Қазақстанда бір аптада коронавирус жұқтырғандар 34 мыңнан асты

1427

Нұр-Сұлтанда күніне 1 мыңнан аса адам COVID-19 вирусын жұқтырып жатыр. 

Қазақстанда бір аптада коронавирус жұқтырғандар 34 мыңнан асты Фото: Максим Морозов

Елімізде үнді штамы тіркелгеннен бері коронавирус жұқтырғандар мен аурудан қайтыс болғандар саны күрт өскен, деп хабарлайды іnbusiness.kz тілшісі.

Ведомствоаралық комиссия мәліметінше, 2021 жылғы 12-18 шілде аралығында COVID-19 вирусы мен пневмониядан 354 адам көз жұмған.

12-18 шілде аралығында орта есеппен аурудан 50-ден аса адам қайтыс болған.

Бір аптада коронавирус 34 мың 80 адамнан анықталған.

15 шілдеден бастап СOVID-19 вирусын жұқтыру дерегі 5 мыңнан асқан, ал 17 шілдеде 5 658 адамнан коронавирус анықталған (бір аптадағы ең жоғары көрсеткіш).

Коронавирус жұқтыру дерегі ең көп тіркелген өңірлер: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Атырау, Қарағанды облыстары.

12-18 шілде аралығында елордада коронавирусты 9 мың 147 адам Алматыда 5 мың 323 адам, Шымкентте 2 мың 350 адам, Атырау облысында 2 мың 191 адам, Қарағанды облысында 4 мың 576 адам жұқтырған.

14 шілдеде коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия 4 өңірде: Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары, Қарағанды және Атырау облыстарында карантинді қатаңдату туралы шешім қабылдады.

Еліміздегі аталған өңірлерде COVID-19 жұқтыру мен өлім-жітімнің 55%-ы тіркелген. Сондықтан ведомствоаралық комиссия өңірлерде карантинді қатаңдату туралы шешім шығарған.

"Ashyq-қа" қатысатын объектілерді қоспағанда, қалааралық, облысішілік, қалалық тұрақты және тұрақты емес (туристік) автобус және микроавтобус тасымалдары уақытша тоқтатылды.

Вакцина алған және соңғы 3 айда коронавирустан айыққан адамдарды қоспағанда, барлық ұйымдардың 80% қызметкері үшін қашықтан жұмыс істейтін болды.

Үкімет басшысы өңірлердің әкімдіктеріне, орталық мемлекеттік органдарға денсаулық сақтау жүйесінің ресурстарын жұмылдыру, оның ішінде резервтік төсек-орындарды, дәрі-дәрмектерді, жеке қорғаныш құралдарын, медициналық жабдықтар мен кадрларды қамтамасыз ету бойынша тиісті шара қабылдауды тапсырды.

Алайда аталған 4 өңірде карантин талабы күшейгенімен коронавирус жұқтырғандар саны азаймай тұр.

18 шілдегі мәліметке сәйкес, Нұр-Сұлтанда COVID-19 вирусын жұқтырудың 1367, Шымкентте – 470, Қарағанды облысында – 689, Атырау облысында 293 дерегі тіркелген.

Бүгінде Қазақстанның басым бөлігі "қызыл аймақта" тұр.

Айта кетейік, елімізде коронавирусқа қарсы вакцинаны 2 млн 798 мың 360 адам ғана толық алған.

Дәурен Ерболат


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу