"Қазақстанда банкир болғанша, Кореяда құрылысшы болған жақсы"

4700

Еңбегі еленіп, қабілеті қадірленбеген кадрлар Қазақстаннан "қашып" жатыр. Олар лайықты жалақы алып, сапалы өмір сүру үшін шекара асуға мәжбүр.  

"Қазақстанда банкир болғанша, Кореяда құрылысшы болған жақсы"

"Қара қазан, сары бала" қамы үшін атамекенінен алыстаған азаматтар "Қазақстанда әлеуметтік жағдай жақсы" деген "судырахмет" статистердің сөзіне әбден "тойғандарын" айтады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Аманжол Рүстемов (сұхбат берушінің өтініші бойынша, кейіпкердің аты-жөні өзгертілді - автор) Оңтүстік Кореяға жұмыс істеуге аттанғанға дейін екінші деңгейлі банктердің бірінде бас директордың орынбасары қызметін атқарды. Әжептәуір лауазым иесі болғанына қарамастан, оның айлығы шайлығына жетпеді. Мардымсыз жалақымен бала-шағасын асырай алмайтынын түсінген азамат жұмыстан өз еркімен кетіп, Оңтүстік Кореяны бетке алды. Осы турасында ол: "Шетелге кетудегі басты мақсатым – әлеуметтік жағдайымды жақсартып, тұрмысымды түзеу болды. Жасыратыны жоқ, Оңтүстік Кореяда, банкир емес, құрылысшы болдым. Жататын жерім, ішетін тамағым жұмыс беруші есебінен өтелді. Күніне 60 мың теңге жалақыға жұмыс істедім. Бес күн сайын қолыма біздің ақшаға айналдырғанда 300 мың теңге алып тұрдым. Түсінгенім, Қазақстанда банкир болғанша, Кореяда құрылысшы болған жақсы", – деді.

Аманжол Рүстемов Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүріп, Ақтөбедегі апасының ұзатуын жасаған, әкесіне автосалоннан көлік сатып әперген, өзіне 3 бөлмелі үй алған.

"Оңтүстік Кореядан келген соң шаңырақ көтердім. Тойымды несиесіз, шетелде тапқан табысымен өткіздім. Тойдан соң банкке менеджер болып жұмысқа орналастым. Сөйтіп баяғы қоңыр тірлікке, "ақша жетпейді" деген ұғымға қайта оралдым. Шынымды айтсам, мұндайға енді көндіге алмаймын. Қазір Оңтүстік Кореяға жұбайыммен бірге кетудің амалын қарастырып жатырмын. Мүмкіндік пайда болған күні елден кетеміз. Басқа амалымыз жоқ. Азын-аулақ ақшаға күшімді, қабілетімді, жастық шағымды жұмсағым келмейді", – деді кейіпкеріміз.

Ол отандық статистердің: "2021 жылдың I тоқсанында Қазақстандағы орташа айлық жалақы 230 800 теңгені құрады" деген дерегіне не күлерін, не жыларын білмейтінін жеткізді.  

"Бұл қайдан алынған дерек, айдан алынған ба? Орташа жалақымыз осындай болса, жан бағу үшін шетелге шықпас едік қой. Үкімет халыққа жағдай жасай алмаса, тым құрығанда жүйкесін жұқартпасыншы. Орташа айлық жалақы 230 800 теңге. Күлейін бе, жылайын ба?", – деп кейіді Аманжол Рүстемов.

Оның айтуынша, "Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол" деген мақал өзектілігін әлдеқашан жойған. Кімге, қай жерде жақсы, сол жерде өмір сүреді, сол жерде еңбек етеді. Алайда мұның екінші жағы бар.

"Ел азаматтары жайлы жағдай үшін үдере көшіп, шетелге сабыла беретін болса, Қазақстандағы адам капиталының сапасы кемиді. Шетелге шыққан озық ойлы адамдар елге оралмай, сол жақта қалып қояды. Мұның салдары өте ауыр болады", – деді Аманжол Рүстемов.

Біле жүріңіз, 2010-2020 жылдар аралығында ел аумағынан мамандардың жылыстауы 4,5 есе ұлғайды. 2010 жылы шетелге 2,5 мың адам, ал 2020 жылы 11,2 мың адам кетті.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Қазақстаннан кетушілердің саны, келушілердің санынан бірнеше есе жоғары.

"Жыл сайын техникалық мамандық иелерінің - 29%-ы, экономика саласы өкілдерінің - 15%-ы, педагогтардың - 11% және басқа мамандықты меңгерген адамдардың шамамен - 29%-ы ел аумағынан тыс жерге кетіп жатыр", – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Ашық дереккөздердегі сандарды сөйлетсек, 2020 жылы пандемияға Қарамастан ел аумағынан кеткен жоғары білікті мамандардың үлесі  2019 жылмен салыстырғанда 3,7%-ға артық болды. Нақтыласақ, осыдан 2 жыл бұрын шетелге кеткен кәсіби мамандар 50,6%-ды, бір жыл бұрын 54,3%-ды құрады. 2019 жылға қарағанда 2020 жылы Қазақстаннан кеткен медицина қызметкерлерінің саны 3 есе, педагогтардың үлесі 4 есе, техникалық мамандардың үлесі 5 есе көп екені анықталды. Бұған қазақстандықтардың өмір сүру сапасының төмендігі мен ертеңгі күнге деген сенімінің жоқтығы, ипотеканың қолжетімсіздігі, баспананың болмауы және жалақының аздығы себеп болды.

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу