Бұрыннан күтілген, ел үшін маңызды заңнамалық өзгерістер Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әзірлеп жатқан "Интернет-жарнама және онлайн-платaормалар туралы" заңы жобасында қарастырылмақ. Ел тарихында бұрын-соңды болмаған, заманауи заң жобасы интернет тұғырнамалар мен әлеуметтік желілерді реттеуді қарастырады.
Еліміз бұл ретте еуропалық озық тәжірибені үлгі ететін болады. Мысалы, Ұлыбританияда Оline safety Belt заң жобасы аясында әлеуметтік медиа иелері зиянды контенті модерациялауға міндеттеледі. Атап айтқанда, суицидтік контентті, терроризмге шақыратын, балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылықты насихаттайтын материалдар бұғатталуы шарт. Бұл талапты орындамаған онлайн платформа, әлеуметтік желі иелері сол үшін жауапқа тартылады.
Бұл Қазақстан үшін де өзекті. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Талдау және ақпарат орталығы жүргізген мониторинг нәтижелері көрсеткендей, Қазнетте 2022 жылы:
- суицидті насихаттайтын ақпаратты таратудың 88 фактісі;
- кәмелетке толмаған балалардың жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін дербес немесе биометриялық деректерді, өзге де ақпаратты таратудың – 21;
- азаматтардың дербес деректерін заңсыз таратудың – 100;
- басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын ақпаратты халыққа жаюдың – 147 фактілері әшкереленді.
Бұл ретте суицидті насихаттайтын ақпарат 2021 жылғы – 28-ден 2022 жылы 88 фактіге дейін, яғни 3,1 есе артып шыға келген.
Адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын ақпарат та оның нысанасына айналған жанның өзіне қол салуына соқтыруы ықтимал. Мұндай кесірлі фактілер саны 2021 жылғы – 27-ден 2022 жылғы – 147-ге дейін 5,4 есеге өсіп кетті.
Ендеше саланы реттейтін заңның жазылуы – замана сұрауына сай, қажетті қадам болса керек.
Жалпы, суицидтің алдын алу бағытында ел Үкіметі сан-салалы шаралар қабылдауда.
Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, оқушыларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу процесін жетілдіру қолға алынды. Сондай-ақ балаларды буллингтен қорғау тетігі бекітіліп жатыр. Осы мақсатта мектептердегі Психологиялық қызмет жұмысының қағидалары және Баланы жәбірлеудің алдын алу қағидалары қабылданды. Білім алушылар арасында аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу жөніндегі бірыңғай бағдарлама әзірленіп, тәжірибеге енгізіліп жатыр.
Сонымен қатар, нормативтік құқықтық актілерді өзектендіру және әдістемелік ұсынымдарды әзірлеу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.
"7 өңірде, яғни Астана мен Алматы қалаларында, Қостанай, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарында мектептердің психологиялық қызметтерінің жұмысын бір жерден үйлестіретін орталықтар құрылды. Психологиялық қызметтердің жұмысын жетілдіру мақсатында біздің министрлік Үлгілік біліктілік сипаттамаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша тиісті нормаларды бекітті. Бұдан бөлек, педагог-психологтардың біліктілігін арттыру курстары әзірленіп, өткізіліп жатыр", – деді Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы Жібек Нұржан.
Жоғарғы сынып оқушылары балдырғандардың тәлімгеріне айналса...
Педагог-зерттеуші Ирина Терентьева қызықты бір тәсілді ұсынды: мектептерде психологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әрбір орта білім ұйымында "параллельдер бойынша тақырыптық фокус-топтар" дегенді енгізген жөн. Ол нені білдіреді?
Жоғары сынып оқушылары мұғалімдердің немесе психологтың бақылауымен төменгі сыныптағы балдырғандармен түрлі тақырыпта еркін әңгімелеседі. Мысалы, соның ішінде өмірді сүю, қоғамнан өз орнын табу, қиындықтарды еңсеру, буллингтен бас тарту, бос уақытты қызықты өткізу, қауіпсіздікті сақтау, дос табу сияқты саналуан тақырыптарда пікір алмасып, ақыл қоса алады. Мұндай "ұрпақтар кеңесінде" бастауыш сыныптағы оқушылар түрлі сұрақ қойып, ересек балалармен бірге жауап іздей алады. Бұл олардың арасында достықты қалыптастыруға септеседі, әлімжеттіктің алдын алуға ықпал етеді.
Ұқсас тәжірибе кеңес кезінде болған: В.И.Ленин атындағы бүкілодақтық пионерлер ұйымының бір заңы: "Пионер – октябряттардың жолдасы және жолбастаушысы" ("Пионер – товарищ и вожак октябрят") деп аталатын. Пионер болған әрбір оқушыға "балдырғандарға жәбір көрсетпе" (малышей не обижать) деп аманаттайтын. Кеңес одағы бұл үлгіні батыс елдерінен көшіріп алғаны мәлім. Америкада түрлі жастағы балалар арасындағы ынтымақтастықты арттыратын скауттар ұйымы қазір де бар және ары қарай дамыды. Ол Бүкіләлемдік скауттар қозғалысы ұйымына (WOSM) және Дүниежүзілік гайд қыздар қауымдастығына дейін өркен жайды.
Балалар өмірден баз кешпеуі үшін ол мектеп психологымен сырласып, жан сарайын жарып жібергелі тұрған күйзелістің мән-жайын жайып салып, маманның тиісті ақылын тыңдағаны, одан тұйықтан шығудың жөн-жосығын біле алғаны жөн. Бүкіл дамыған елдерде солай.
Алайда қазақстандық мектеп психологтарының оған... уақыты жоқ. Уақыты түрлі есеп, құжат толтырумен кетеді. Оқушылармен көбіне директордың нұсқауымен немесе мұғалімнің шағымына орай кездеседі. Салдарынан, шәкірттер оның алдына бірдеңені бүлдіріп қойса ғана келеді де, оны "жау жағының" өкілі деп теріс қабылдайды. Психологтар жас ұрпақтың досына айнала алмай тұр.
"Қазіргі кезде Оқу-ағарту министрлігі білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтердің жұмысын артық қағазбастылықтан арылтуға ден қоюда. Осыған қол жеткізсе, онда психолог уақытының көп бөлігін балалармын жеке жұмыс жасауға бөлер еді. Бұдан өзге министрлік педагог-психолог, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарының міндеттерін нақтылау және психологиялық қызметтің жұмысын қамтамасыз ету мақсатында Директорлардың үлгілік біліктілік сипаттамаларына өзгерістер мен толықтыру енгізген тиісті нормаларды қабылдады. Алдағы уақытта педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтердің статусын арттыру жүзеге асырылмақ. Бұл үшін олардың аттестаттаудан өтуін реттеу, психологиялық қызметтің жұмысын цифрландыру қолға алынады", – деді психолог Жібек Дәуітбайқызы.
Бұған дейін ел Үкіметінің 2020 жылғы 30 наурыздағы 156 қаулысымен "Баланың құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасында суицидтің көбеюі мәселелерін шешу жөніндегі 2020-2023 жылдарға арналған жол картасы" бекітілген болатын. Құжатты жүзеге асыру биыл аяқталады.
Бүгінде Оқу-ағарту министрлігі "Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының" жобасын әзірлеп жатыр.
Құжат ел Президентінің 2022 жылғы 14 шілдедегі тапсырмасын іске асырады. Министрліктің түсіндіруінше, одан келесі нәтижелер күтіледі:
- балалардың құқықтарын қорғау саласындағы меморгандардың ведомствоаралық өзара іс-қимылының тиімділігі артады;
- балаларға қатысты, соның ішінде олардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс саны жыл сайын төмендетілуге тиіс;
- кәмелетке толмағандар арасында суицид және оған талаптану саны азайтылуы керек;
- сабақтан тыс уақытта қосымша біліммен қамтылған балалар саны ұлғайтылады;
- төтенше жағдайдалар, жол-көлік оқиғасы және басқа жазатайым оқиғалар салдарынан қайтыс болған және жарақаттанған балалар саны азайтылуы шарт.
Балалар суицидіне жол бермеуде не жасалды?
Қазақстанда 6 616 774 бала бар. Салыстырсақ, 2020 жылы – 6 110 156 бала болған. Оның ішінде 3,7 миллионнан астамы оқушы. 2,5 миллионнан астамы мектеп жасына дейінгі, балабақшалардағы балалар. Тағы 400 мыңнан астамы 18 жасқа толмаған колледж студенттері.
Жағдай жасауға жүйелі мониторинг жүргізу, сондай-ақ проблемаларды уақтылы анықтап, шешімдерді жедел қабылдау үшін 2022 жылы 56 индикатордан тұратын Балалардың әл-ауқатының индексі қабылданды. Балалардың әл-ауқатының орташа бағасы республика бойынша 55,3 балды ғана құрады. Алматы қаласы Қазақстандағы балалар үшін ең қолайлы өңір саналады: ол ең жоғарғы 63,3 балды жинады. Екінші тұғырда – Қызылорда облысы орналасты: 62,1 балл. Ақтөбе облысы үштікті тұйықтады: 59,9 балл.
Қостанай (49,7 балл), Батыс Қазақстан (47,4 балл) және Ақмола (43,8 балл) облыстары сияқты өңірлер балалар үшін қолайсыз деп танылды. Ендеше бұл өңірлер балалардың өсуі, тәрбиеленуі және даму үшін барынша жақсы жағдайлар жасауға күш салуға тиіс.
Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректері бойынша 2022 жылы балалардың өлімімен аяқталған суицидтің 155 жағдайы тіркелді. Кәмелетке толмағандар арасында өзіне өзі қол салу оқиғалары өсіп барады: 2021 жылы – баланы қаза еткен 144 суицид жағдайы тіркелген.
Бұған жас ұрпаққа ересектердің әлімжеттік, зорлық, зомбылық көрсетуі де түрткі болуы мүмкін: былтыр балаларға қатысты 2 005 қылмыс, 2021 жылы – 2088 қылмыс жасалды. Ондағы жыныстық сипаттағы қылмыстардың саны 719 (2021 жылы – 920).
Әлімжеттікке, жәбірлеуге жол бермеу үшін тікелей Президенттің тапсырмасымен, еліміздегі барлық білім беру ұйымдары меншік нысанына қарамастан бейнебақылау жүйелерімен жарақтандырылды. Бұл ретте олардың 4 713 немесе 47%-ы ішкі істер органдарының жедел басқару орталығына қосылды. Оның ішінде 1 035 – мектепке дейінгі ұйым, 3 454 – мектеп, 224 – техникалық және кәсіптік білім ұйымдары.
2022 жылы ірі қалаларда орналасқан 1 825 білім беру ұйымдарында, соның ішінде 495 балабақшада, 1 187 мектепте, 143 ТжКБ ұйымдарында лицензияланған күзет қойылды.
Ішкі істер органдарының орталықтандырылған бақылау пультіне қосылған дабыл түймелері 2 257 білім беру ұйымдарында орнатылған. Тарата айтсақ, оның 719-ы – мектепке дейінгі ұйым, 1 362-сі – мектеп, 176-сы – ТжКББ ұйымдары, колледждер.
Зардап шеккен әрбір баламен жеке жұмыс жүргізе алу үшін ел тарихында алғаш рет оқушылардан жәбірлеу, буллинг фактілері туралы өтініш түскенде, Ата-аналардың, білім беру ұйымдары қызметкерлерінің іс-қимыл алгоритмі бекітілді.
Буллингке ұшыраған балаларды жеке сүйемелдеудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатында алғаш рет оларға қатысты жәбірлеу фактісі бойынша білім беру органдары мен ұйымдарының іс-қимыл алгоритмі де қабылданды.
Бұған қоса, Қазақстанда еліміздің барлық мектептерінде орналасқан "Bala Qorgau" QR-коды арқылы 24/7 режимінде балалар мен ата-аналарға тегін консультациялық көмек көрсетіледі.
Суицидпен күрес кешенді факторларды ескеруге тиіс
Алайда мамандардың айтуынша, "қабылданып жатқан шаралар балалардың құқықтарын іске асыруды толық қамтамасыз етпейді". Сондықтан сарапшылар Үкіметке балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін келесі бағыттардағы жұмысты жақсарту қажет деген рекомендация берді: біріншіден, білім беру ұйымдары бірыңғай, кешенді түрде қорғаумен қамтамасыз етілуі тиіс.
Екіншіден, бейнебақылаумен, турникеттермен шектелмей, мектептерде балалардың қауіпсіздігін қорғау шараларының кешенін қабылдау қажет. Яғни, мектептің сыртында, әлдебір бұрышында балалар құрбы-құрдасына жабылып, төбелесіп жатуына жол бермеу маңызды.
Үшіншіден, мектеп медиациясы қызметтерін енгізу және педагогтарды мектеп медиациясы әдісі мен медиативтік тәсіл негіздеріне оқыту қажет.
Оқу-ағарту министрлігі Суицидтің алдын алу жөніндегі кешенді жоспар аясында 2025 жылға дейін кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтер мен олардың талаптарының санын жыл сайын 1,5%-ға төмендетуге міндеттеме қабылдады. Әзірге статистика тек өсу үстінде.
Бұл үшін Үкімет 2024 жылғы 1 тоқсанда Суицидтік мінез-құлық белгілері бар адамдарды, оның ішінде кәмелетке толмағандарды анықтаудың бірыңғай алгоритмін және олармен жұмысты ұйымдастыруға арналған құралдарды әзірлеуге тиіс. Бұл құжаттар Оқу-ағарту министрі мен Денсаулық сақтау министрінің бірлескен бұйрығымен бекітіледі.
Осы мерзім ішінде Балалардың суицидтік мінез-құлқын емдеу протоколы қабылданбақ.
Денсаумині келесі оқу жылында суицидологтарды даярлауға кірісуді жоспарлап отыр.
Білім беру ұйымдарының кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің, зорлық-зомбылықтың, оның ішінде жәбірлеудің, буллингтің, кибербуллингтің алдын алушы педагогтерді оқыту қолға алынады. Атап айтқанда бұл мамандар педагог-психологтар, директорлар, директорлардың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары, сынып жетекшілері, әлеуметтік педагогтар, педагог-ұйымдастырушылар арасынан іріктелетін көрінеді.
Осы оқытуларды ұйымдастыру үшін 2023 жылы – 600 миллион бөлінеді. Келесі 2024 жылы бұл сома – 800 миллионға, 2025 жылы – 900 миллион теңгегеге дейін ұлғайтылады.
Стокгольмдегі Швецияның Корольдік Каролин институтының Суицидті зерттеу ұлттық орталығының қоғамдық денсаулық сақтау ғылыми қызметкері Тони Дарки алаңдатарлық дерекке назар аудартады. ДДСҰ мәліметінше, Қазақстан әлемдегі суицидтер деңгейі ең жоғары елдер қатарына кіреді. Өзіне өзі қол жұмсап, өмірден өткендердің көбі 18 бен 29 жас аралығындағы жастар арасында тіркелген. Бұл елдегі өзін өзі өлтіргендердің жалпы санының 80%-ына дейін жетеді. Сарапшының айтуынша, суицид – қазақстандық жасөспірімдер арасындағы өлімнің басты себептерінің біріне айналған.
Тони Дарки суицидтің "кешенді феномен" екенін, тиісінше оның профилактикасы да осыны ескеруге тиістігін нықтады. Ол кешен адамның, әсіресе өмірді енді бастаған жас ұрпақ өкілдерінің өз ғұмырын қыршыннан қиюға итермелейтін мәдени, әлеуметтік, психологиялық, биологиялық, жағдаяттық факторларды егжей-тегжейді ескеруі шарт.
Олай болса, мемлекеттен суицидтің алдын алу, оған жол бермеу шараларын жан-жақты өрістетіп, тегеурінді іс-қимылды жүзеге асыру талап етіледі. Inbusiness.kz осы сараптамасы да аталған жұмысқа септігін тизігу үшін жазылып отыр.