Үкіметке "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамының 2030 жылға дейінгі жаңартылған даму жоспарының жобасы енгізілді.
Құжаттың басты бір жаңалығы бар. Ол қабылданса, ас атасының шикізаты – қазақстандық бидай мен ұнның экспортының тізгіні ұлттық компанияға берілмек. Жоба аграрлық өнім экспортын бақылаудың түрлі шараларын енгізуді, тіпті Азық-түлік корпорациясын бидайдың жалғыз экспорттаушысына айналдыруды ұсынады.
Құжатта бұл игілік ретінде көрсетілген. Ауыл шаруашылығы министрлігі байламынша, осының арқасында қазақ астығы арзандайды, демпингтің адал емес тәсілдеріне бой ұрған Ресей сияқты бәсекелестермен арадағы баға теңестіріледі және еліміз ҚХР, Орталық Азия, Иран сияқты дәстүрлі, азын-аулақ өткізу нарықтарын сақтап қала алады. Осы мақсатта "мемлекет қазақстандық астық экспорттаушыларға, оның ішінде тасымалдау бойынша жекелеген қолдау шараларын енгізу мәселесін қарайды".
Экспорттау, тасымал, логистика сияқты жұмыстар орталықтандырылмақ. Шын мәнінде, монополияландырылмақ.
"Қазақстандық нарық қатысушыларының сыртқы нарықтарға қол жеткізуі бойынша үйлестірілген іс-қимылдарын қамтамасыз етуге бағытталған орталықтандырылған жұмыс шеңберінде "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" арқылы өтетін астық экспортын біртіндеп ұлғайту қажет. Оның экспорттағы үлесі 50%-ға жеткен кезде корпорация Қазақстанның Бірыңғай экспорттаушысының функцияларын орындай алады. Оны 2 кезеңмен жүзеге асыру жоспарлануда", – делінген өзгертілген даму жоспарының жобасында.
1-кезеңде "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" (АКК) шағын және орта фермерлердің астығының экспорттық партияларын өз қолында шоғырландырып, сыртқы нарықтарға өзі өткізетін болады. Сыртқы нарықтардағы сатып алушыларды іздеумен де өзі айналыспақ. Яғни, осы мақсатта да бюджеттік миллиондарды игереді.
АКК "қаржылық есепайырысуларға қатыспай-ақ, сатып алушы мен сатушы үшін кепіл рөлін атқарады". Осылайша, ол "фермерлерге экспорттық нарықтарға шығуға және ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді бағамен сатуға көмектесетін болады".
Егер бағаны бәсекелестермен теңестіру және дәстүрлі өткізу нарықтарын (ҚХР, ОА, Иран және т.б.) сақтау қажет болса, мемлекет қазақстандық астық экспорттаушыларға, оның ішінде тасымалдау бойынша жекелеген қолдау шараларын енгізу мәселесін қарайтын болады.
2-кезеңде "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" астықтың ішкі нарықтағы көлемін сатып алып, орталықтандырылған түрде өзі экспорттайтын болады.
Тиісінше, Үкімет жаңа алпауыттан ақша аямауы мүмкін.
"19. Форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша АӨК субъектілерінен 800 мың тонна көлемінде астықты кепілдік берілген түрде сатып алуды қамтамасыз ету үшін 2024 жылы "Азық-түлік корпорациясы" ҰК" АҚ-ның жарғылық капиталы 100 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылады. 20. Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау жөніндегі іс-шараларды жыл сайын өткізу үшін 2024-2030 жылдары "Азық-түлік корпорациясы" ҰК" АҚ-ына 100 миллиард теңгеге дейін бюджеттік кредит бөлінеді", – деп жазылған жаңаратын даму жоспарында.
Жалпы алғанда, бұдан былай отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін әлемдік нарықтарда экспортқа ілгерілетуді және қазақстандық экспорттаушыларға жәрдемдесуді жалғыз "Азық-түлік келісімшарт корпорациясына беру ұсынылып отыр.
Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің, сақтаудың және сатудың толыққанды желісі құрылады. Оның да тізгінін АКК-ге беру жоспарланған. Бұл үшін "Азық-түлік келісімшарт корпорациясының" ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен және қайта өңдеуші кәсіпорындармен арада шикізатты (күнбағыс тұқымын, күрішті, қарақұмықты) форвардтық сатып алу бойынша 3 жақты форвардтық мәміле бекітуінің тетігі енгізілмек.
"Осы арқылы шикізат пен түпкілікті өнімге бағаны белгілей отырып, 3 жақты форвардтық сатып алу – ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің, сақтаудың және өткізудің толыққанды желісін құруға, сондай-ақ бағаның өсуін тежеуге ықпал етеді. Бұл схемада өңдеу кәсіпорындарының әлеуеті жүзеге асырылады: "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" оларды қолжетімді шикізатымен (қарақұмық, күнбағыс, күріш дәні) жүктейді", – деп түсіндірді министрлік.
Осының бәрі қыруар қаражатты қажет етеді, оны ел бюджетінен алу, ұлттық компанияның түсімдерін соған бағыттау, облигациялар бойынша купондық сыйақыларды субсидиялау арқылы табыс табу ұсынылды.
Бұл өзгерістер нарық қатысушыларының қатаң сынына ұшырады. Олар ауыл тауарлары экспортының жалғыз операторы болу құқығын Азық-түлік корпорациясына беруге қарсылықтарын білдірді.
Олардың пікірінше, корпорация өзіне жүктелген коммерциялық қызметке ел қаржысын миллиардтап шашқалы тұр.
"Корпорацияның шетелде өкілдіктерін ашу мемлекеттік бюджеттің емес, корпорацияның төл таза табысы есебінен жүзеге асырылуға тиіс. Әйтпесе, бұл шикізат пен дайын өнімді экспорттық нарықтарда өз бетінше ілгерілететін отандық өндірушілерді тең емес жағдайға қалдырады. Сауда саласы мен нарықтарға кірудегі кедергілерді жою бойынша келіссөздер жүргізу мандатын да корпорацияға табыстауға жол беруге болмайды. Мұндай келіссөздерді ел атынан Үкімет, уәкілетті меморгандар, соның ішінде АШМ мен Сауда және интеграция министрліктері жүргізгені жөн. Себебі, Азық-түлік корпорациясы өзінің коммерциялық мақсаттарына қол жеткізу үшін өз ойынын, жеке саясатын ілгерілетуге мүдделі болады", – деді Қазақстанның майлы дақылдарды өңдеушілерінің ұлттық қауымдастығының төрағасы Ядыкар Ибрагимов.
Корпорацияның миллиардтаған қаржыны қалай жұмсайтынын бақылау жағы да кемшін көрінеді.
Астық одағының ресми өкілі, эксперті Евгений Карабанов нарыққа мемлекеттің кез келген қол сұғуы жақсы нәтижеге жеткізбейтінін тәжірибе көрсетті дейді.
"Бұл тұжырымдаманы іске асырудың нақты қаржылық тетіктерін байқап тұрған жоқпын. Фермерлер 200-300 тоннадай ғана астық жинайды. Кез келген трейдердің міндеті – ұсақ астық көлемдерін бір жерге тасып, қордалап, сапасы бойынша ажыратып алу. Мұндай міндетті кім орындайды? Ұлттық компанияның өңірлердегі штаты сонша үлкен бе? Маманы жеткілікті ме? Көптеген трейдерлер бәсекелестерінен озу үшін икемді мүмкіндіктер ұсынады. Айталық, өз контрагенттеріне, шетелдік сатып алушыларына төлемді кешіктіріп төлеуіне де мүмкіндік береді. Мемлекеттік корпорация солай жұмыс істей ала ма? Неғайбыл. Ұлттық компанияның жұмысын қатаң реттейтін ішкі тәртібі бар, ол икемділікке жол бермейді. Ендеше корпорация фермерлерге ақысын кейін төлеуді ұсынады. Бұған фермер келісе ме?" – деді Е.Карабанов.
Сарапшылар республикалық бюджеттен осы шараларға жүздеген миллиард теңге шығындау талап етілетініне назар аударды. Егер оған Үкімет пен Парламент рұқсат етпесе, мұның бәрі қағаз бетіндегі кезекті жоба, шенділердің бос қиялы болып қалмақ.