Қазақстанда COVID-19 вакцинасы зауытының құрылысы басталады

2377

Оған Үкімет резервінен шұғыл түрде қаражат бөлінетін болды. 

Қазақстанда COVID-19 вакцинасы зауытының құрылысы басталады

Қазіргі кезде еліміз COVID-19 пандемиясына қарсы төрт вакцина-кандидатты әзірлеп жатыр. Оның ішінен ең тиімдісі таңдап алынады.

БҒМ-ге қарасты Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты SARS-CoV-2 вирусының қазақстандықтар бойынан алынған жергілікті штаммымен биологиялық қауіпсіздіктің 3-ші деңгейіндегі лабораторияда жұмыс жүргізіп жатыр. Жақында олардың жетістіктерімен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев танысты.

Институттың бас директоры Күнсұлу Закарьяның айтуынша, вакцина жасау жұмыстары тәулік бойғы режимде іске асырылуда. Бұл істе ҒЗИ ғалымдарына Ұлттық биотехнологиялар орталығы көмекке келіп, бірлесе әрекет етуде. Жалпы алғанда, төрт кандидаттық вакцина дайын болуы тиіс, оның екеуі бағдарлы-векторлы, тағы екеуі вирустың S-ақуызы фрагменттері негізіндегі субдербес  вакцина болмақ. "Клиникаға дейінгі" және "клиникадан кейінгі", яғни зертханалық жануарларға жасалатын сынақтан бастап, ерікті сырқаттарға сынақтардың бәрі аяқталғаннан кейін вакциналардың тек ең тиімдісі әрі қауіпсізі ғана өндіріске қойылуы тиіс.

Осы дәрі-дәрмекті өндіріске қоюға қажетті биофамацевтикалық зауыттың құрылысын Үкімет қазірден қолға алып отыр. Кәсіпорын Жамбыл облысының Қордай ауданында орналасқан Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты жанынан бой көтереді деп жоспарлануда. Жаңа зауыт халықаралық GMP стандарттарына сәйкес келетін вакцина шығару үшін керек. Сонда оның өнімін шет мемлекеттер де сатып ала алатын болады. Егер жоғары тиімділігі дәлелденсе, отандық COVID-19 вакцинасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы миллиондаған долларға сатып ала бастауы да ғажап емес.

Осы орайда Білім және ғылым министрлігі "Қазақстан Үкіметінің резервінен қаражат бөлу туралы" Үкімет қаулысының жобасын жариялады.

"Жамбыл облысының әкімдігіне жобалық құжаттаманы әзірлеу және БҒМ Ғылым комитетінің "Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны аумағында "өндірістік практиканың талаптары мен стандарттарына" (GMP) сәйкес келетін, иммунобиологиялық препараттар шығаратын биофармацевтикалық зауыттың құрылысын бастау үшін Үкіметінің шұғыл шығындарға арналған резервінен қаражат бөлінсін", – делінген құжатта.

Зауыттың жобалық құжаттамасына және құрылысының бірінші кезеңіне Үкімет резервінен 685,8 миллион теңге бөлінгелі тұр.

Кәсіпорын құрылысының жедел әрі тоқтаусыз жүруін қадағалау Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа жүктелетін болды. Таяуда Бердібек Машбекұлы өз орынбасарын, Қордай ауданының әкімін, сонымен қатар облыстық, аудандық әкімдіктердің аппараттары мен жергілікті БАҚ өкілдерін ертіп, ол жаққа үлкен делегациямен барды, дайындықты тексеріп қайтты. Әкімқаралардың болашақ стратегиялық зауыт алаңына барыс-келісі енді тек жиілемек.

Ал жаңа қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бөлінген қаражатты әлдекімдер талан-таражға салмай, мақсатына пайдаланылуын қамтамасыз етуге жауапты болып белгіленді.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов шағын түсініктеме беріп, вакцина зауытының қажеттілігін сөз етті.

"Отандық иммунобиологиялық препараттарды жеткілікті мөлшерде шығару және осындай препараттардың шетелдік импортына тәуелділікті жою аса маңызды. Осы арқылы қауіпті биологиялық факторлардың ықпалынан халықтың қорғалуын қамтамасыз етеміз, соған жағдайлар жасалады. Еліміз пандемиялық вирустарға қарсы вакциналардың тұрақты стратегиялық қорына ие болады. Қазақстанның биологиялық қауіпсіздігі артады. 685 миллион 864 мың теңге біздің Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты территориясында иммунобиологиялық препараттар, соның ішінде COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы вакцина жасайтын биофармацевтикалық зауыттың құрылысын бастау үшін бөлініп отыр", – деді ведомство басшысы.

Қазақстандық вакцина шетелдік баламаларынан арзан әрі тиімдірек болуы тиіс деген талап қойылған көрінеді.

Аталған институт ғалымдары жалғыз коронавирус қана емес, өзге де адам және мал індеттерімен күреске сүбелі үлес қосып келеді. Ол жыл сайын қауіпті және аса қауіпті инфекцияларға қарсы 27 миллион доза әртүрлі вакцина жеткізеді. Мысалы, ҒЗИ нодулярлық дерматитке қарсы шетелдік баламаларынан үш есе арзан вакцина жасап шыққан. Оны ендіру арқасында бюджет 2 миллиардтай теңге үнемдеген екен.

Отандық осы ғылыми мекеме елге бұдан да зор пайда әкелуге қауқарлы. Бірақ өз өнімдерін өнеркәсіптік ауқымда шығаруға мүмкіндік беретін зауыты жоқ. Сондықтан Үкімет отандық төл иммунобиологиялық препараттар өндіретін жеке биофамацевтикалық кәсіпорын салуға бел буды.

Жоба бойынша оның қуаты жылына әртүрлі вакцинаның 60 миллион дозасын өндіруге жетуі тиіс. Зауытты тұрғызып, жабдықтау 3,5 миллиард теңгені қажет етпек. Кәсіпорынды іске қосып, ісін жолға қою үшін барлығы бар көрінеді: жоғары білікті кадрлар даярланған, Қазақстан микроағзалардың бірегей жиынтығын жинап үлгерді, заңмен қорғалған зияткерлік меншік пен өнертабыстарға ие. Енді тек COVID-19 індетіне адамға қауіпсіз сипатта қарсы тұра алатын пәрменді, отандық вакцинаның таңдап алынуын күту қалады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу