Қазақстанда бизнес саласында 4 миллионнан астам адам жұмыс істейді

781

Форумға Қазақстанның барлық өңірінен 450-ден астам ШОБ өкілі қатысты.  

Қазақстанда бизнес саласында 4 миллионнан астам адам жұмыс істейді Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов шағын және орта бизнес форумына қатысты, онда кәсіпкерлікті дамыту мәселелері көтерілді, отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік қолдауды жетілдіру бойынша қабылданған шаралар атап өтілді, сондай-ақ еліміздегі іскерлік ахуалды одан әрі жақсарту идеялары айтылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Микро, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, елішілік құн үлесін арттыруға, қызметтерді цифрландыру арқылы әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге, инвестициялық жобаларды іске асыруға, ОТӨ-нің экспорттық әлеуетін кеңейтуге және басқа да мәселелерге назар аударылды.

Олжас Бектенов Мемлекет басшысы "Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм" атты Жолдауында қойылған міндеттерді іске асыру шеңберінде Үкімет іскерлік белсенділікті арттыру және бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау жөнінде кешенді жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

 Мәселен, өткен жылдан бастап енгізілген "таза парақтан" реттеу қағидатына сәйкес, бизнеске қойылатын жаңа реттеуші саясаттың базалық шарттарына сай келмейтін 10 мыңнан астам талап жойылды. Шағын және орта кәсіпкерліктің басым салаларын қолдау мақсатында қаржылық шаралар іске асырылып келеді. Екінші деңгейлі банктер несиелерін субсидиялау және ішінара кепілдік беру аясында қолдау шаралары 2019 жылдан бері 5 есеге өсіп, 150 мыңнан астам жобаны құрады. Төленген субсидиялар көлемі 8 есеге артты.

 Тұтастай алғанда, қабылданып жатқан кешенді шаралардың нәтижесінде ел экономикасындағы ШОБ үлесі 37%-ға дейін өсті. Бүгінгі таңда бизнес саласында 4 млн-нан астам азамат жұмыс істейді. Өткен жарты жылда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 34 трлн теңгенің өнімін өндірді. Өсім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 20%-ды құрады.

"Президент отандық бизнеске және инвесторларға жол ашу – Үкімет пен барлық мемлекеттік органдардың міндеті екенін нақты айтты.  Біздің мақсатымыз – бизнес өзін нық сезінетін, сондай-ақ өз идеяларын жүзеге асыруға, өндірістерін кеңейтуге және болашаққа инвестиция салуға мүмкіндік беретін экономика құру. Бұл ретте әрбір кәсіпкердің мемлекеттік органдармен арадағы өзара іс-қимылдың ашықтығына және жеделдігіне сенім артуы маңызды. Біз жаһандық сын-қатерлер мен жедел технологиялық прогресс жағдайында кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін дамытып қана қоймай, экономикамызды белсенді түрде әртараптандыруымыз қажет екенін түсінеміз. Бұл орайда бизнестің рөлі өлшеусіз", — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін АӨК саласынан айқын байқауға болатыны атап өтілді. Биыл көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдікпен несие беру 2,5 есеге артып, 580 млрд теңгені құрады. бұл ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық түрі бойынша жоғары өнім алуға мүмкіндік берді. Премьер-министр ШОБ саласындағы осындай көрсеткіштерге қол жеткізу келешегін атап көрсетті. Бұл ретте мемлекеттік қолдау бизнестің қарсы міндеттемелерін де білдіреді, яғни ішкі нарықты сапалы әрі қымбат емес өнімдермен қамтамасыз ету, қайта өңдеу көлемін арттыру, тұрақты жұмыс орындарын құру және экспортты ұлғайта отырып, өндірісті біртіндеп ірілендіру мәселелеріне көңіл бөлінуге тиіс.

Ірі бизнес төңірегіндегі ШОБ белдеуін дамытудың елеулі әлеуеті белгіленді. Ірі кәсіпорындар жергілікті компаниялармен ұзақмерзімді келісімшарттар жасасуы керек. Бұл мемлекеттік қолдауға ие болудың міндетті шартына айналады. Барлық даму институттарына тиісті тапсырмалар берілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу