Қазақстанда азаматтар парақорлыққа саналы түрде барады – Ахметжанов

3519

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов өз ведомствосының алқа отырысында елде пара берушілердің азаймай тұрғанын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Қазақстанда азаматтар парақорлыққа саналы түрде барады – Ахметжанов

"Елде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тіркелген қылмыстардың үштен бірі – осы пара берумен тікелей байланысты. Яғни өкінішке қарай адамдар әлі күнге дейін саналы түрде пара беруге, шенеуніктерді сатып алуға барады. Біз талдау жүргізіп көрдік. Не үшін осылай екенін анықтауға тырыстық. Талдау жұмыстары бұған әртүрлі жағдайлар себеп болып отырғанын көрсетеді. Бір жағдайда пара беру – заңды жазадан құтылудың бірден бір амалы ретінде қарастырылады, ал екінші жағдайда заңсыз жолмен басымдыққа немесе пайдаға ие болуға жетелейтін фактор ретінде көрінеді", – деді Марат Ахметжанов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2021 жылдың 1-жартыжылдықтағы қорытындысы бойынша өткен алқа отырысында.

Бұған мысал ретінде агенттік басшысы Алматы қаласының Қазыбек би ауданының сотында қаралып жатқан бір іске тоқталды. Ол сот ісінде бір компанияның заңгерінің ісі қаралып жатыр. Ол соттарды сатып алу жолымен азаматтық іс бойынша өз мәселесін шешпек болған. 

"Мұндай фактілердің жолын біз қатаң түрде кесеміз. Екінші жағынан адамдар осы арқылы көптеген бюрократиялық кедергілерді айналып өткісі келеді. Халықтың құқықтық сауатсыздығы да жоқ емес. Сатып алу жолымен мәселені шешу өкінішке қарай өмірдің қалыпты жағдайына айналып барады. Өкінішке қарай қол ақысын немесе сый-сияпат беру – халықтың бойына сіңіп кеткен. Тіпті пара беріп, жеке шаруасын шешкені үшін мақтанатындар да кездеседі. Мұның бәрі қылмыс екенін толық түсінбейді. Сондықтан сана-сезім өзгермесе, қатаң жазалау шаралары да нәтижесін бермейді. Парақорлық – қоғамда жағымсыз құбылысқа айналмағанша, көп амал бекер болмақ", – дейді ол.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу