Қазақстанда балалар лагерлеріне қатысты шындық жария болды

4004

Қызметін былық жайлаған лагерлер жас ұрпақтың психикасына жарақат түсіруі мүмкін. 

Қазақстанда балалар лагерлеріне қатысты шындық жария болды

Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, 2022 жылы жазғы демалыста балалардың сауықтыру лагерлерінде шамамен 2,3 миллион қазақстандық оқушы демалды. Бұл былтырмен салыстырғанда жарты миллионға (500 мыңға) көп. Әрине, олардың көбінің лагерь деген аты ғана. Балалардың басым көпшілігі қалалық лагерлер желісі дегенге тартылды. Яғни амалсыз, өз мектебі, жоғары оқу орындар жанынан ашылған лагерді қанағат тұтты. Ол балалар қалалық паркке, жергілікті музейге, тағы басқа көрнекті орындарға барды, шағын дәріс тыңдады. Әйтеуір жазда іші пысатын баланы алдарқатудың амалы. Тамылжыған табиғат аясында кең тыныстап, суға шомылып, арқаны күнге күйдіріп, самалға бетті сүйдіріп, асыр салмаған соң бәрі бекер.

Бірақ министрліктің көркем көрсеткішке толы есеп ұсынуы үшін осының өзі жетіп жатыр. 

Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, биыл сауықтыру лагерлері мен алаңдардың саны айтарлықтай артты. Жалпы республика бойынша 11 мыңнан аса мектеп жанындағы, қала маңындағы, шатырлы, спорттық және киіз үй лагерлері жұмыс істеген екен.

Салыстырсақ, 2021 жылы олардың жалпы саны – 9 507 болған.

Әрине, қанша Балалар жылы деп дәріптелгенімен, мемлекет онсыз да азғана саны бар балалардың тегін демалуын қамтамасыз ете алмады. Ата-аналарға баласын құрбы-құрдастарымен бірге тынығуға жолдау үшін біраз шығындалып, отбасының әмиянын қағуға тура келді.

Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиевтің айтуынша, бірінші кезекте жазғы сауықтыру демалысымен әлеуметтік осал санаттағы балалар қамтылды. Бұлар – жетім балалар, аз қамтылған және көпбалалы отбасыдағы, толық емес отбасыдағы балалар, мүмкіндігі шектеулі балалар және басқасы.

Қазақстанда мектеп жасындағы 3,7 миллионға жуық бала бар. Яғни 1,3 миллионнан астам бала лагерлерден тыс қалды. Оның бәрі бірдей ересектермен шетелге саяхаттай алмағаны белгілі.

"Биліктің оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыруына көңілім толмайды. Мәселе көтергім келеді. Биылғы жазда баламды сауықтыру лагеріне жібермек болдым. Премьер-министрдің 2020 жылғы 14 қаңтардағы №1-ө өкімінде келтірілген санаттарға жатпаймыз. Бірақ бай да емеспіз. Содан лагерлердің бағаларын қарасам, төбе шашым тік тұрды. Шығандап кетіпті. Мысалы, біздің Орал қаласындағы "Атамекен" лагері 10 күнге 65 мың теңге сұрады. Мұндай шығынды әрбір отбасы көтере бермейді. Жеңілдік тек аз қамтылған немесе дарынды балаларға ғана қарастырылыпты. Дарынды балаға 3 жыл қатарынан озат оқитын балалар жатады. Баламның үлгерімі жақсы, бірақ ол 2 сыныпта оқиды. Сондықтан бұл санатқа да іліге алмады", – деп қапаланады Нина Жирова.

Ол балаларды бөле-жармай, толық қамтуды немесе ең құрығанда, жеңілдікке іліге алатын санаттарды кеңейтуді ұсынады.

Жалпы осы арқылы мемлекет бір оқпен бірнеше қоянды атып ала алатын еді.

Біріншіден, шындап көңіл бөлсе, лагерлерде балаларды еліміздің патриоты етіп тәрбиелеуге болады. АҚШ-тағы сияқты. Үздік үлгісі әлемде бар. Әйтпесе, еліміздің солтүстігі, орталығы, шығысы мен батысында жастардың арасында да Ресейге көңілі ауып тұратындар жетерлік.

Екіншіден, лагерлерде мемлекеттік тілді үйретуді жолға қойған жөн. Олардың көбінде жаттығулар, серуендер, турлар және басқасы орыс тілінде жүреді. Қазақ балаларының ары қарай орыстануына ықпал ететіні жасырын емес.

Үшіншіден, осы арқылы туризм дамиды. Себебі лагерлердің статистикасы ішкі туризм саласына әсер етеді. Олай болмаған соң, бұрынғы лагерлердің көбі жабылып қалды. Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиевтің мәліметінше, жұмыс істемейтін лагерлерді қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды.

Елорда тұрғыны, 4 баланың әкесі Жанат Құмарзақ Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовке балалар лагеріне қатысты шағым жолдапты.

"Алғаш рет "Лесная Сказка Қатаркөл" балалар лагеріне жолдама алып, қызым Алуаны биылғы 29 шілдеде соған жіберген едік. Ал 2 тамызда телефонына қоңырау шалып, жағдайын білсек, бірге тұрған қыздар онымен төбелесіпті. Телефонды қасындағы қыздар көтеріп, Алуаның аяғы сынды, емханаға алып кетті деді. Содан жұбайым жұмысынан сұранып, дереу таксимен лагерге барды. Бала деген бауыр етіміз ғой. Бала дегенде жан қала ма?", – деді Жанат.

Абырой болғанда, баланың аяғы сынбапты. Бірақ баласын көргенде ана жылап жібере жаздаған. Қызы айналасы 5 күннің ішінде өте арықтап, жүдеп кеткен. Бірге тұрған қыз балалар әлімжеттік жасап, оған төсектерін жинаттырған, үнемі тіл тигізіп, қол көтерген. Әлжуаз бала өзіне жабылған буллерлерге жалғыз қарсы шыға алмаған. Олар баланың киім салып апарған чемоданын сындырып тастапты.

Сорақысы сол, бұған тәрбиешілер назар аудармаған көрінеді.

"Бұл жағдай бір емес, бірнеше рет қайталанған. Қызым бірден үйге кетемін деп жылады. Қалғысы келмеді. Сонда лагерь қызметкерлері қайда қарап отыр? Мемлекет оларға қыруар ақша төлейді, балалардың жазғы демалысын дұрыс ұйымдастырады деп сенеді. Ал оларда тәртіп жоқ. Жұбайым бас үйлестірушісін шақырып, болған жайтты айтса, дұрыс жауап бермей, агрессия танытты. Директорын шақырса, келмеген. Қызметкерлері қолхат жазып тастап, әкете беріңіз депті. Қызыма физикалық қана емес, психологиялық жарақат алды. Лагерьге енді бармаймын деп шырылдап, қатты қорқып қалған", – деді Жанат Құмарзақ.

Осылайша, кейбір лагерлер "бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде" қағидасын ұстанатын болса керек. Шағым иесінің байламынша, олар балалар арасындағы келеңсіздіктерге, ұрыс-керістерге, қорқытуларға, тіпті төбелестерге ден қоймай, дауды сыртқа шығармай, жабулы қазан күйде қалдыруға тырысады. Жанат ағай лагерь басшылығын жазалаттыруға тырысып жүр.

Жалпы бұл салда түсініксіз тұстар көп. Мысалы, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдегі балалар лагерлеріне жазбен шектелмей, жыл он екі ай жұмыс істеуді бұйырыпты. Жергілікті бюджеттен тиісті қаржыландыру да болады екен.

Жазғы уақытта балалардың тынығу лагерлерінің жұмысын күшейту тек маусымдық уақытта ғана емес, жыл бойы жүзеге асуы қажет. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кеңейтілген жиындарда өңірдегі бірқатар лагерь жұмысын сынға алып, олардың тек маусымдық кезде ғана жұмыс істеп, қалған уақытта бос тұратынын айтып, сала басшыларына нақты тапсырма берді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың "егер де осы лагерлер арқылы балалардың біліміне оң әсер етіп, олардың түрлі деңгейдегі олимпиадалар мен жарыстарда жеңімпаз атануына септігін тигізе алсақ, міндетті түрде оған қаржы бағыттауымыз қажет. Бірақ қаржы бөлінгеннен кейін осы орталықтардың жыл бойы үздіксіз жұмыс істеуін қадағалауымыз қажет", дегенін хабарлады 

Ал жазда балалар лагері ретінде жұмыс істеген демалыс базасының басшысы Вадим Захаровтың түсіндіруінше, балалар лагерінің тек жазғы маусымда ғана істеуі еріккеннен жасалған нәрсе емес.

"Бұл әлдебір дәстүрден туындаған жоқ. Оның прагматикалық негізі бар: балалардың үлкен каникулы – жазда. Ол біткен соң балалар оқуға кіріседі. Білім алу барысында олар топ-тобымен лагерлерге аттана алмайды. Мен әкім мырзаның өз өңіріндегі лагерлердің басшыларына ұрысуының себебін түсіне алмадым. Ал оларға жыл он екі ай лагерь ретінде жұмыс істеуіне мемлекет қаржысын шығындаса, ел қаржысы босқа ысырап болуы мүмкін. Себебі жазғыдан басқа каникулдардың арасы алшақ. Әрі екі аптадай демалыста көп бала ағыны тынығып үлгермейді. Әкімдер бизнестен хабары шамалы болса, араласпағаны дұрыс сияқты. Біз мысалы, жаздан басқа кезде тұрғындардың өзге, ересек санаттарына бағдарланып, демалысын ұйымдастырамыз", – деді кәсіпкер.

Өз кезегінде Оқу-ағарту министрлігі лагерлерге қатысты біраз түйткілдер қордаланғанын анықтапты. Оларды шешу үшін ұлттық заңнамаға білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша түзетулер енгізіледі. Тиісті заң жобасы әзірленіп жатыр.

Министрлік "Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарын есепке алудың және олардың қызметін бақылаудың жоқтығын" мойындады. Бұған қоса, балаларға арналған осы ұйымдар қызметінің рұқсат беру түгіл, тіпті хабарламалық тәртібі де қарастырылмапты.

Салдарынан, олардың қызметінің сапасына қатысты проблемалар туындайды.

"Өйткені олардың жауапкершілігі еш жерде белгіленбеген. Салдарынан, мұндай ұйымдардың санитарлық нормаларды сақтамай, өрескел бұзушылықтарға жол беруінің фактілері әшкереленді. Мысалы, Түркістан облысының Алатау ауылында орналасқан, биыл 134 бала демалған "Нұрлы аймақ" ("Сұңқар") жекеменшік лагерінде демалушы балаларға қатысты қатыгездік орын алды. Жағдайды зерделеу барысында бұл лагерь санитарлық-эпидемиологиялық қызметтердің қорытындысынсыз жұмыс істегені белгілі болды. Бұдан бөлек, оның облыс лагерлерінің тізіміне енгізілмегені анықталды, өйткені ол жеке демалыс аймағы ретінде тіркелген. Мұндай мысалдар өте көп", – деп шошытты министрлік.

Осыған орай ведомство жаңа заң жобасында балаларға қосымша білім беретін, олардың демалысын ұйымдастыратын ұйымдарды мемлекеттік бақылауға алуды ұсынады. Бұл үшін олар өз қызметін жүзеге асыруды бастағаны немесе тоқтатқаны туралы хабарлама жолдауға міндеттелуі мүмкін. Сондай-ақ осы ұйымдардың бірыңғай мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізу көзделеді.

Министрліктің байламынша, бұл шаралар балаларға арналған осы ұйымдардың "қызметін ретке келтіруге, есебін жүргізуге, қызметтерінің сапасын үйлестіруге және бақылауға мүмкіндік береді".

Президент мемлекеттің экономикаға, бизнеске араласуын жоққа теңестіруді ұсынды. Алайда оған қоғам дайын емес екені байқалады. Мемлекеттік бақылау болмаса, салалар ауа жайылып, халыққа кесірін тигізіп, әлеуметтік кернеуді өршіте бастайды. Оның үстіне балаларға залалы тиіп жатса, мемлекеттің бұл істен теріс айналғаны орынсыз көрінеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу