Қазақстанда барлық салада газ тапшылығы басталды

3317

Газбен жүретін көліктер қаңтарылып тұр. Елорданың өзінде тұрғын үйлер суықтан жаурады, оларға сонау "ТШО"-дан "көгілдір отын" тасуда. Ал құбыры шамадан тыс жүктелген "ҚазТрансГазАймақ" барлық өңірде мораторий енгізді, деп жазады Inbusiness.kz.

Қазақстанда барлық салада газ тапшылығы басталды

Газ тапшылығы кәсіпкерге қиын соқты

Газ жетіспеуі кесірінен кейбір инвестжобаларға дағдару қаупі төніп тұр. Осыған байланысты кәсіпкерлер әр өңірде әкімдерге шағымдануда. Арыз-мұңдары ұқсас: газ құбырларына қосыла алмаған, тиісінше газ жетіспеуі кесірінен жаңа зауыт-кәсіпорындар, цехтар іске қосылып, өнім өндіре алмайды. Үлкен шығын шегіп жатыр.

БҚО әкімі Ғали Есқалиев мұндай проблема барын растады. Ол осы мәселе бойынша кәсіпкерлерді онлайн форматта қабылдапты.

"Қабылдау барысында кәсіпкерлер табиғи газға қосылуға рұқсат, яғни техникалық шарттар ала алмай отырғанын жеткізді. Олар осындай қиындыққа кезіккен. Бірақ бұл тек біздің облыста ғана қалыптасқан проблема емес. Әсіресе, орталық Қазақстанды және елдің оңтүстік өңірлерін газбен қамтамасыз ететін магистральдық газ құбырларының шамадан тыс жүктелуіне байланысты "ҚазТрансГазАймақ" АҚ-ы еліміздің барлық өңірінде коммерциялық кәсіпорындарға техникалық шарттарды беруге мораторий енгізген", – деді облыс басшысы.

"ҚазТрансГазАймақтың" БҚО бойынша басшылығының мәліметінше, еліміздің батысында да газ құбырлары шегіне жете жұмыс істеуде. БҚО аумағымен өтетін газ құбырлары бойынша да шектеулер енгізілді. Бұл қысымды арттыру үшін қажет болған.

Жаңа кәсіпорындар мен нысандарға жүйеге қосылуға қашан рұқсат етілетіні белгісіз. Техникалық шарттарды беруге мораторийді жою мерзімдері "газ тасымалдау жүйесі объектілерін модернизациялау және реконструкциялау жұмыстардың аяқталуына және жобалық қуатқа шығуына байланысты болады". Оның қашан болатыны нақтыланбады.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев "ҚазТрансГазАймақ" АҚ-ның БҚО бойынша басшылығына өңірлік кәсіпкерлік палатасымен және әкімдіктің кәсіпкерлік басқармасымен бірлесіп, "техникалық шарттар алған, бірақ осы қыста газ алуды бастамаған және оны жоспарлап отырмаған мекемелер мен кәсіпорындардың тізімін жасауды" тапсырды. Оларға тиесілі газ көлемін әкімдік алдағы қыста тарығып отырғандарға бағыттайды. Алайда ол тізімде негізінен әлеуметтік және ірі өндірістік объектілерге басымдық берілмек. Бұдан бөлек, облыстық ТКШ басқармасына 2 апта ішінде әлеуметтік нысандарға талдау жүргізіп, оларға газды үнеммен жағуды жүктеу тапсырылды.

Айта кету керек, ұқсас проблема барлық өңірде бар.

Газ алдымен әлеуметтік нысандарға тиеді

Энергетика министрлігі Нұр-Сұлтан қаласына шұғыл түрде мыңдаған тонна сұйытылған газдың қосымша бөлінгенін мәлімдеді. Себебі таяуда 10 көппәтерлі тұрғын үй қара суықта ыстық сусыз және жылусыз қалды. Оның негізгі себебі ретінде "сұйытылған газды елордаға уақтылы жеткізбеу" аталды. Жауапты органдар биыл жылу беру маусымы ерте басталады деп ойламаған екен.

Сондықтан Энергетика министрлігі әкімдікпен, өндіруші зауыттармен және "Қазақстан темір жолымен" бірлесіп, Нұр-Сұлтан үшін газды басымдықпен жөнелту ісін ұйымдастыруда.

Бұған қоса елордаға қосымша 2 300 тонна газ бөлу туралы "Теңізшевройлмен" келіссөздер жүргізілді. Бірінші кезекте отын "газ тарату қондырғылары мен қазандықтарға, содан кейін ғана автожанармай құю станцияларына жеткізілетін болады".

"Айта кетейік, жағдайдың ушығуына "Теңізшевройл" ЖШС-нің биылғы 1 тамыз бен 18 қыркүйек аралығында, сондай-ақ "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" АҚ зауытының – қыркүйекте, ал "Павлодар мұнай-химия зауытының" – қазанда күрделі жөндеуге жабылуы да ықпал етті. Салдарынан Қазақстанда сұйытылған мұнай газын өндіру көлемі бірден 25%-ға төмендеді", – деп түсіндірді Энергетика министрлігі.

Ведомство қазіргі кезде аталған зауыттар өндірістік қуатында толық жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

Әйткенмен, біраз автогаз құю станцияларында өнім жетіспеушілігі байқалады. Нәтижесінде, көліктеріне газды-баллонды жабдықты орнатқан жүргізушілер отын таппай, "темір тұлпарларын" автотұрақтарда қаңтарып қойды. Салдарынан, қала тұрғындары көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлесінен газдың күлімсі иісі мүңкіп тұрғанына шағымдана бастады.

Отын тапшылығының жағымсыз иісі бар

Мысалы, елордадағы "Копенгаген" тұрғын үй кешенінің тұрғыны Әсет Ғалымжан тұрғындарды подъезд бен паркингтен тараған газ иісі алаңдататынын айтады.

"Біздің МИБ-тің басшысы және үй кеңесі осы мәселе бойынша 112 қызметіне бірнеше рет қоңырау шалды. Шақырылған тәртіп сақшыларымен бірге, күзет қызметі тұрғын үйдің жабық автотұрағына қойылған бір емес, 4 автомобильді анықтады. Олардың бәрі газды жабдықпен жабдықталған. Ізінше, түн ішінде Нұр-Сұлтан бойынша төтенше жағдай қызметінің кезекші подполковнигі келіп кетті. Оған әлгі автокөліктерді көрсетіп, олардың иелеріне қатысты әкімшілік хаттама толтыруды сұрадық. Алайда ТЖМ өкілі одан бас тартты, себебі ТЖ департаментінде автомобильдегі газ жабдығын тексеретін арнайы құрылғы жоқ және берілмейді екен", – дейді тұрғын. 

Содан тұрғындар 104 арқылы Газ қызметінің қызметкерлерін шақырған. Бірақ олар келуден бас тартыпты, себебі олардың құзырына тек үйдің газ жүйесіндегі жабдықтарды тексеру кіреді. Азаматтар бұл қауіптен өздерін кім қорғауға тиістігін білмей дал.

Осыдан екі күн бұрын Ақтаудағы алапат жарылысқа газдың сыртқа шығып кетуі себепкер болуы мүмкін деген болжам айтылуда. Ендеше елдің үрейленуі бекер еместей.

Мазасы кеткен тұрғындарға Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин өз блогы арқылы жауап берді.

"Үкіметтің 2014 жылғы 9 қазандағы №1077 қаулысымен бекітілген "Өрт қауіпсіздігі қағидаларына" 2019 жылғы 13 желтоқсанда 1099-1-тармағы қосылды. Оған сәйкес, сығымдалған табиғи газбен және сұйытылған мұнай газымен жұмыс істейтін қозғалтқыштары бар автомобильдерді басқа мақсаттағы ғимараттарға кіріктірілген және оларға жапсарлас, сондай-ақ жер деңгейінен төмен орналасқан жабық типтегі автотұрақтарға қоюға тыйым салынады. Егер автокөлік иесі 1099-1-тармақты бұзса, яғни газды-баллонды жабдығы бар көлігін жабық автотұраққа қойса, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 410-бабына сәйкес әкімшілік жазаға тартылады", – деді ТЖМ басшысы.

Бірінші жолы негізінен, ескерту жасалады, кейде 5 АЕК (14,6 мың теңге) айыппұл салынады. Егер ол көлік шағын кәсіпкерге не коммерциялық емес ұйымға тиесілі болса, айыппұл – 15 АЕК-ке, орта кәсіпкерлікке – 25, iрi бизнес нысанына – 50 АЕК-ке дейін өседі. Бұл бұзушылығын қайталап жасаса, айыппұл көлемі тура 2 есеге ұлғаяды.

Жалпы соңғы екі жылда газды-баллонды жабдық орнатып, бензин не дизельден газға ауысқан автомобильдер саны елде күрт артты: 2019 жылғы 139 990-нан 2021 жылы 313 373 автомобильге дейін көбейді. Бұл да газ тапшылығының туындауына әсер еткен көрінеді.

Газ бағасын реттеуден билік бас тартпақ

Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев те ресми блогы арқылы жұртшылыққа қайырылып, "көгілдір отынға" қатысты мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, елдегі газ тұтыну көлемі артқан.

"2021 жылы ішкі нарықта сұйытылған мұнай газына (СМГ) сұраныс шамамен 1,6 миллион тонна деңгейінде болжануда. 2019 жылы тұтыну көлемі 1,3 миллион тонна ғана болған. Себебі газға көшірілген көліктер саны 2 есе артты. Бұл ретте ішкі нарық үшін СМГ өндіру бұрынғы деңгейде қалды. Мысалы, газға деген сұраныс айына шамамен 145 мың тоннаға жеткен, ал ай сайынғы өндіріс 120 мың тоннаға жуық. Бұл ретте өңдеуші кәсіпорындар өздері өндірген газды 100% тек Қазақстанның ішкі нарығына сатуда", – деді М. Мырзағалиев.

Кәсіпкерлердің байламынша, елдегі газ тапшылығына Энергетика министрлігінің бұл отын түрін сатуды биржаға көшіру айыпты, бұл жайында Inbusiness.kz жазған. Энергетика ведомствосының жаңа басшысы ол бастамадан бас тартпай, ары қарай ілгерілететінін білдірді.

"2018 жылы баға белгілеуді ырықтандыру туралы шешім қабылданды. 2019 жылдың басында электрондық сауда алаңдары арқылы СМГ сату басталды. Осылайша, бұрынғыдай газ бөлу рәсімін мемреттеуден және шекті бағаларды белгілеуден енді ішкі нарықты нарықтық тәсілдермен молықтыруға, өңдеуші кәсіпорындар мен тұтынушылар мүдделерінің тепе-теңдігін қалыптастыруға кезең-кезеңмен көшіп жатырмыз. Бүгінде ішкі нарықта тұтынылатын газдың 70%-ы биржа арқылы саудаланады. Өнім сұраныс пен ұсынысты ескеріп, бәсекеге қабілетті бағамен сатылады", – деді бас энергетик.

Демек газ бағасы өсе беретін түрі бар. Оны реттеуге билік құлықсыз.

2021 жылғы қаңтарға дейін жеткізу жоспары аясында зауыттар сұйытылған газдың 1 тоннасын 38 мың 702 теңгеден босататын. Отын биржа арқылы саудалануға көшкелі бастапқыда баға бірден 77 мың теңгеге дейін шарықтады. Ал қараша айындағы орташа көтерме баға 1 тоннасына 151 мың теңге дейін шығандап кетті. Қалған 30% әзірге ішкі нарыққа тоннасы үшін 43 345 теңге бағамен таратылады. Бірақ алда газ толығымен электронды алаңдарда сатуға ауыстырылмақ.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу