"Қазақстанда дәрі-дәрмекке тапшылық жоқ"

5365

Тегін берілетін дәрілер тізімі ұлғайды.  

"Қазақстанда дәрі-дәрмекке тапшылық жоқ"

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Людмила Бұйрабекова балалар 18 жасқа толғанша тегін дәрі-дәрмек алуға құқылы екенін айтты.

"Биыл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізіліп, тегін берілетін қызметтер тізімі ұлғайды. Бұрын 450 түрлі дәрі-дәрмек тегін берілсе, қазір 715 түрі таратылады. Бұрын тегін дәрілерді балалар тек 5 жасқа дейін ғана алатын. Ал бұдан былай 18 жасқа дейінгі балалар да тегін дәрі алатын болды. Бұйрық 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Дәріханаларды көптеген дәрі-дәрмекпен бірыңғай жеткізуші қамтамасыз етеді", – деді Людмила Бұйрабекова.

Бірыңғай дистрибьютор "СҚ-Фармация" ЖШС басқарма төрағасының міндетін атқарушы Берік Шәріп қанша сомаға дәрі-дәрмек жеткізілгенін айтып берді.

"Қазіргі таңда дәрі-дәрмекке тапшылық жоқ. 2019 жылы осы мақсатта бөлінген бюджет қаражаты 100 млрд теңгеден астам болса, қазіргі таңда дәрі-дәрмекке бюджетте алдын ала қарастырылған қаражат көлемі 190 млрд теңгеге дейін жетті. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында балалар үшін жаңадан 192 түрлі дәрі-дәрмек енгізіліп жатыр. Бюджет арқылы жергілікті әкімшіліктер, денсаулық сақтау басқармалары мен медициналық мекемелерден 180 млрд теңгеге ұсыныс келіп түсті. Қазіргі кезде аяқталған рәсімдер бойынша 222 млрд теңгеге қажетті дәрі-дәрмек сатып алдық. Желтоқсан айынан бастап 30 млрд теңгеге 800-ден астам дәрі-дәрмек қоймаларға келді. Сонымен қатар, 10 млрд теңгеге өткен жылдан қалған қор бар. 133 түрлі дәрі-дәрмектің төмендемейтін қорын дайындап қойдық", – деді Берік Шәріп.

Дәрі-дәрмектерді зерттеу және сынау ұлттық орталығының (ДЗСҰО) Бас директоры – Басқарма төрағасы Арнұр Нұртаев елімізге әкелетін дәрі-дәрмектердің сапасына шүбә келтірмейді.

"Сатып алынған дәрі-дәрмектердің сапасы өзекті мәселе. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде инсулин гларгин тәрізді кейбір дәрі-дәрмектердің сапасын сынаушылар болды. Айтқым келетіні Biocon өндіретін инсулин құрамы Еуропа, Америка фармакопея талаптарына сай жасалған. Бүгінгі күнге дейін әлемде бұл дәрінің 5 млн флаконы сатылып, бірде-бір айтарлықтай жанама әсері байқалмаған", – деді ДЗСҰО басшысы.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу