Қазақстанда бірыңғай төлемнің жаңа түрі енгізілмек

3009

Президенттің тапсырмасымен, бизнестің еңбекақы қорына жүктеме күрт жеңілдетілгелі тұр.

Қазақстанда бірыңғай төлемнің жаңа түрі енгізілмек

Елімізде кәсіпкерлердің бір бөлігі өз персоналын қысқартып, "көлеңкеге" жіберуде. Осы мақсатта жұмыс берушілер мысалы, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттарды (договор ГПХ) кеңінен пайдаланады. Бұл жағдайда бүкіл штаттағы қызметкерлер компанияға ақылы негізде қызмет көрсететін сыртқы мамандарға айналып шыға келеді. Оларға салықтар, әлеуметтік аударымдар мен түрлі жарналар төлеу қажет болмай қалады.

Кейбір жұмыс беруші жұмыскерлерімен мүлдем ешқандай келісімшартқа отырмай, ақшаны конвертпен төлеп жүр. Бірқатар компания персоналын толығымен не жартылай аутсорсинг пен аутстаффқа шығарады.

Осы амалдардың бәрі айналып келгенде қызметкерлердің жағдайын нашарлатады. Сондықтан Президент Қ. Тоқаев биылғы 1 қыркүйектегі жолдауында микро және шағын кәсіпкерлік үшін жиынтық жүктемені төмендетіп, еңбекақы қорынан бірыңғай төлемді енгізуді жүктеді.

Бірыңғай жиынтық төлем үлгіге алынады

Үкімет бұл тапсырманы орындауды сиырқұйымшақтандырып, созбалаңға салып жіберді. Ұлттық экономика министрлігі тиісті заң жобасын енді ғана әзір етіп отыр.

Құжатты Парламент қабылдаса, кәсіпкерлердің еңбекақы қорына түсетін жүктеме қазіргі 34%-дан 25%-ға дейін айтарлықтай азайтылуға тиіс. Жаңа төлем, министрліктің сендіруінше, "барынша түсінікті әрі қарапайым болады". 

"Бүгінгі таңда әрбір жұмыс берушінің еңбекақы төлеу қорынан (ЕТҚ) 5 түрлі салықтар мен төлемдер алынады. Атап айтқанда, жұмыскердің жалақысынан жеке табыс салығы (ЖТС), міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті әлеуметтік медсақтандыру жарналары (МӘМС) ұсталады. Сондай-ақ жұмыс берушілер МӘМС қорына жарна, әлеуметтік аударымдарды (ӘА) және әлеуметтік салықты (ӘС) төлейді. Тұтастай алғанда, еңбекақы қорына түсетін жүктеме 33,5%-ды құрайды. Келесі 2022 жылы ол 34,5%-ға дейін артады", – деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігі.

Дегенмен бұл ЕТҚ-ға түсетін ең төменгі ауыртпалық қана. Кейде бұдан да көп болады. Экономика ведомствосы Қазақстанда "бірыңғай салық салу объектісі" деген жоқ екенін атап өтті. Кәсіпкерлік нысандары төлемдері бойынша өзара ерекшеленеді. Оның үстіне төлемнің бір түрі әралуан салық режимдерінде әрқилы ставкамен есептеледі.

Қалай болғанда, қаптаған салықтарды, аударымдар мен жарналарды төлеу жұмыскерге де, жұмыс берушіге де қиынға түсіп тұр.

Сонымен қатар мамандардың айтуынша, әлеуметтік төлемдерді есептеп, аудару процесі көп уақытты, үлкен әрі мұқият еңбекті қажет етеді. Себебі әрбір жұмыскерге бөле отырып, әрбір төлем тапсырмасы бойынша тізім жасау талап етіледі.

Бұл ретте әлеуметтік төлемдерді аудару кезінде банктердің комиссиясы да салық төлеушілердің шығыстарын әрі қарай ұлғайтады.

Әзірлеуші меморган жаңа заң жобасында еңбекақы қорына жүктемені төмендетуді және оны бірыңғай төлеммен төлеуді ұсынып отыр. Осы орайда Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) үлгіге алынады.  

"Бірыңғай ставка шегерімдер мен түзетулердің ебедейсіз, оралымсыз қазіргі жүйесін алмастырады. Бірыңғай төлем сомасы БЖТ тетігі негізінде қорлар мен бюджет бойынша автоматты түрде бөлінеді. Бұл жұмыс берушілерге түсетін жүктемені азайтуға, салық төлеушілердің еңбек шығындарын қысқартуға, банк комиссияларының шығындарын оңтайландыруға, сондай-ақ төлем тізімдерін қалыптастыру кезіндегі қателіктер санын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл жаңалықтың теріс салдарлары жоқ", – деп түсіндірді Ұлттық экономика министрлігі.

Өзге елдер жұмысшы мен жұмыс берушіге жақ

Айта кету керек, жалақы қорына түсетін ауыртпалық посткеңестік кеңістікте дәл Қазақстанда аққұла ауыр. Мысалы, Арменияда бұл салада "салтанат салығына" ұқсас тетік қолданылады. Оларда табыс салығы және әлеуметтік қамсыздандыру жарналары ғана алынады. Нәтижесінде, жүктеме 150 мың драмға дейінгі табысқа 23%-ды құрайды. 150 мыңнан 2 миллион драмға дейінгі табысқа – 34,5 мың драм сомасында. 2 миллионнан асса 552,5 мың драм алынады. 1 АҚШ доллары 478 драмға тең. Бұдан ертеректе, 2020 жылғы 1 шілдеге дейін ең үлкен жүктемені 25 мың драмнан асыруға тыйым салынып келді. Осылайша, Арменияда еңбекақы қорына жүктеме табыс салығы бойынша 23-36%-ға, жұмыскерге жүктеме – 5%-ға тең.

Беларусьте ЕТҚ-ға салықтық жүктеме 13%-ды құрайды. Бұған қоса, жұмысшы да, жұмыс беруші де әлеуметтік сақтандыру жүйесіне жарна аударады. Бірақ жұмыс істейтін беларустықтар түрлі салықтық шегерімдерді қолданып, салықты мейлінше аз төлейді. Жұмыс берушілерге жүктеменің жоғарғы шегі – 28%.

Көрші Ресейде де жұмыскерлер сантүрлі шегерімдерді жиі пайдаланады. РФ-да қызметкерлер өз жалақысының 13%-ын салыққа төлейді. Түрлі сақтандыру жарналарының, соның ішінде РФ Зейнетақы қорына аударымдардың ауыртпалығы толығымен – жұмыс берушінің мойнында. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы жұмысшыларына, жеке кәсіпкерлерге, мүгедектерді жұмысқа алған кәсіпорындарға, заңдарда көрсетілген өзге де кәсіпорындарға төмендетілген жарна ставкасы қолданылады. Қорыта айтқанда, Ресейде жұмыскерге түсетін жүктеме 13% ғана, ал жұмыс беруші жүктемесі – 30%-ға дейін барады. Әйткенмен жұмыс берушілер де түрлі жеңілдіктер игілігіне ие.

Ал Қазақстанда жұмыс берушілер салықтық тексерулерден қаймығып, тіпті заңға сәйкес, "Отбасы банктен" тұрғын үй заемын алған жұмысшыларына да шегерім жасаудан қорқады. Салдарынан, елімізде шегерім игілігін пайдаланатын қызметкер кемде-кем.

Қазақстанмен салыстырғанда, бұл тұрғыда Қырғызстанның өзі жұмыс берушілер үшін әлдеқайда тартымды. Алатаудың ар жағындағы ағайын біз әлі күнге жыр етіп жүрген бірыңғай төлемге баяғыда көшіп алған. Көршіде еңбекақы қорына жүктеме жұмыскерлер үшін 10%-ды құрайды. Соның ішінде 8%-ы – Зейнетақы қорына, 2%-ы – Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорына аударылады. Ал жұмыс берушіге түсетін ауыртпалық небәрі 17,25%.

Жаңа төлем 4 млн адамды күнгейге шығара ма?

Ұлттық экономика министрлігінің ұсынуынша, Қазақстанда жаңа бірыңғай төлем сомасын ӘМСҚ, МӘСҚ секілді қорлар және бюджет бойынша бөлумен "Азаматтарға арналған Үкімет" мемкорпорациясы айналысатын болады.

Осылайша, заң қабылданғаннан кейін бір жыл ішінде еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктеме қазіргі 34%-дан 25%-ға азайтылмақ.

Бірақ ол 25 пайыздық сомадағы қорлар мен салықтардың үлесі қандай екенін министрлік әзірге жария етпеді. Ол схема Мәжілісте талқыға салынады.

Өз кезегінде "Атамекен" ұлттық палатасы еңбекақы қорына жүктемені азайту бизнестің өз қызметкерлерін "сұр сектордан", көлеңкеден күнгейге шығаруына түрткі болады деген болжамын жеткізді.

"Қазіргі 5 төлем орнына бірыңғай төлем енгізу ұсынылып отыр. Бұл өте маңызды бастама, ол бизнесті өз қызметкерлерін рәсімдеуге ынталандырады. "Атамекен" Үкіметпен бірге осы төлемді төлеу, еңбекақы қорына жүктемені есептеу тетігін әзірлеу бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл бизнес пен жұмыскерлер үшін ыңғайлы болады", – деген ұстанымын білдірген "Атамекен" ҰКП.       

Жалпы ЕТҚ-ға жүктемені азайтуды ұлттық палата бұрыннан мәселе етіп көтеріп, ілгерілетіп келеді. Бастаманы "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев әлденеше рет жариялады. 

Өйткені жете түсінбегендіктен әрі әкімшілендіру ісінің тым күрделі болуы кесірінен шағын және ұсақ кәсіпкерлер салық төлеуден барынша жалтарып бағады. Бұл проблема жайында "Атамекен" палатасының басшысы биылғы 4 маусымда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кәсіпкерлердің V республикалық форумында егжей-тегжейлі айтты. "Атамекеннің" бағалауынша, елдегі жұмыс істейтін 8,8 миллион адамның 4 миллионға жуығын бейресми еңбек ететіндерге жатқызуға болады: олар өз табыстарынан салықтар мен төлемдерді тұрақты түрде төлемейді.

Жаңа төлем шынымен еңбекақы қорына түсетін ауыртпалықты күрт азайтса, онда жұмыс берушілер үшін білікті, табысты, тиімді қызметкерлерге сыйақы беруге, жұмыскерлерін әлеуметтік қолдау шараларын қабылдауға мол мүмкіндік ашылмақ.

Атап өтетін жайт, жаңа бірыңғай төлемді шағын, микро, жеке кәсіпкерлер ғана қолдана алады. Ол орта және ірі кәсіпкерлерге қатысты болмайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу