Қазақстанда биткоин және басқасына қатысты қызықты талап енгізілді

1036

Қазақстандықтардың қайсысында қанша биткоин, мемкоин, альткоин, стейблкоин және басқасы барын құзырлы орган анықтауға кірісті.  

Қазақстанда биткоин және басқасына қатысты қызықты талап енгізілді Фото: drc.law

Көлеңкелі әлемдегі тыныштық бұзылды. Ендігі кезекте құзырлы органдар кімнің "сандығында" қанша цифрлық қазынаның тұнып жатқанын жіпке тізгендей анықтауға құлшына кірісті. Бұл – жай қызығушылық емес, мемлекеттің қатаң қабағы, қауырт қимылы, тұзақ талабы, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Қылмыстық биржа: арамдалған алаңда адал ақша бола ма?

Цифрлық активтердің сиқырына арбалып, қаржысын беймәлім платформаларға сеніп тапсыра беретіндер үшін "қоңырау" соғылды. Енді азаматтар платформа таңдағанда аса сақ болған жөн. Таяуда Қаржылық мониторинг агенттігі жойылған "RAKS Exchange" криптосервисінде жатқан 3,2 миллион USDT валюта мемлекет пайдасына тәркіленгенін жариялады.

Неге десеңіз, ведомствоның түсіндіруінше, ТМД кеңістігіндегі осы ірі көлеңкелі криптобиржа цифрлық активтер арқылы қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырумен, қылмыстық кірістерді жылыстатумен айналысқан.

"Аталған криптоалмастырғыш арқылы Қазақстан, Ресей, Украина және Молдова аумағында әрекет еткен 200-ден астам есірткі интернет-дүкендерінің транзакциялары өткен. Платформаның жалпы айналымы 224 млн доллардан асты. Ауқымды криптотергеу барысында Follow the Money тәсілі аясында есірткі құралдарының заңсыз айналымына, даркнет алаңдарының қызметіне қатысты 4 000-нан астам криптоәмиянға блокчейн-талдау жүргізілді. Криптотергеу нәтижесінде жалпы сомасы 9,7 млн USDT-тен асатын цифрлық активтер бұғатталды. Қазіргі кезеңде оның 3,2 млн-ы тәркіленді", – деп мәлім етті ҚМА.

Қалған сома да соның жолын құшуы ғажап емес. Өйткені ҚМА баспасөз қызметі "аталған бағыттағы жұмыс жалғасып жатқанын" хабарлады.  Сондықтан сарапшылар қаржысын цифрлық активке айырбастағысы келетіндерге криптоплатформаның беделіне үңіліп, тазалығына назар аударуға кеңес береді.

Блокчейндегі "бұғау": биткоин-бөгет пен бақылау-балтасы

Өз кезегінде Ұлттық банк те қарап қалмады: криптоплатформаларға арналған жаңа құжаттардың тұтас топтамасын қабылдады. Оның біріншісі осы сервистер мен биржаларға қатысты тәуекелдерді басқару талаптарын күрт күшейтті. ҚР ҰБ басқармасының 2026 жылғы 29 сәуірдегі №47 қаулысы осы мамыр айында күшіне енді.

"Ұлттық банк цифрлық активтер нарығының кәсіби қатысушылары  үшін тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру қағидаларын белгіледі. Құжат цифрлық активтерді айырбастау операторларына, цифрлық қаржылық активтер платформаларына және сауда алаңдарына қатысты", – деп түсіндірді макрореттеуші.

Қаулы криптоплатформаларды енді 4 маңызды бағытқа бағытталған қатаң ішкі бақылау жүйесін құруға міндеттейді:

  • Операциялық тәуекелдер: қызметкерлердің қателіктерінен, IT-жүйелер жұмысындағы іркілістерден немесе сыртқы оқиғалардан болатын шығындарды азайту;
  • Технологиялық тәуекелдер: жабдықтың істен шығуынан, байланыстың жоғалуынан немесе кибершабуылдардан келетін зиян ықтималдығын реттеу;
  • Ақпараттық қауіпсіздік: клиенттердің мәліметтері мен платформа активтерінің құпиялылығын және тұтастығын қорғау;
  • Техникалық бақылау: бағдарламалық-техникалық қамтамасыз етуге міндетті жыл сайынғы аудит жүргізу және есеп айырысу жүйелеріне тұрақты мониторинг жасау.

Құжатқа сәйкес, бұдан былай цифрлық активтер нарығының қатысушылары Қазақстанда мамандандырылған бөлімшесін құруға не мына функциялар үшін жауапты тұлғаларын тағайындауға міндеттелді:

  • тәуекелдер тізілімін әзірлеу, олардың деңгейін бақылау және басшылыққа есеп беру;
  • маңызды бизнес-процестердің қолжетімділігін қамтамасыз ету және платформаларға техникалық қолдау көрсету;
  • осал тұстарды бағалау және ақпараттық активтерді қорғау.

