеден сыртқа қарауға мәжбүр етеді.

"Сонда бұл электронды қоқыс кімге керек бола қалды?", – деген сұрақ туады. Жағдайдың ақ-қарасын анықтау үшін бұл "құпия" кәсіптің мәнісіне терең бойлап, алыпсатарлармен бетпе-бет сөйлесуге ұйғардық.

Аулалардың біріне қара түсті, талайды көрген "көне көз" Toyota келіп кірді. Салонының ішінде үш жігіт отыр екен. Ішіндегі ең пысығы өзін Абзал деп таныстырды. Дыбыскүшейткіштегі дауыс та соныкі.

Үйде 2018 жылы, зауыттан жаңа шыққан сәтінде сатып алынған, бірақ әлдеқашан істен шығып, тартпа түбінде шаң басып жатқан танымал брендтің ескі смартфоны бар еді.

"Мынадай жәдігерді қаншаға бағалайсыз?" – деймін телефонды алға созып. Абзал құрылғыны қолына іліп алып, корпусын әрі-бері аударыстыра қарап шықты. Бірақ оны қызықтырғаны – сыртқы жылтыры емес, тек "ішкі құрылысы" екен. Ол артынша өз ұялы телефонынан техникалық деректер базасын ақтарып, құрылғының аналық платасының архитектурасына қатысты ақпаратты іздеді.

Бұл гаджеттің сипаттамасы – бір кездері нарықтағы озығы, ал, бүгінгі өлшеммен өте қарапайым саналатын 6 ГБ жедел жад және UFS 2.1 форматындағы 64 ГБ ішкі жад. Осы мәліметтерді базамен салыстырған жігіт қысқа қайырды: "Мың теңге бере аламын".

"Мың теңге?! Не мазағың? Одан да қоқысқа лақтырып тастай салған оңай. Бір AMOLED-дисплейінің өзін донорлыққа бөлшектеп сатсаң, бұдан бірнеше есе қымбатқа кетеді ғой!" – деп ренішімді жасырмай, қарсылық білдірдім.

Абзал бұған мысқылдай жымиып, кәсіби сленгке көшті: "Түсінбедіңіз, бізге сіздің дисплейіңіз көк тиынға да керек емес. Біз ескі моделдердің экрандарын ауыстырып салуға бас қатырмаймыз. Мейлі шынысы шытынаған, мейлі суға батқан аппаратты әкелсеңіз де – бағасы өзгермейді. Бізге тек жад пен аналық плата (матплата) маңызды. Жарайды, келіспесеңіз, бағасын екі мың теңгеге ғана көтере аламын. Егер мұнда 256 ГБ-тық үлкен сыйымдылық, UFS 3.0 не 3.1 стандарты тұрса, тек сонда ғана жоғарғы бағаны, 5 мың теңгеге дейін бере аламыз", – деді сатып алушы.

Суыртпақтап әңгімеге тартқанда, ол күтпеген жерден "құпияларын" ашып, бұл құрылғылардың тағдыры әрі қарай не болатынын егжей-тегжейлі жайып салды.

"Көпшілік бізді жай ғана металлолом жинаушылар деп ойлайды. Мүлдем олай емес! Біздің бизнес – бұл электронды компоненттерді қайта өңдеу (ресайклинг). Телефондарды сатып алған соң моделі мен жай-күйіне қарай жіктеп, сұрыптаймыз, аяусыз бөлшектейміз. Платаларға диагностика жасалып, флеш-жадтың (NAND) және жедел жадтың (LPDDR) жұмысқа қабілетті тірі микросхемалары арнайы құралмен дәнекерленіп алынады", – деді Абзал.

Яғни, осы ескі микросхема жаңа телефондарға салына ма?

"Тек смартфондарға ғана емес. Одан бөлек бюджеттік арзан электроникаға да орнатылады. Кейде техникалық жөндеу кезінде олар таптырмас донорлық компоненттер ретінде қолданылады. Сондықтан әрбір "тірі", жұмысқа жарамды микросхема – бүгінде алтынға барабар құнды ресурс", – деп түсіндірді алыпсатар.

Көлеңкелі ресайклинг пе, әлде жаһандық тренд пе?

Осы бір шағын әңгімеден-ақ бір шындықтың беті ашылды: бұл аула кезіп жүрген жігіттер – жаһандық электронды ресайклингтің алып тізбегінің ең төменгі, бастапқы буыны ғана. Ескі, тіпті бұзылып, сынған смартфондарды жаппай сатып алу науқаны бірінші кезекте, олардың корпустарын, экрандарын немесе аккумуляторларын алуға бағытталмаған. Басты мақсат – әлемдік деңгейде дефицитке айналған қат микросхемаларға қол жеткізу.

Бұл үлкен дүмпудің негізгі триггері – бүкіл әлемді шарпыған жартылай өткізгіштердің жаһандық дағдарысы. Соңғы жылдары әлемдегі ең ірі кремний фабрикалары өздерінің өндірістік қуаттарын жасанды интеллект, алып дата-орталықтар және суперкомпьютерлерге арналған жоғары өнімді, өте қуатты чиптер шығаруға жаппай ауыстырып жатыр. Өйткені қазіргі миллиардтаған негізгі пайда, табыс көзі дәл осы секторда.

Салдарынан, қарапайым, арзанқол гаджеттерге арналған стандартты жад түрлерін өндіру көлемі күрт қысқарды. Ал, олардың чиптерінің бағасы ғарышқа қарай шарықтап кетті. Олар амалсыз ескі микросхемаларды пайдалануға мәжбүр.

Қолданыста болған "б/у" чиптер бизнесінің қайта өңдеу тәсілі келесідей екен. Негізінен Қытай мен Ресейдегі мамандандырылған кәсіпорындар ескі электрониканы тонналап, вагондап сатып алады.

Кәсіби сленгте бұл күрделі процесс "выпайка" (дәнекерлеп алу) деп аталатын көрінеді. Оның барысында микросхемаларды аналық платалардан асқан ұқыптылықпен ажыратып алады да, оларды арнайы программаторларда сынақтан өткізеді: жарамсыздарын лақтырып тастайды, жарайтындарынан ескі мәліметтерді толық өшіреді.

Содан кейін микросхемаларға жаңа "байланыс шарларын" орнатып, реболлинг жасайды да, құрастыру зауыттарына жөнелтеді. Міне, сол жерде олар бюджеттік жаңа смартфондарға, смарт-теледидарларға, көліктердің бейнетіркегіштеріне, тұрмыстық техникаға немесе балалардың қымбат ойыншықтарында салынады.

Осылайша, ескі чиптердің екінші "ғұмыры" басталады. Мұндай үдеріс компоненттердің қызмет ету мерзімін елеулі ұзартуға және планетаны тұншықтырған электронды қоқыс көлемін сәл азайтуға септігін тигізуде.

Нарыққа қатысушылардың мәліметінше, дүниежүзін жайлаған жартылай өткізгіштер дағдарысының кесірінен ескі құрылғылардан алынатын кейбір микросхемалардың құны соңғы жылдары 5-6 есеге бір-ақ қымбаттаған. Мысалы, флеш-массивтерінің (жад блоктарының) төзімділігі мен сапасының арқасында Xiaomi немесе Poco-ның ескі-құсқы моделдерінен суырып алынған "тірі" платалар бүгінде бөлшектеудің көлеңкелі қара нарығында 60-70 долларға дейін бағаланатын болып шықты.

"Көне" смартфондарды бөлшектеудің тағы бір маңызды, бірақ дәстүрлі бағыты – жөндеу қорын толықтыру. Ескі аналық платалар басқа бір клиенттің бұзылған аппаратын "тірілту" үшін таптырмас донор болады. Көптеген сервистік орталықтар үшін бұл ресми өндірістен әлдеқашан алынып тасталған смартфондарға түпнұсқа жиынтықтауыштарды табудың да бірден-бір амалы.

Алтын іздегіштер мен киберқауіпсіздік майданы

Сарапшылар дабыл қағып, мұнда бір қауіптің барын ескертеді: бұл зор табысты салада алаяқтар және киберқылмыскерлер де өріп жүр. Кейбір жағдайда қаскөйлерді телефонның бөлшектері мен чиптері емес, оның ішінде бұрынғы иесінің сақталып қалған құпия мәліметтері қызықтырады.

Әсіресе, банктік қосымшалардың құпиясөз-парольдері, криптоәмияндардың кілттері, бұлтты қоймаларға кіру рұқсаттары немесе отбасылық фотоархивтер қалуы мүмкін аппараттар олар үшін нағыз олжа.

Егер сіздің телефоныңыз сынып, мүлдем қосылмай қалса, бұл оның ішіндегі жады да сонымен бірге жойылды дегенді білдірмейді. Осы себепті, гаджетті бейтаныс біреуге сатар алдында мамандар барлық жеке мәліметтерді қайтарылмайтындай етіп түпкілікті өшіруге, ал, егер ақпарат тым құпия болса – жад жинақтауышын (чипті) физикалық түрде тас-талқан етіп жоюға кеңес береді.

Электронды қоқысқа деген сұраныстың тағы бір қызықты себебі бар. Тапшы микросхемаларды қоспағанда, баспа платаларының өзі – нағыз Клондайк, алтын қазына! Қазіргі кезде бүкіл әлемде "urban mining" – "қала ішінде пайдалы қазбаларды өндіру" деп аталатын құбылыс қарқынды дамып келеді. Бір тонна ұялы телефон қоқысынан алынатын алтын, күміс, палладий, мыс және сирек кездесетін жер металдарының көлемі табиғи кеннің бір тоннасынан алынатын металдан жүздеген есе көп болып шықты.

Міне, осы себепті көптеген үйде жылдар бойы шаң басып жатқан ескі, сынық смартфондар мен түрлі гаджеттер қазіргі заман шындығында тіпті де қажетсіз қоқыс емес, көлеңкелі индустрияның "кен орны", ең құнды компоненттердің шағын, миниатюралық алтын қоймасы саналады.

Жад тапшылығының зардабы: дағдарыс DDR2-ге де жетті

Жедел жадтың әлемдік деңгейдегі жаппай тапшылығы өндірушілерді бұрын оғаш саналған қарекеттерге итермелеуде, деп хабарлады TrendForce.com аналитикалық порталы. Бұған дейін терең дағдарыс тек ең озық, заманауи технологиялық секторларды шарпыса, енді ол жиырма жылға жуық тарихы бар, әбден ескірген DDR2 стандартына да келіп жетті.

Қазіргі күрделі жағдайда нарықтағы үздіксіз жеткізілімді кез келген жолмен қамтамасыз ету үшін әлемдік электроника алпауыттары амалсыз артқа шегініп, архивтегі ескірген жад түрлерін қайта қолдануға мәжбүр болуда.

Бұл үрдіс нарықта сұраныстың да, бағаның да алапат жылдамдықпен әрі бақылаусыз өсуіне соқтырды. 2026 жылдың екінші тоқсанында DDR2-нің құны бірден 55-60%-ға дейін биік шығандап кетті. Ал, үшінші тоқсанда сарапшылар оның құнының тағы 35-40%-ға қымбаттауын, яғни, кезекті баға соққысын болжап отыр.

Мәселенің мәнісі әлгінде айтылды: әлемдік жетекші чип өндірушілер өздерінің зауыттық қуатын алып серверлер мен ЖИ жүйелеріне арналған аса заманауи шешімдерді, соның ішінде HBM және DRAM-ның ең соңғы буындарын шығаруға жұмылдыруда. Салдарынан, нарықта тіпті DDR4 пен өзге стандарттағы ескі форматтарды өндіру көлемі аяусыз қысқартылуда.

Кремнийдің осындай қатал тапшылығынан тығырыққа тірелген кейбір компьютер және тұрмыстық техника өндірушілері өздерінің дайын жоба-жоспарларын шұғыл түрде өзгертуге көшті. Көптеген жағдайларда, бастапқы жоба бойынша DDR4-ке лайықталған құрылғылар амалсыздан DDR3-ке ауыстырылып жатыр.

Ал, DDR3 негізіндегі кейбір платформалар тіпті көне, архаикалық DDR2-ге бейімделуде. Мұндай күрделі әрі тәуекелді маневр арқылы өндірушілер өнім компоненттерін арзандатудың және тапшылық қысқан жаһандық нарық аясында кәсіпорынды дағдартып, жауып тынбаудың қамын жасауда.

Индустрия алпауыттарының тірлігі де бұл отқа май құя түсті. Мысалы, Winbond компаниясы DDR2 чиптерін шығаруды жоспарлы түрде біржола тоқтатыпты. Енді бүкіл зауыттық желілерін маржа-табысы әлдеқайда жоғары DDR3, DDR4 және LPDDR4 өнімдерін шығаруға қайта бейімдеп жатыр. Ол да ЖИ алдында бас иді.

Осындай қиын-қыстау ахуалда әлемдік нарықта DDR2 стандартының санаулы әрі жалғыз ірі жеткізушісі болып ESMТ компаниясы ғана қалып отыр. Бұл компания, керісінше, қалыптасқан қиын жағдайдан барынша мол пайда көру үшін адамзат зәру чиптердің өндірісін еселеп ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу