Қазақстанда байлар мен олигархтардың биткойндағы байлығы тексеріледі

3247

Бас прокуратура мен Қаржы министрлігі "ескі Қазақстанда" заңсыз табылған активтерді тексеруге қатысты "ойын ережелерін" жариялады.

Қазақстанда байлар мен олигархтардың биткойндағы байлығы тексеріледі Фото: Ашық дереккөзден

"Ашық НҚА" мемлекеттік порталында "Активтерді ашып көрсету туралы декларацияны ұсыну ережелері және нысанын бекіту туралы" бірлескен бұйрықтың жобасы жарияланды. Оған алда Бас прокурор Берік Асылов пен Премьер-Министрдің орынбасары–Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев қол қояды деп күтілуде.

Бұған қоса, Бас прокуратура "Активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеру және жүргізу ережелерін" бекітетін бұйрық жобасын да қоғамдық талқылауға шығарды. Қос құжат 21 қыркүйекке дейін қоғам талқысына салынады. Содан соң, егер елеулі өзгеріс болмаса, қол қойылып, Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеледі. Ведомстволардың ресми интернет-ресурстарында орналастырылады, яғни күшіне енеді.

Бұл құжаттар 13 миллион АЕК-тен, нақтылағанда биылғы жылғы жағдай бойынша 44 миллиард 850 миллион теңгеден немесе шамамен 100 миллион доллардан асатын активтері бар барлық қазақстандық байларды алаңдатып отыр.

Себебі, Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың түсіндіруінше, егер тексеруге іліккен ауқатты тұлға декларацияны тапсыру арқылы өз активтерінің шығу тегін, адал табылғанын растай алмаса, не декларацияны табыс етпесе, онда мұндай активтер негізсіз байлық ретінде танылып, мемлекет кірісіне қайтарылуы мүмкін.

Тексеріске қанша адам ілігуі ықтимал?

Нақты санды мемлекет әзірге жариялаған жоқ. Бірақ ол сонша көп адам болмайтын түрі бар. 2022 жылдың басында Президент халықаралық сарапшылардың тұжырымына жүгініп, еліміздегі байлықтың тең жартысы 162 адамға тиесілі екенін айтқан болатын.

Credit Suisse (CS) банкінің аналитиктері құрған "Global Wealth Report 2022" атты әлем елдерінің әл-ауқат деңгейі туралы есепке сүйенсек, 1 миллион доллардан асатын дәулеті бар Қазақстан азаматтарының үлесі елдің ересек тұрғындарының 0,3%-ын ғана құрады. Абсолютті сандарда бұл 36,9 мың адам. Дегенмен, оның қаншасының активі 100 миллион доллардан асатынын CS сарапшылары нақтыламады.

Биылғы мамырда Forbes "Қазақстанның бай 50 бизнесменінің" рейтингін жариялады. Алайда соның тек 48-інің ғана 100 миллионнан асатын ауқаты бар. Сондықтан Бас прокуратура жанынан жақында құрылған, заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтарумен айналысатын ведомствоны да, сондай-ақ тиісті комиссияны да үлкен жұмыс күтіп тұр.

Сонымен қатар қайтарылған активтерді басқару, олардың сақталуын қамтамасыз ету және сату үшін Басқарушы компания құрылуда. Оған мемлекет атынан кең өкілеттік берілген. Сондықтан басқарушы компания мықты және дұрыс, ұтымды басқарылатын компания болу керек.

"Басқарушы компанияның басты мақсаты – қайтарылған мүлікті басқару және сату. Ал қаржы тікелей шотқа түседі. Басқарушы компанияда бүгінгі жоспар бойынша 10-15 адам жұмыс атқаруға тиіс. Ол штат қаржы түсердің алдында, яғни сот шешімдері, қаулылар қабылданғаннан кейін анықталатын болады. Оған экономика, заң салаларында жоғары білімі бар, бірнеше тіл білетін, мықты, жақсы дайындалған қызметкерлер қабылданады", – деді қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.

Үкімет осы компанияның жалғыз құрылтайшысы болады. Осы күрделі жұмысты Қаржы министрлігі атқарады және компанияға берілген активтерді басқару тәртібін сол анықтайды. Үкімет бұл компанияның қызметі ашық болады деп сендіріп отыр. Жыл сайын тәуелсіз аудит жүргізіліп, есебі жарияланады, содан кейін қамқоршылық кеңес құрылады. Оған Парламент депутаттары, қоғам өкілдері және тәуелсіз сарапшылар кіруі мүмкін. Ал қаржылық бұзушылық немесе теріс пайдалану болса, олармен тиісті органдар, Бас прокуратура айналысатын болады.

Демек, іс баяу болса да, ілгерілеп жатқанға ұқсайды.

Активтерді ашып көрсету декларациясы нені қарастырады?

Қаржы министрі мен Бас прокурордың қолымен бекітілетін Активтерді ашып көрсету туралы декларацияны ұсыну ережелерінің бірнеше талабы назар аудартады.

Мысалы, биыл қабылданған тиісті заңның 18-бабының 2-тармағына сәйкес, декларацияны және оған қоса берілетін мәліметтерді қағаз немесе электрондық формада ұсынуға рұқсат етілген еді.

Алайда ережелерге сәйкес, тексеруге іліккен тұлғалар немесе олардың сеніп тапсырған адамы декларацияны Бас прокуратура жанындағы Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның кеңсесіне өзі тек қолмен әкеліп табыстауға міндеттеледі. Егер электронды күйде тапсырғысы келсе, оны флэшка, диск сияқты жеткізгіштерде ұсынуы шарт.

"Декларацияны электрондық пошта арқылы қабылдау жүргізілмейді. Кеңсенің не активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның қызметкерлерінің мекенжайларына электрондық пошта арқылы жіберілген декларацияға жауап жіберілмейді. Электрондық пошта арқылы түскен декларацияны қарау жүргізілмейді", – делінген ережеде.

Себебі, мұның қағазбастылығы, бюрокатиясы бар: Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның кеңсесі қағаз немесе электронды жеткізгіштегі декларацияның келіп түскен күні мен уақытын "Декларацияны қабылдау журналы" деп аталатын арнайы кітапшаға тіркейді. Ол журналға қабылдап алған кеңсе қызметкері мен декларацияны жеткізген адам қолдарын қояды.

Жеткізуші адам жеке басы мен өкілеттігін растайтын жеке куәлігін, қызметтік куәлігін, сенімхатын, лауазымға тағайындау туралы бұйрықтан үзінді көшірмені және басқа құжаттарының түпнұсқаларын көрсетуге тиіс. Әйтпесе, қол қоя алмайды.

Декларацияның өзі оны тапсырушы адамның тұлғасын анықтауға бағытталған.

"Тұлға туралы жалпы ақпарат" бөлімінде мыналар көрсетіледі:

1-ші жолда: жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты; заңды тұлғалардың атауы, тіркеу нөмірі, бизнес-сәйкестендіру нөмірі, орналасқан, тіркелген жері;

2-ші жолда: жеке тұлғалар үшін – ЖСН, Салық төлеушінің нөмірі, бар болса, ұқсас өзге де баламалы деректемелер; заңды тұлғалар үшін – тіркеу нөмірі, бизнес-сәйкестендіру нөмірі;

3-жолда: жеке тұлғалар үшін – азаматтығы (бар болса); заңды тұлғалар үшін – орналасқан (тіркелген) жері;

4-ші жолда: декларацияға қол қойылған күн;

5-ші жолда: декларацияға қол қоятын тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың түрі;

6-шы жолда: сол құжаттың нөмірі;

7-ші жолда: сол құжаттың сериясы;

8-ші жолда: сол құжаттың берілген күні;

9-жолда: үлестес тұлғаның ЖСН/БСН көрсетіледі;

Ең маңыздысы, "Декларацияланатын мүлік туралы мәліметтер" деп аталатын 10-жолдан басталады. Олар қосымшалардан тұрады. Атап айтқанда, декларант әр қосымшада келесі есептерін тапсыруға міндетті:

1-ші қосымшада есепті кезеңдегі кірістерін, табыс көздерін ашады.

2-ші қосымшада Қазақстан аумағындағы ақшаларының сомасын, ал 3-ші қосымшада шетелдегі ақшаларын көрсетуі керек.

4-ші қосымшада Қазақстан аумағында орналасқан, 5-ші қосымшада Қазақстаннан тыс орналасқан жылжымайтын мүліктерін жария етуге тиіс.

6-шы қосымшада Қазақстан аумағындағы көлік құралдарын, тиісінше, 7-ші қосымшада шетелдегі автокөліктерін тізбелеуі қажет.

8-ші қосымшада Қазақстан аумағында, ал 9-шы қосымшада шетелде тіркелген заңды тұлғаларын, компанияларын немесе солардағы жарғылық капиталындағы қатысу үлесін жариялайды.

10-шы қосымшада Қазақстан аумағындағы, ал 11-ші қосымшада Қазақстаннан тыс жерлердегі бағалы қағаздардарын тіркейді.

12-ші қосымшасы қызық: онда тексерілетін мултимиллионерлер мен миллиардерлер өз иелігінде қанша цифрлық активтер, яғни биткойндар, стейблкоиндар және басқасы барын жазуға тиіс. Бірақ жасырып қалса, құзырлы органдар мұны қалай тексеретіні белгісіз.

13-ші қосымшада шылқыған байлар Қазақстан аумағындағы қарыздарын, соңғы 14-қосымшада шетелде алған несиелерін көрсетеді.

Декларация тапсырылған соң ондағы мүліктердің, ақшалардың қаншалықты заңды табылғаны тексеріледі. Бас прокуратураның түсіндіруінше, тексерудің мақсаты "активті иемдену көздерінің заңдылығын зерттеу, заңсыз сатып алу, оның ішінде активті шығару фактісін растау немесе теріске шығару" болып табылады.

Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органға тексеру жүргізу туралы тапсырманы Бас прокурор немесе оның орынбасары беруі мүмкін.

Қажет болған жағдайда тексеруге прокурорлар сыртында, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, сондай-ақ меншік нысанына қарамастан өзге ұйымдардың мамандары, эксперттері тартылады.

Олигархтардан бәрін күтуге болады. Мысалы, олар өзінің былығын әшкерелеген, бірақ пара алып, оған көз жұма қарағысы келмейтін прокурорға қастандық ұйымдастыруы мүмкін. Ережеде бұл жағдай да қарастырылыпты.

"Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның лауазымды тұлғасының өмірі мен денсаулығына қатер төнген кезде, сондай-ақ оның заңды қызметіне кедергі келтіру қатері болған кезде тексеруді жүзеге асыратын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тексеруге құқық қорғау органдарының қызметкерлері тартылуы мүмкін", – делінген Активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеру және жүргізу ережелері жобасында.

Мамандардың қорытындысында қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамы не сотқа өтініш беру үшін негіз болып табылатын мән-жайлар туралы тұжырымдар болса, онда жеке прокурорлық тексерулер жүргізіледі.

Басты тексеру қорытындысында мынадай шешімдер қабылданады: біріншіден, заңсыз иемденілген және шығарылған активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі комиссияның қарауына "активтерді пайда болуы түсініксіз актив ретінде тану туралы соттарға талап қою туралы мәселе" енгізіледі.

Екіншіден, мүлікті бұғаттау, шетелге шығарылуының, өзгеге сатылуының, сыйға берілуінің жолын кесу және активтерді мәжбүрлеп қайтару жөніндегі өзге де шаралар іске асырылады.

Үшіншіден, сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізу үшін қара тізімге, яғни тізілім-реестрге енгізілген адамға немесе адамдар тобына қатысты материалдар құқық қорғау не арнаулы меморгандарға беріледі.

Жалпы, бұл іске өзгесі сыртында, Бас прокуратураның Жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметінің және Жасырын тергеу әрекеттерінің заңдылығын қадағалау бөлімшесінің жұмылдырылып отыруы біраз жайттан хабар береді. Яғни, билік Қ.Тоқаевтың азуы алты қарыс олигархтармен күрес аясындағы бұл бастамасына біршама салмақты қарап отырғанға ұқсайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу