Қазақстанда банктерге балама пайда болды

3381

Өкілеттілігі аяқталып қалған Парламент ол үшін заңнамалық тұғырды тез әзірлеп үлгерді. 

Қазақстанда банктерге балама пайда болды Фото: Shutterstock

Төлем ұйымдары "сортқа" бөлінеді: нарық пен клиенттер үшін не өзгереді?

Елдің қаржы секторы үлкен өзгерістер мен ауқымды жаңғыру қарсаңында тұр: нарыққа жаңа ойыншылар – "І-ші санаттағы төлем ұйымдары" қосылады. Мәжіліс депутаттары екінші оқылымда Қазақстанның төлем индустриясының келбетін түбегейлі өзгертетін екі заң жобасынан тұратын пакетті қабылдап, жоғары палатаға ұзатты. Сенат бұл түзетулерді таяу арада мақұлдайды деп күтілуде. Содан кейін құжаттар Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.

Жаңа мәртебе І санаттағы төлем ұйымдарына банктердің кейбір негізгі функцияларын иеленуге мүмкіндік береді. Олар заңды тұлғалар үшін ағымдағы шоттар ашуға, ақша аударымдарын жүргізуге, Ұлттық банктің төлем жүйелеріне тікелей қосылуға және электрондық ақша шығаруға (эмиссиялауға) құқылы болады. Реформаның басты мақсаты – адал бәсекелестікті ынталандыру және тұтынушылар үшін қаржылық қызметтердің тарифтерін төмендету болатыны жарияланды.

Тәуелділіктен теңдікке: нарыққа бұл реформа не үшін қажет?

Бүгінде отандық төлем нарығында қатысушылардың екі түрі жұмыс істейді, бұлар – екінші деңгейдегі банктер (ЕДБ) және төлем ұйымдары. Соңғыларының саны айтарлықтай көп: 140-тан астам субъект! Ресми статистикаға сәйкес, кейінгі онжылдықта бұл сектор ғаламат өсім көрсетті: егер 2018 жылы олардың жиынтық айналымы 1,5 трлн теңгені құраса, 2025 жыл қорытындысында 10 триллион теңгеге дейін ұлғайды.

Алайда "Кредиттік рейтингтік қызмет туралы" және "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын жетілдіру мен цифрландыру, банкроттық, сондай-ақ мемлекеттік органдарды бағалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобалары қабылданғанға дейін финтех-компаниялар тіпті тиімсіз жағдайда болды.

Төлем инфрақұрылымына тікелей қол жеткізе алмағандықтан, олар халық пен бизнеске банктер, яғни, делдал арқылы қызмет көрсетуге мәжбүрленді. Салдарынан, банктік монополизммен нақты бәсекелесу мүмкіндігінен айрылды.

Банк инфрақұрылымынан операциялық тәуелсіздік алу оларға толыққанды бақталастық пен тайталасты өрістетуге және қазақстандықтарға қызметтердің кең желісін ұсынуға жол ашады.

Қатаң іріктеу және банктік стандарт

Әрине, бұл ұйымдардың бәрі бірдей жоғары лигаға өте алмайды: бірінші санат тек реттеушінің қатаң сүзгісінен өтіп, күшейтілген талаптарға сәйкес келгендерге ғана беріледі. Қалған компаниялар автоматты түрде екінші санат мәртебесіне ауыстырылады. Көшбасшы ойыншыларды бақылауды, қадағалауды және оларға лицензия беруді ҚР Ұлттық банкі басыбайлы өзі иеленді. "Екінші сұрыптағы" төлем ұйымдарын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі реттейтін болады.

Заңнамалық жаңашылдықтар жоғарғы категориядан дәмелілерге талапты барынша жоғарылатты: І санаттағы финтех-компанияларға төлем индустриясы үшін бұрын-соңды болмаған, банктік стандарттарды қайталайтын реттеушілік талаптарға сай келуге тура келеді:

• Капитал көлеміне талап: біріншідегілердің жарғылық және меншікті капиталының ең төменгі мөлшері екіншідегі төлем компанияларының капиталынан бірнеше есе көп болуға тиіс.

• Тұрақтылыққа талап: бизнесінің қауіпсіз екеніне кепілдік беру үшін леверидж бен өтімділіктің қатаң коэффициенттері енгізіледі.

• Ашықтық талабы: біріншідегілер тұрақты түрде қаржылық есепті тапсырады және жыл сайын сыртқы аудиттен өтеді.

• Қауіпсіздік және комплаенс талаптары: валюталық бақылау нормалары мен лас кірістерді заңдастыруға қарсы тыйымдарды ("Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" заңын немесе КЖ/ТҚФ) мүлтіксіз сақтау.

Бұлардың тәуекел-менеджментіне, киберқауіпсіздік жүйелеріне, сондай-ақ топ-менеджмент пен құрылтайшыларының іскерлік беделіне жоғары талаптар белгіленеді. Іс жүзінде жаңа ойыншыларға банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүргізетін ұйымдар үшін көзделген барлық міндеттемелер жүктеледі.

Бұл ұйымдардағы клиенттердің ақшасын қорғау абсолютті басымдыққа айналады. Реформа қаржылық ағындарды сегрегациялау (бөлу) талабын енгізеді: пайдаланушылар мен тапсырыс берушілердің қаражаты компанияда емес, Ұлттық банктің өзінде, оның үздіксіз мониторингпен қамтылатын арнайы корреспонденттік шоттарында орналастырылады.

Маңызды жайт: төлем ұйымдарына депозиттер тартуға және халық пен бизнеске кредит беруге тыйым салынады: бұл игілік ары қарай да тек банктердің ғана айрықша монополиясы болып қала береді.

"Бірінші санаттағы төлем ұйымдарын құру төлем нарығында бәсекелестікті сапалы дамыту үшін жағдай қалыптастырады. Бизнес пен халықтың озық төлем сервистеріне қол жеткізуіне жол ашады. Сонымен қатар жекелеген төлем қызметтерінің, ең алдымен, аударымдар мен микротөлемдердің құнын төмендетеді", – деді Ұлттық банктегілер.

Бұдан бөлек, реформа төлем нарығының жаңа, инновациялық сегменттеріне қызмет көрсету үшін заңды арналарды ашады, соның ішінде төлем қызметтерін стейблкоиндармен – кәдімгі ақшаға қатаң байланған цифрлық қаржылық активтермен интеграциялауды қамтиды.

Халықаралық тәжірибе: "Велосипедті қайта ойлап табудың қажеті шамалы"

Экономист Марат Ерғозиннің түсіндіруінше, бұл өзгерістер – Ұлттық банктің ойлап тапқан ноу-хауы емес, қаржы жүйесінің заңды эволюциясы. Қазақстанда лицензияларды бөлудің жаһандық нарықта сыналған, тексерілген әлемдік тәжірибесі енгізіліп жатыр.

Сарапшы мысал ретінде Еуроодақтың PSD2/PSD3 директивалары аясындағы PI (Payment Institutions – төлем институттары) және EMI (Electronic Money Institutions – электрондық ақша институттары) тұжырымдамалары аясында жинақтаған тәжірибені алға тартты. Еуропада банктік емес ойыншылардың төлем жүйелеріне (SEPA-ға) тікелей қол жеткізе алғанына көп болды және олар да қатаң реттеледі.

Бұдан бөлек, Ұлыбританияда FCA (Қаржылық реттеу және қадағалау басқармасы) тарапынан енгізілген Authorized Payment Institution (API) режимі ұқсас талаптар бойынша жұмыс істейді. Экономистің байламынша, Қазақстанның Ұлттық банкі осы арқылы төлем жүйелерін банктердің көлеңкесінен шығарып жатыр.

"Соңғы жылдары отандық төлем қызметтері секторы тығырыққа тіреле бастағандай еді. Ірі ойыншылардың ұсақтарын агрессивті түрде жұтып қою үрдісі белең алды. 2026 жылғы мамырдың соңындағы жағдай бойынша реттеушінің "ҚР төлем ұйымдарының тізілімінде" 221 ұйым тіркелген, бірақ іс жүзінде оның 84-і жойылып үлгерген. Қалған көпшілігінің немен айналысып жүргені беймәлім. Сондықтан Ұлттық банктің бастамасын орынды деп санаймын. Сектор өсіп-жетілді, жылдық айналымы 10 трлн теңгеге дейін өсті. Олар банктерге тәуелділіктің "сұр аймағынан" шығаруды қажетсінеді. Қатаң пруденциялдық нормаларды енгізу, орталық банктегі шоттарды сегрегациялау және кредит беруге тыйым салу – меніңше, сауатты шара. Біз банк-делдалдарды алып тастау есебінен финтех-инновацияларға және бизнес үшін комиссияларды төмендетуге қол жеткіземіз. Сонымен бірге жүйенің тұрақтылығына қатысты тәуекел туындамауға тиіс", – дейді Ерғозин.

Оның бағалауынша, мемлекет нарықты демонополизациялау бағытында сындарлы қадам жасап отыр: Ұлыбритания, ЕО, Сингапур, Гонконг және басқа да дамыған қаржылық юрисдикцияларда іске асырылған жаһандық трендтің көшіне ілесті.

Ұлттық банк не ұсынады: "жартылай банктердің" дүниеге келуі

Реттеуші шын мәнінде классикалық төлем ұйымы мен коммерциялық банктің арасындағы аралық институтты құруда.

"Бүгінде отандық алдыңғы қатарлы ойыншылар – HalykPayments, Kaspi Pay, Wooppay, Freedom Pay және басқалары банктік инфрақұрылымды пайдалануға мәжбүр. Жаңа мәртебе оларға Ұлттық банктің төлем инфрақұрылымына тікелей қол жеткізу мүмкіндігін беріп, аударымдарды банктердің делдалдығынсыз жүзеге асыруға жол ашады. Осылайша, олардың қолын ұзартады. Олар өздерінің электрондық ақшаларын шығара алады және цифрлық қаржылық активтермен әрі стейблкоиндармен жұмыс істей алады. Бұл ретте оларға салым-жинақ қабылдауға және қарыз беруге тыйым салынды. Яғни, бұлар банк емес, бірақ қарапайым төлем делдалы да емес", – деді экономист.

Әлемде бұған ұқсас баламалар бар ма? Иә, әрі жеткілікті. Мысалы, Wise, Paysera, Currencycloud, Checkout.com, AlipayHK сияқты халықаралық алпауыттар клиенттерге төлем шоттарын ашады, аударымдар жүргізеді, төл электрондық ақшасын шығарады, цифрлық төлем токендеріне қызмет көрсетеді. Осылайша, олар банктік емес құрылым сипатын сақтай отырып, іс жүзінде банктерге тән қызметтердің бір бөлігін ұсынады. Оларға тек классикалық банктік кредит берумен және депозиттер ашумен айналысуға ғана тыйым салынған.

Бразилияның үлгісі де назар аударуға тұрарлық: PIX жүйесі іске қосылғаннан кейін реттеуші өз инфрақұрылымына банктік емес қатысушылардың кең легін жіберді. Нәтижесінде банктермен бәсекелестік күрт артып, халық үшін аударымдардың құны айтарлықтай төмендеді. Қазақстанда да дәл осындай нәтиже болады деп күтілуде.

Қазақстандық модельдің бірегейлігі неде?

Сонымен, тұжырымдама да, идея да, институт та жаңа емес екен, өзгеде бұрыннан бар болып шықты. Онда қазақстандық моделдің даралығы неде? Ол үш негізгі элементтің синергиясын ұсынып, өзара үйлесімде дамытуға бағытталған.

• Бірінші ерекшелігі – Ұлттық банктегі тікелей корреспонденттік шотта: клиенттердің қаражатын ұйымның шотында емес, тек ҚРҰБ-та сақтау – бұл делдал банктің банкрот болу тәуекелін толығымен жоятын қуатты қорғаныс қалқаны. Өзге елдерде де клиенттердің қаражаты сегрегацияланып, бөлінеді, бірақ олар коммерциялық кастодиан-банктерде (сақтаушы банктерде) орналастырылады.

• Екіншісі – цифрлық активтер нарығымен байланысында. Көптеген елдерде төлем ұйымдарын реттеу мен криптоинфрақұрылым әлі де бір-біріне қатыссыз, бөлек реттелуде. Қазақстан болса, стейблкоиндармен интеграциялау үшін бірыңғай архитектураны алдын ала қалап жатыр.

• Үшінші айырмашылық – кредиттік тәуекелі жоқ "жартылай банкті" құру. ҚРҰБ нарықты нақты бөліп тастады: төлемдермен айналысқыңыз келе ме – инфрақұрылымға еркін қол жеткізіңіз. Ал, кредит берумен және депозиттермен айналысқыңыз келе ме – банкке айналыңыз. Бұл төлем ұйымдары мен кредиттік бизнесті бөлудің заманауи әлемдік тұжырымдамасына сәйкес келеді, деп түсіндірді сарапшы.

Тарифтер шынымен төмендей ме?

Банк не төлем ұйымдары арқылы ақша аударатын қазақстандықтарды алдымен осы сұрақ мазаласа керек. Бұған дейін қалыптасқан тізбек күрделі әрі онда жолай делдалдар төл үстемеақысын қарпып отыр: ақша "төлем ұйымы → банк → төлем жүйесі → клиент" желісімен қозғалады.

Мына реформа осы "шынжырды" бырт-бырт үзіп, қысқартуға тиіс: "төлем ұйымы → ҚРҰБ-тың төлем жүйесі → клиент". Делдалдар аз болған сайын шығындар да азаятыны мәлім.

Алайда төлем ұйымдарының әрбір аударым үшін алатын тарифтері, басқа қызметтері үшін комиссиясы алда автоматты түрде төмендей жөнеледі деп сену аңғалдық болар еді. Бұл алымдар нақты кемуі үшін мына 3 шарт орындалуға тиіс:

• нарыққа шынымен де мықты, тәуелсіз ойыншылар келуге тиіс;

• Ұлттық банк ала қойды бөлек қырықпай, өз инфрақұрылымына барлық төлем ұйымдарын тең жіберуі керек;

• банктер бұл нарықтағы үстемдік жағдайын сақтап қалмауы және ондағы төл экожүйелері мен клиенттік базалары арқылы бәсекелестікті бұғаттап тастамауы шарт.

Қорыта айтқанда, әңгіме отандық финтех-ғажайып туралы емес, халықаралық "payment & e-money institutions" моделін Қазақстан жағдайына сапалы бейімдеу турасында болып отыр. Дегенмен, жергілікті ерекшеліктердің – Ұлттық банктегі шоттарға тікелей қол жеткізудің, қатаң бақылаудың және цифрлық активтердің өзара тоғысуы қазақстандық моделді аймақтағы ең перспективті үлгінің біріне айналдырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу