Қазақстанда жаңа айыппұлдар пайда болды

467

Көрші пәтердегі "үлкен аға" енді үстіңізден домалақ арыз жаудыруы мүмкін.

Қазақстанда жаңа айыппұлдар пайда болды Фото: canva

2025 жылғы 30 желтоқсанда 3 заңнан тұратын топтамаға қол қойылған еді. Пакетке "Құқық бұзушылық профилактикасы туралы", "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне құқық бұзушылық профилактикасы және ҚР заңнамасының жекелеген салаларын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" және "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңдары кірді.

Алайда толыққанды іске қосу үшін 60 күндік өтпелі кезең белгіленген болатын. Бұл мерзім аяқталып, 2026 жылғы наурызда осы нормативтік актілердің барлығы өмірге жолдама алды.

Шериф функциялары бар әкім

Заңнамалық түзетулер қоғамды бақылау архитектурасын танылмастай өзгерткелі тұр. Жергілікті атқарушы органдар абаттандыру талаптарын бұзушыларға қарсы "майдан" ашады.

Бұрын абаттандыру ережесін бұзғаны, жерге темекі тұқылын тастағаны, ауласындағы қарын сүрмегені, көшедегі орындықты сындырғаны, билбордты сызғаны, қабырғаға графити салғаны және басқа да ұсақ бұзақылық үшін айыппұл салып, жазалау тек полицияның құзыретінде еді. Жаңа заңнамалық өзгерістерге сәйкес 2026 жылғы наурыздан бастап бұл құқық әкімдіктерге де берілді.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің түсіндіруінше, бұл әрекет ету жеделдігі мен тиімділігін арттырады. Нәтижесінде, онсыз да әкімшілік функциялардың ауыр жүгінің астында қалған әкімдіктерден енді іс жүзінде муниципалдық менеджер мен жергілікті полиция институтының қызметін қатар атқару талап етілуі мүмкін.

"Абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтілді. 2026 жылғы наурыздан бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске қалалар мен елді мекендерді абаттандыруды бақылауды күшейтуге бағытталған өзгерістер күшіне енді. Заңмен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және барлық облыстардың жергілікті атқарушы органдарына ӘҚБтК-нің 434-2 және 505-баптары бойынша, яғни, қоғамдық орындарды ластағаны және абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік хаттамалар толтыру құқығы берілді. Бұрын бұл шаралар тек ішкі істер органдарының өкілеттігіне жататын", – деді ведомство.

Министрліктің түсіндіруінше, жаңа өкілеттіктер рұқсатсыз қоқыс тастау, жасыл желектерді бүлдіру, қалалық инфрақұрылымды зақымдау және басқа да құқық бұзушылықтарға тез әрі тиімді ден қоюға мүмкіндік береді.

Ведомство әсерлі статистика келтірді. 2025 жылдың өзінде әлгі баптарда қарастырылған құқық бұзушылықтар үшін жарты миллионнан аса қазақстандық – 591 мыңнан астамы жазаға тартылды: 189 мыңнан астамы – қоғамдық орындарды ластағаны үшін, тағы 403 мыңнан астамы – абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілік арқалаған.

Бірақ ресми мәліметте бұлайша жаппай жазаланардай ол адамдардың не істеп қойғаны нақтыланбайды. Соған қарамастан, халықтың қалтасын біраз қағыпты. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 5,2 миллиард теңгені құрады. Жаңа заң аясында жазалауға уәкілетті тұлғалар саны күрт артады. Ендеше бұл көрсеткіштердің азаймайтынын болжау қиын емес. Керісінше, жыл қорытындысында еселеп ұлғаюы мүмкін.

Министрлік заңмен көзделген "жаңа шаралар құқық бұзушылықтардың алдын алу тиімділігін арттырып қана қоймай, "Таза Қазақстан" бағдарламасы аясында экологиялық мәдениетті дамытуға да ықпал етеді" деп сендірді.

Әкімдер әзірге әліптің артын бағуда

Жаңа заң бойынша өкпесінен өңешіне кенеттен лықсып келген қақырықты кері жұтпай, жасыл алаңдағы футболшылар сияқты жерге түкіре салған адамның жеңінен погоны жоқ адам – әкімдіктің қызметкері шап беріп ұстап, дереу хаттама толтырып тастауға тиіс еді. Әзірге шаһарлардың көшелерінде ондай белсенділік байқалмайды. Бәлкім, бәрі алда болса керек.

Сонымен, жаңа ережелер күшіне енген алғашқы ай аяқталуға жақындағанымен, жергілікті шенеуніктер құзырын тұрғындарға құрықтай сілтеуге асығар емес. Өздеріне жүктелген жаңа тарихи рөлдің ауқымдылығынан үркіп, белгілі бір абыржу танытуда.

Тіпті еліміздің ең ірі мегаполисінде де әлі "ұйымдастыру дайындығы" жүріп жатқан көрінеді: тыныштықтың мән-жайын сұрастырған Orda.kz редакциясының сауалына Алматы қаласының экология және қоршаған орта басқармасы жауап қатты. Онда ведомство қалада жаңа өкілеттіктерді атқаратын лауазымды тұлғалардың тізімін анықтау әзірге аяқталмағанын жеткізді.

Сондай-ақ ол тұлғаларды қалай қимылдау керектігі бағытында оқыту жүргізіліп, жаңа ережелердің егжей-тегжейі түсіндіріліп жатқаны алға тартылды. Бір қызығы, бұл өкілеттікті атқарудан Алматы әкімі аттонын ала қашқандай: оның орнына хаттама толтыруды әкімдік басқармаларына, аудандық әкімдіктерді қоса алғанда, жергілікті атқарушы органдардың уәкілетті қызметкерлеріне сырғытқан.

Сонда 2026 жылғы наурыздан бастап, мегаполистер мен облыс әкімдіктерінің қай қызметкерлері қоқыс үшін айыппұл жаза алады? Абаттандыру бөлімдерінің мамандарынан бастап, ТКШ инспекторларына дейін және әкім тиісті өкілеттік жүктеген кез келген әкімдік қызметкері қоғамдық орындарды ластау және абаттандыру ережелерін бұзу бойынша әкімшілік хаттамалар толтыру құқығына ие болады.

Жазалау үшін қарастырылған құқық бұзушылықтардың тізімі ұзын көрінеді: белгіленбеген жерге қоқыс тастаудан бастап қоғамдық орындарды ластауға, абаттандыру нысандарын бүлдіруге, аулалардағы қарды тазаламауға, жасыл желектерді жоюға немесе бүлдіруге дейін және тағы басқалар қамтылды.

"Құқық бұзушылық профилактикасы туралы" заңымен "қоғамдық орындарға" не кіретіні нақтыланып, негізгі тізімі берілді:

      1) білім беру және демалу ұйымдары;

      2) денсаулық сақтау ұйымдары;

      3) көпшілікті тамақтандыру пункттері;

      4) кинотеатрлар, театрлар, цирктер, концерт, тамашалау және көрме залдары, спорт ареналары және жалпы көпшіліктің демалуына арналған басқа да жабық құрылысжайлар, түнгі клубтар мен дискотекалар;

      5) музейлер, кітапханалар мен лекторийлер;

      6) жергілікті және алыс қатынастағы пойыздар, әуе, теңіз және өзен көлігі кемелері, қалалық, қалааралық автобустардың, маршруттық таксилердің және қалалық электр көлігінің салондары;

      7) әуежайлардың, теміржол, автомобиль және су вокзалдарының ғимараттары, теміржол вокзалдарының перрондары және метрополитендер;

      8) рұқсаттамалық режимді пайдаланбайтын мемлекеттік органдар мен ұйымдардың үй-жайлары;

      9) бұзақылық жасалған жағдайларда еңбек ұжымдары жұмыс істеу үшін пайдаланатын рұқсаттамалық режимі бар объектілердегі жұмыс орындары болып табылатын үй-жайлар;

      10) үйлердің кіреберістері;

      11) өзге де орындар жатады.

Айыппұл мөлшері құқық бұзушының санатына – жеке тұлға ма, әлде кәсіпкерлік субъектісі ме, соған байланысты болады. Белгіленбеген жерге қоқыс тастағаны үшін қандай айыппұл қарастырылған:

  • бірінші рет бұзғаны үшін – 10 АЕК (2026 жылы 43 250 теңге) немесе 50 сағат қоғамдық жұмыс;
  • бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін – 20 АЕК (86 500 теңге) немесе 80 сағат қоғамдық жұмыс.

Билік жаңа шаралар қалалардың санитарлық жағдайын бақылауды күшейтіп, азаматтардың жауапкершілігін арттырады деп есептейді.

МИБ төрағасы: басқарушы ма, бақылау агенті ме?

Ең қызықты өзгеріс – мүлік иелері бірлестіктерінің төрағаларына жаңа функциялардың берілуіне қатысты. Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева жаңа түзетулерге сәйкес МИБ басшылары тарихта тұңғыш рет "құқық бұзушылықтардың алдын алуға жауапты субъекті" ретінде бекітіліп, тиісті өкілеттіктерге ие болғанын мәлімдеді.

"Мысалы, олар қандай да бір тұрғынның қоғамдық қауіпсіздікке төндіретін қауіп-қатерін немесе оның құқық бұзушылыққа бейімділігін бағалау сияқты функцияларды жүзеге асыруы керек. Алайда МИБ төрағалары – азаматтық тұлға. Олардың негізгі міндеті – тек тұрғын үйді басқару бойынша шаруашылық және ұйымдастырушылық функцияларды орындау. Біреудің үйін су басса, аула қардың астында қалса, шатыр жарылса, жөнге келтіру. Олар құқық қорғау жүйесінің қызметкерлері емес. Ал, мына жаңа міндеті азаматтық-құқықтық табиғатқа жат. Мұндай өкілеттік пен функциялардың берілуі тұрғындардың жеке өміріне шексіз-шекарасыз араласуына соқтыруы мүмкін деген алаңдаушылық бар", – деді депутат Смышляева.

Бұл жерде қауіпті когнитивтік қайшылық туындайды. МИБ төрағасы – форма киген құқық қорғау қызметкері мәртебесі жоқ қарапайым азамат әрі сіздің көршіңіз. Енді одан басқа көршілерінің құқық бұзушылыққа қаншалықты бейімділігін бағалау сұралады. Сарапшылардың түсіндіруінше, классикалық құқықтық жүйелерде мұндай функцияларды орындайтын адамдардан арнайы дайындықтан өтуі немесе кем дегенде институционалдық шектеулерді сақтай білуі талап етіледі.

МИБ төрағасынан көршілердің не істеп, не қойып жүргенін бақыла, тіпті олардың үстінен құзырлы органға домалақ арыз домалат деп талап етудің ақыры қарапайым тұрғын үйді тұрақты жанжал алаңына айналдырып жіберуі мүмкін, дейді Мәжіліс депутаты: "Төрағалар тұрғындармен шексіз қақтығыстарға тартылып кетуі мүмкін. Онсыз да төраға болғысы келіп, бұл қызметке таласып, кезекке тұрғандар көп емес", – дейді Смышляева. Айтпақшы, алаңдағанына қарамастан, ол былтыр осы заңды қолдап, дауыс бергендердің қатарында.

"Таза Қазақстан" философиясы: профилактика – бәріне ортақ

Ішкі істер министрі Ержан Саденов Парламентте жаңа философияны бір ауыз сөзбен нақты тұжырымдап берді: "бұдан былай профилактикамен барлығы айналысады!". Меморгандар – өздеріне жүктелген салаларда, МИБ – тұрғын үйдің іші мен айналасында, мектеп, аурухана және басқа ұйымдар – сеніп тапсырылған объектілерде.

Бұл жұмысты үйлестіруді Үкімет жүзеге асырады, ал, бақылау ведомствоаралық комиссия арқылы жүргізіледі.

"Бұл енді мемлекеттік органдардың міндеті болады. МИБ те профилактика құқығына ие. Меморгандар бойынша қызмет түсінікті: әрқайсысы өз секторы аумағында айналысады. Барлығын Үкімет бақылайды. Қорытындысы бойынша Ұлттық баяндама жасалады. Реттеуді ведомствоаралық комиссия (ВАК) жүзеге асырады. Мемлекеттік емес сектордың жұмысын әкімдіктер жанындағы комиссиялар және қоғамның өзі үйлестіреді", – деп түсіндірді ІІМ басшысы.

Министр тұрғындарды мүлік иелері бірлестіктерінің төрағасынан өзіне жүктелген профилактикамен шындап шұғылдануын талап етуге үндеді. Әйтпесе, азаматтар ұнамсыз теріс нәрселер, құқық бұзушылықтар туралы үй чатына жазады, төраға тарапынан реакция бола бермейді. Тұрғындар шағымына жауап қату енді оның заңды міндеті.

Яғни, министрдің мәліметінше, қалалықтар МИБ-тен тек кондоминиумге қатысты шаруашылық тиімділікті ғана емес, сондай-ақ нақты профилактикалық әрекеттерді де талап етуге құқылы. Мәселен, түнгі шуды тоқтатудан бастап, белгіленбеген жерге қоқыс тастаудың алдын алуға дейін және өзге мәселелер.

"Заңда белгілі бір деңгейде мемлекеттік емес сектор үшін де жауапкершілікті қарастыру қажет. Жалпы, жергілікті қоғамдастық бақылау жүргізе алады. Біз халық арасында енді олардың МИБ-тен нені талап етуге құқығы бар екенін түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз", – деді министр Саденов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу