"Зейнетақы жинағының шекті мөлшері өсті" деген ақпарат тарағаннан кейінгі 3 күнде enpf-otbasy.кz платформасы арқылы 46 мың өтініш келіп түскен, деп хабарлайды Inbusiness.kz.
Бүгін де бұл көрсеткіштің өскені анық. Әдеттегі күндері платформа арқылы 2 200 өтінім келіп түссе, 3 желтоқсан күні 16 мың өтінім жіберілген. Бұл рекордтық көрсеткіш. Себеп түсінікті де, бәрі артық ақшасын алуға асығады. Келер жылға қалса 2 есеге өскен көрсеткішті қуып жете аламаймыз ба деп алаңдайды.
Сонымен қатар жыл соңына дейін өтінім алуға өтініш бергендердің ақшасын мақсатты жұмсауға 45 күн берілетіні туралы ақпарат тарады. Яғни өтінім берген соң 45 жұмыс күні ішінде қаражатты жұмсап үлгеруіңіз керек. Демалыс, мереке күндері есепке алынбайды. Бұл жыл соңына дейін алып үлгермейміз бе деп асыққандардың аптығын басты.
Алайда таяқтың тағы бір ұшы – тұрғын үй бағасы қайта өсе бастады. Алматыдағы орташа санаттағы "Raiymbek" тұрғын үй кешеніндегі жөндеусіз, 62 шаршы метрлік пәтерді осыдан 1 апта бұрын 30 млн-ға алуға болатын. Бүгін 31 млн-ға әрең табасыз, баға 32 млн-ға жеткен.
Сарапшылар баға әлі де өседі деген болжам жасауда. Өйткені артық ақшасын алғандардың көпшілігі оны тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсауы мүмкін. Желтоқсанға дейін 338 499 адам зейнетақының шекті мөлшерінен артылған 1,68 трлн теңгені баспана алуға бағыттаған. Олардың басым бөлігі немесе 171 598 адам ипотекасыз үй сатып алған. Осылайша зейнетақының артылғаны негізінен жылжымайтын мүлікке жұмсалып, салдарынан 2021 жылдың 11 айында үй бағасы 20%-ға өсті.
Сарапшылар алдағы уақытта да осы жағдай қайталанады деп отыр. Демек үй бағасы тағы қымбаттайды. Қазақстанның жылжымайтын мүлік федерациясының басшысы Ермек Мүсірепов көрсеткіш ең аз дегенде 10-15%-ға жоғарылайды деп отыр.
"Алуға болатын зейнетақы жинағының шекті мөлшерінің өсуіне байланысты салымшылар жанталаса бастады. Нәтижесінде жаңа салынған және ескі үйлердің иелері бағаны қымбаттатты", – дейді маман.
Оның айтуынша нарықта келесі жылдың көктемінде ғана тұрақтылық болады. Яғни баға қалыпқа келеді. Бірақ инфляция салдарынан және ипотекалық несиені төлеуден шаршағандар қайта сата бастауы да мүмкін.
"Жалпы тұрғын үй нарығындағы жағдай тұрақсыз", – деді спикер.
Әріптесінің пікірімен "Golden key" жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры Ботагөз Кенжебаева да келіседі.
"Зейнетақы жинағына қатысты өзгерістер жыл соңы мен келер жылдың басында тұрғын үй бағасына ықпал етті. Алайда зейнетақы жинағын алу аяқталысымен 2022 жылы нарықта үйге сұраныс та, сәйкесінше бағаның өсуі де тоқтайды. Қазақстанның тұрғын үй нарығы 2000 жылдан бері есептегенде екі рет 8 жыл өсім, 2 жыл құлдырау циклін өткізді. Қазір үшінші кезеңде – өсу кезеңінің соңына жақындап келе жатырмыз. 2022 жыл 2 жылдық құлдырау кезеңінің басы болуы мүмкін. 2022 жылдың соңында "7-20-25" бағдарламасы аяқталады. Жаңа өзгеріске сәйкес зейнетақы жинағын алушылар саны бірден азаяды. Тұрғындардың төлем қабілеті төмендеуі мүмкін. Сондықтан 2022 жылы үй бағасының шарықтап, құлдырау кезеңі басталуы мүмкін", – дейді сарапшы.
Құралай Құдайберген