Бұл пікірді Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің ғылыми қызметкері Ғани Назарбек айтып отыр.
Inbusiness.kz сайтының тілшісі табиғат зерттеушісімен әңгімелесіп, қызғалдаққа қатысты біршама қызықты дерекке қол жеткізді.
Табиғатпен тілдесетін маман "еліміз "жасыл алтынға" көп көңіл бөліп, "қызғалдақтар елі" саналатын Голландияның гүл саудасын тоқтататындай мүмкіндікке ие" деп есептейді.
Қазақстанда қызғалдақтың 42 түрі бар
– Қызғалдақтар негізі ақпан айының соңында шыға бастайды. Ол күн райына да байланысты. Негізі, біраз жылдан бергі бақылауымызша, ақпан айының соңында бізде (Түркістан облысы – ред.) Бузе деген қызғалдақ шыға бастайды. Ол биыл наурыз айының алғашқы он күндігінде ашылды. Ал Жамбыл облысының Жуалы ауданында Малик Нукусбеков деген ағамыз ақпан айының соңында Тікаяқ қызғалдағын фотоға түсірді. Одан кейін Корольков деген қызғалдақ ашылады. Оның артынан жаппай басқа да қызғалдақтың түрлері бой көтере береді. Жалпы, Қазақстанда қызғалдақтың 42 түрі бар деп жүрміз. Өйткені, жаңадан бірнеше түрі қосылды, әсіресе Алматы өңірінен. Ал Түркістан облысында қызғалдақтың 12 түрі бар, – дейді Ғани Назарбек.
Грейг қызғалдағы
Сөз арасында табиғат жанашырынан қызғалдақтың қазақша атаулары қаншалықты көп не аз екенін сұрадық.
– Енді, қазақша дегенде, бұрын біз Коуфман деп атап жүрген қызғалдақты соңғы жылдары ғалымдар өзгертіп, Берікқара қызғалдағы деген атау берді. Бұдан бөлек, Түркістан қызғалдағы деген бар. Өсімдіктерде Түркістан деген атау баршылық, – деді сұрағымызға орай ол.
Қызғалдақтардың көпшілігі "Қызыл кітапқа" енген. Кейіпкеріміз қазіргі уақытта жасырын жолдармен шетелге шығарылмаса, қызғалдақтарды ашық сату дерегін байқамағанын айтады. Яғни, өңірде жаппай тамырын қазып, сатып жатқандар кездеспейді.
Корольков қызғалдағы
Қызғалдақ арқылы елімізге туристердің үлкен тобын тартуға болады
Қызғалдақ – Қазақстанның жасыл алтыны. Олай деуге негіз бар.
– Бұл ғалымдардың арасында ғана, шағын топтардың айналасында ғана айтылады. Мұны туристер расында да білмейді. "Қызғалдақтың отаны – Қазақстан" деу үшін, біз ең бірінші оны зерттеуіміз, насихаттауымыз керек, – дейді Ғани Назарбек.
Табиғат жанашыры қазір қызғалдақты жұлу әрекеті біршама басылғанын жеткізді. Әрине, әлде де оны жұлып жатқандар кездеседі, біреулер қасақана істесе, кейбірі қызғалдақты жұлу қылмыс екенін расында да білмейтін болып шығады.
Берікқара қызғалдағы
Соңғы жылдардағы БАҚ өкілдері, әлеуметтік желі белсенділері мен табиғат жанашырлары мұны қатты бөлісіп, айтып жүр. Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің ғылыми қызметкері "қызғалдақты жұлуды сирету үшін әлі де 4-5 жыл уақыт керек сияқты" деп есептейді.
Елдегі, әсіресе Түркістандағы қызғалдақтар қазір жақсы өсіп жатқанға ұқсайды, таралуы жаман емес. Кейіпкеріміз бір қызғалдақтың өзімен бір маусымда туристердің үлкен тобын тартуға болатынын ашық айтып отыр.
Қазақстанның қызғалдаққа көңіл бөліп, Голландияның саудасын тоқтататындай мүмкіндігі бар
Табиғат жанашыры Ғани Назарбек "қызғалдақтарға мемлекеттік деңгейде көңіл бөлсек, көл-көсір пайдаға кенелеміз" дейді.
Оның сөзінше, қазір "Қызғалдақтар елі" саналатын Голландиядағы гибридтер мутацияға ұшыраған. Сондықтан, олар қызғалдақтың әдемі түрін шығара алмай жатыр.
– Ең біріншіден, біз "голландиялық қызғалдақ" дейміз. Кешегі 8 наурызда неше түрлі қызғалдақтар сатылды, миллиардтаған қызғалдақ! Ол – әлемде саны жоқ қызғалдақтар. Бәрі негізінен Голландияда өсіріледі. Ондағы қызғалдақтар – біздің тұқым. Қазақ даласынан кеткен, Орта Азиядан барған. Олар қазір гибриді мутацияға ұшырап, әдемі түрін шығара алмай отыр. Бұл бойынша бізде мүмкіндік көп. Өзіміздің даламызда өсіп тұрған дүние ғой. Оны алып, жылыжайларда өсіріп, далада өсіріп, әлемге қызғалдақтың мәдени түрін тарататындай, сататындай мемлекетке айналуымызға болады. Бұған көп уақыттың керегі жоқ. Бұған үкіметтік деңгейде 3-4 жыл көңіл бөлінетін болса, кәдімгідей жер-жаһанға қызғалдақтың бір эволюциясын жасап шыға аламыз. Өйткені, біздің Голландияның саудасын тоқтатып тастауға мүмкіндігіміз бар, – дейді ол.
Тікаяқ қызғалдағы
Бүгінде Еуропа, Америка құрлығы мен Шығыс Азия елдерінің туристері ойын-сауыққа негізделген туризмнен бас тартқан. Оған біраз жыл болды. Олар танымдық саяхатқа көбірек мән береді. Яғни, табиғатпен байланысты саяхаттардан қалмайды. Мұндай кеңістікті пайдаланып қалу керек.
Қазір мүмкін еместей көрінетін нәрсе жоқ. Бәрі мүмкін. Құндылықтар өзгерді. Түсінгеніміз, қолда барды қадірлеп, ұқсата алсақ, қызғалдақтан да көп пайда табуға болатын секілді.
Фото авторы: Малик Нукусбеков