ҚФБ баспасөз қызметі мәлім еткендей Ресми келісімге Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінде Халықаралық бокс қауымдастығының (IBА) вице-президенті Абдулмуталим Абакаров пен Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев қол қойды.
Әйелдер арасындағы бокстан Әлем чемпионаты 2024 жылдың қазан айында Астанада өтеді. Бұл жарыстарды Қазақстанда өткізу туралы шешімді IBA директорлар кеңесі Ташкентте-2023 Әлем чемпионатындағы ресми отырысында қабылдады.
"Астанадағы бокстан Әлем чемпионаты Қазақстандағы осы спорт түрінің күші мен рухын тағы бір рет көрсетудің тамаша мүмкіндігі! Еліміз бокстан негізгі жарысты лайықты түрде алып отыр. Оған себеп – жерлестеріміздің әлемдік рингтегі жоғары нәтижелері. Шаршы алаңдағы жұлдыздарға қарай отырып, бізде өскелең ұрпақ өкілдерінің жаңа толқыны өсіп шығатыны сөзсіз", - деді ҚБФ президенті Кеңес Рақышев кездесуден кейін.
Бірінші орын үшін ұйымдастыру комитеті боксшыларға 200 000 доллар береді, ал жалпы жүлде қоры барлық 12 салмақ бойынша 4,8 миллион долларды құрайды. Бұл сомаға ұлттық құрамалардың бас бапкерлеріне тиесілі 10% кіреді.
Айта кетейік, Қазақстанның астанасында бұған дейін 2016 жылы әйелдер арасындағы бокстан Әлем чемпионаты өткен болатын.