Қазақстанда 2026 жылы құрылыс және жөндеу жұмыстары рекордтық 11 мың шақырым автожолды қамтыды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мәліметке сәйкес, оның 3,4 мың шақырымы республикалық маңызы бар жолдарды салу және реконструкциялауға, 5 мың шақырымы республикалық трассаларды күрделі және орташа жөндеуге, ал 2,4 мың шақырымы жергілікті маңызы бар жолдарды жаңартуға бағытталған.
Сондай-ақ ақылы жолдар желісі кеңейтілмек. Жақын уақытта жалпы ұзындығы 1,6 мың шақырым болатын алты жаңа бағыт – Қарағанды–Балқаш, Бурылбайтал–Күрті, Ақтөбе–Қандыағаш, Талдықорған–Өскемен, Атырау–Астрахан және Мерке–Шу ақылы болады. Нәтижесінде еліміздегі ақылы жолдардың жалпы ұзындығы 4,9 мың шақырымнан 6,7 мың шақырымға дейін ұлғаяды.
Үкіметтің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында көліктің барлық түрімен тасымалданған транзиттік жүк көлемі 21,7 млн тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24%-ға артқан.
Авиация саласында Қазақстанның әуе паркінде 111 ұшақ бар. Биыл парк бір Airbus A321 neo және екі Boeing 737 MAX 8 ұшағымен толықты. Сонымен қатар Арқалық әуежайын қалпына келтіру, Зайсан, Қатонқарағай және Кендірлі әуежайларын салу, сондай-ақ Алматы, Шымкент, Павлодар және Үржар әуежайларын жаңғырту жобалары іске асырылып жатыр.
Теміржол саласында да оң өсім байқалады. Қаңтар–маусым айларында 157,1 млн тонна жүк тасымалданып, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5%-ға көп. 2029 жылға дейін 11 мың шақырым теміржолды жөндеу жоспарланған, оның 5 216 шақырымы жаңартылып үлгерді.
Бұдан бөлек, "Достық – Мойынты" теміржолының екінші желісі пайдалануға беріліп, "Қызылжар – Мойынты" желісінің құрылысы басталды. Сондай-ақ Ақтау теңіз портындағы контейнерлік хабтың құрылысы аяқталып, 2028 жылдың соңына дейін пайдалануға берілетін сегіз жаңа кеменің құрылысы қолға алынды.