Қазақстанда 2019 жылдан бері азық-түлік өндірісінің көлемі 2,4 есе өсіп, 4 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министрлік деректеріне сәйкес, осы кезеңде өсімдік шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 2,8 трлн теңгеден 5,9 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл – 2,1 еседен астам өсім.
Ал мал шаруашылығындағы өнім көлемі 2,3 трлн теңгеден 3,8 трлн теңгеге дейін жетіп, 1,7 есе артты.
Қайта өңдеу саласында да өсім байқалады. Азық-түлік өндірісі 2,4 есеге – 1,7 трлн теңгеден 4 трлн теңгеге дейін ұлғайса, сусындар өндірісі 2,5 есеге – 398 млрд теңгеден 1 трлн теңгеге дейін өскен.
Министрлік мәліметінше, қайта өңдеу саласын дамыту отандық шикізаттың қосымша құнын арттыруға, өнім түрлерін көбейтуге және ел ішінде жаңа өндірістік тізбектер қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Қазақстанның сыртқы нарықтардағы позициялары да нығайып келеді.
– Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 2,1 еседен астам – 3,3 млрд доллардан 7 млрд долларға дейін өскен. Экспорттық әлеуетті одан әрі кеңейту өнім сапасын арттырумен, өңдеу қуаттарын дамытумен және жаңа сату нарықтарына шығумен байланысты, – делінген хабарламада.