Бұл міндетін орындамаса, жұмысы Қазақстан аумағында заңсыз деп танылатын болады. Маңызды ескерту: криптоплатформаның тәуекелдерді басқару бөлімшесі IT-бөлімшесінен және ақпараттық қауіпсіздік қызметінен тәуелсіз жұмыс істеуге тиіс. Осы міндетті кейде бір қызметкерге жүктей салатын тәжірибе бар. Енді оған тыйым салынды.

Қаулы қолданысқа енгізілгенімен, Ұлттық банк саланы дағдарысқа ұшыратпау үшін өтпелі кезеңді белгілеп, бірқатар нормалар үшін ерекше режимді қарастырды. Нақтылағанда, 2026 жылғы 12 шілдеге дейін негізгі анықтамалар мен процедуралардың уақытша редакциялары қолданылады. Бұл нарық қатысушыларына ішкі саясаттарын жаңа қауіпсіздік және есептілік стандарттарына бейімдеу үшін уақыт береді.

Екінші құжат аясында реттеуші цифрлық активтер платформаларының операторлары үшін жазалау тәртібін анықтады. ҚР ҰБ басқармасының 2026 жылғы 29 сәуірдегі №49 қаулысымен криптонарықтың негізгі ойыншыларына – цифрлық қаржылық активтер платформасының және цифрлық активтердің сауда алаңдарының операторларына шектеулі ықпал ету шараларын қолдану қағидалары бекітілді.

"Шектеулі ықпал ету шаралары" деп әдетте, бұзушылықтардың ерте кезеңдерінде лицензияларды түпкілікті кері қайтарып алмай-ақ, компаниялардың жұмысын іс барысында түзетуге мүмкіндік беретін реттеуші құралдар аталады. Бұл орындалуға міндетті нұсқамалар, жазбаша ескертулер немесе платформалар жұмысында анықталған кемшіліктерді жою туралы талаптар болуы мүмкін.

Егер операторлар оларды елеусіз қалдырса, лицензиясынан айрылып, Қазақстан территориясындағы жұмысы заңсыз деп танылады. Қаулы 2026 жылғы 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді.

Орталық депозитарий – барша әмиянның айнасы

Ең қызығы – үшінші құжатта. Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменов пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова бірлескен қаулы қабылдады.

Бұл құжат "Цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының мәліметтерді бағалы қағаздардың орталық депозитарийіне ұсыну қағидаларын" бекітті. ҚР ҰБ сайтында 12 мамырда жарияланғанымен, онда бірлескен қаулы "2026 жылғы 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілетіні" жазылған.

Оған сәйкес, бұдан былай барлық цифрлық қаржы активтері платформаларының операторлары және цифрлық активтерді саудалайтын платформалардың операторлары Қазақстандағы әрбір крипто-инвесторға қатысты егжей-тегжейлі "жеке досье" түзіп, оны өзекті мәліметтерімен бірге ҚР ҰБ-тың Бағалы қағаздардың орталық депозитарийіне ұсынып тұруға міндетті болады.

Әрбір платформа, криптосервис, криптобиржа енді Цифрлық қаржы активтерін ұстаушыларды есепке алу жүйесін жүргізуге тиіс болады.  Сонымен, жаңа талап аясында бұлар цифрлық активі бар әрбір адамға қатысты жоғарыға келесідей ақпараттарды ұсынатын болды:

  • цифрлық қаржы активін ұстаушының тегі, аты және әкесінің аты,
  • жеке сәйкестендіру нөмірі,
  • бизнес-сәйкестендіру нөмірі,
  • тіркеу нөмірі,
  • иелігіндегі цифрлық қаржы активтерінің атауы (болған жағдайда),
  • цифрлық қаржы активтерінің саны мен түрі,
  • цифрлық қаржы активтері шығарылымының көлемі,
  • орталық депозитарийдің қағидалар жинағында белгіленген өзге де мәліметтерді ұсынады.

Бір ғажабы, макрореттеуші (ҚР ҰБ) пен қаржылық реттеуші (агенттік) криптоплатформалардан бұл деректерді жоғарыға беруін тездетуді талап етуде. Бір ай не бірер апта кідіртпей, қазақстандық цифрлық активтердің бірін сатып ала сала, шұғыл, тіпті түн ішінде хабар жолдауға міндетті. Бұл асыққан істің артында не мақсат тұрғаны нақтыланбады.

"Цифрлық қаржы активтері платформасының операторы Қағидалардың 3-тармағында көзделген мәліметтерді цифрлық қаржы активтерінің шығарылымы тіркелген күннен кейінгі 1 жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынады. Операторлар мәліметтерді Астана уақытымен сағат 00:00-дегі жағдай бойынша күніне 1 реттен сиретпей ұсынады", – деп қадап көрсетілген құжатта.

Ал, Орталық депозитарий осы мамырдан бастап өзіне тоқтаусыз лекпен ағыла бастайтын ақпараттар тасқыны негізінде "Цифрлық қаржы активтерін ұстаушылардың тізілімдері жүйесін" қалыптастырып, тұрақты жүргізуге кірісуде. Сондай-ақ әрбір қазақстандықтың әмиянын үнемі тексеріп, қандай активін сатып, табыс тапқанын біле алады.

"Орталық депозитарий шығару кезінде тіркелген (өтелгендерді шегергенде) цифрлық қаржы активтерінің жалпы көлемі мен цифрлық қаржы активтері платформасының және цифрлық активтердің сауда платформасының операторлары пайдаланушыларының, цифрлық қаржы активтері эмитенттерінің цифрлық активтерінің әмияндарындағы және цифрлық қаржы активтері платформасы мен цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының меншікті әмияндарындағы цифрлық қаржы активтерінің жиынтық саны арасындағы мәліметтерді салыстырып тексереді", – делінген қағидаларда.

"Сандық алтыннан" "оралған токенге" шейін: шындық пен шығын

Цифрлық активтер әлемі – тек биткоинмен шектелмейтін шексіз мұхит. Ол адамдар CoinMarketCap-тың алғашқы тізімдерінен көретін монеталардан әлдеқайда кең. Криптожүйені мыналар толықтырады:

Стейблкоиндер (Stablecoins)

Бұл – бағамы нақты валюталарға (доллар, еуро) немесе тауарларға (алтын) байланған активтер. Олар нарықтағы құбылмалылық кезінде нақты ақшаға шықпай-ақ, қаражатты тұрақты сақтау үшін қажет. Мысалы, Tether, USDC, DAI және басқасы.

Басқару токендері (Governance Tokens)

Бұл токендерге иелік ету қандай да бір жобаның тағдырына қатысты дауыс беру құқығын ұсынады. Бұл акцияларға ұқсайды, бірақ дивиденд алудың орнына, сіз жобаға қандай жаңартулар енгізу немесе бюджетті қалай жұмсау керектігіне дауыс бересіз. Мысалы: UNI (Uniswap), AAVE, COMP және басқасы.

NFT (Өзара алмастырылмайтын токендер)

Цифрлық өнер туындыларына, музыкаға, ойын заттарына немесе виртуалды жылжымайтын мүлікке иелік ету құқығын растайтын бірегей цифрлық сертификаттар. Әрбір NFT қайталанбас сипатқа ие және оны биткоин сияқты "ұсақтауға" болмайды.

RWA (Real World Assets) – Токенделген активтер

Нақты нысанның: жылжымайтын мүліктің, облигациялардың, АҚШ-тың қазынашылық вексельдерінің немесе физикалық алтын құймаларының цифрлық көшірмелері. Технология Лондонның элиталық ауданындағы үйдің бір бөлігін токен сияқты оңай саудалауға мүмкіндік береді.

Utility-токендер (Қызметтік токендер)

Олар экожүйе ішіндегі нақты қызметтерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мысалы, бұлтты қойманы, есептеу қуаттарын пайдалану немесе комиссияларды жеңілдікпен төлеу үшін қолданылады. Мысалды: BNB (Binance биржасы үшін), FIL (Filecoin), басқасы.

LST (Liquid Staking Tokens) – Ликвидті стейкинг токендері

Стейкингте "бұғатталған" монеталардың орнына берілетін токендер. Олар активтеріңізге стейкингтен табыс әкелуге мүмкіндік береді, сонымен бірге олар "өтімді" болып қала береді (оларды қайта сатуға немесе кепілге қоюға болады). Мысалы: stETH (Lido) және өзгесі.

Оралған токендер (Wrapped Tokens)

Бұл – бір желідегі монеталардың басқа желідегі "көшірмелері". Мысалы, сіз биткоинді тікелей Ethereum желісіне жібере алмайсыз, бірақ оның нақты биткоинмен 1:1 қатынасында қамтамасыз етілген "оралған" нұсқасын (WBTC) қолдана аласыз.

Жалпы алғанда, сарапшылар цифрлық активтердің келесі "қасиеттерін" ажыратады: биткоин бұл криптовалюта және жинақ, альткоиндер: технологиялық платформа (Ethereum, Solana), мемкоиндер: хайп пен қауымдастықтың ермегі (Dogecoin, PEPE), стейблкоиндер: тұрақтылық.

Біз бұл материалдың тек түсіндіру мақсатын ғана көздейтінін және инвестициялық кеңес саналмайтынын ескерткіміз келеді. Цифрлық актив табыс қана емес, қып-қызыл шығын әкелуі мүмкін. Сондықтан сарапшымен кеңеспей, сандық әлемге секіру – түбі көрінбейтін құдыққа құлаумен тең.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу