Қазақстанда дәрігер адам өлтірсе, "адам құны" төленбек

4007

Дәрігер мәртебесі туралы заң жобасы педагогтікінен нашарлау. 

Қазақстанда дәрігер адам өлтірсе, "адам құны" төленбек

Биліктің басына педагог мәртебесіне ұқсас, дәрігердің мәртебесін көтеретін жеке заң жобасын қабылдау туралы ой келді. Бұл жерде "Педагог туралы" заң мұғалімдердің қатаң сынына ұшырап, "бос, шикі" деп танылған болатын. Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген заң жобасы да кемшін. Мысалы, ынталандыру шаралары жеткіліксіз, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

2 млн сыйақыға қай дәрігер үміттене алады?

Барлығына емес, медициналық қызметкерлердің аз шоғырына ғана тиетін ынталандырушы шаралар қарастырылған.

Мысалы, ұстаздар қауымына арналған жеке заңға сәйкес, тек педагогке берілетін "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" мемлекеттік наградасы тағайындалғаны мәлім. Бұған қоса, жыл сайын "Үздік педагог" атағы және 1 000 АЕК мөлшерінде сыйақы беріледі. Айтқандай, былтырғы 2 қазанда БҒМ 64 ұстаздың әрқайсысына "Үздік педагог" төсбелгісі мен 2 млн 788 мың теңге (1000 АЕК) көлемінде сыйақы табыстады. Сондай-ақ "Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы" атағы және 2 000 АЕК (5 млн 834 мың теңге) көлемінде мемлекеттік грант та табысталады.

Алайда пандемия заманында басын бәйгеге тігіп жүрген "ақ халатты абзал" жандарға билік 2 мың АЕК мемлекеттік грантты қимапты.

Оның орнына заң жобасында "медицина қызметкерінің беделін арттыру және оның жеке және кәсіби өсуінің артуды қамтамасыз ету" үшін 500 АЕК (2021 жылы – 1 млн 458 мың 500 теңге) көлемінде біржолғы ынталандырушы төлем төлей отырып, "Кәсібі бойынша үздік" мәртебесін беру қарастырылуда. Дегенмен, оны жергілікті әкімдіктер қаржыландыруы керек. Яғни, бұл былай тартса, былай жетпейтін жергілікті бюджеттердің мүмкіндігімен шектеледі.

Рас, "ерекше жетістіктерімен және ерекше еңбегімен" билік назарына іліккен кейбір медицина өкілдеріне "Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері" атағын беру ұсынылып отыр. Міне, солар ғана 1000 АЕК мөлшерінде біржолғы төлемді еншілей алады.

Ал сонда ондаған мың өзге медицина қызметкерлеріне не қалады?

Олар үшін жаңа заң жобасында "Әлеуметтік кепілдіктер" деп аталатын құйтақандай ғана бап бар. Оған сәйкес, біріншіден, тек мемлекеттік медициналық ұйымдардың медицина қызметкерлерінің балаларына ғана "тұрғылықты жері бойынша балабақшадағы орындарды жергілікті атқарушы органдар бірінші кезекте береді".

Екіншіден, медицина қызметкерлеріне әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру мүмкіндігі ұсынылады. Ол "отсрочка" қаншаға созылмақ? "Медицина ұйымдарында жұмыс iстеп жүрген барлық кезеңiне" беріледі екен. Яғни, дәрігер кәсібін тастап кетсе, әскер шақырады. Әйтпесе, пандемия кезінде біраз жас дәрігердің әскерге әкетілуі салдарынан білікті медицина кадрларының тапшылығы артыпты.

"Мүгедектікке жеткізудің" құны енгізіледі

Медицина өкілдері үстінен енді сақтандырушы компаниялар өз байлығын арттыра алады. Себебі елде сақтандырудың жаңа түрі енгізілмек.

"Медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау нысандары медкөмек көрсету кезінде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіргені үшін медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыруға міндетті", – деп жазылған құжатта.

Бұл қазақстандықтарды "дәрігерлік қатеден" қорғау үшін қажет көрінеді. Нәтижесінде, Қазақстан азаматтарына (шетелдіктер туралы сөз жоқ) "медкөмек көрсету кезінде өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтетуге, оның ішінде сақтандыру сомасын алуға" мүмкіндік тумақ.

Осылайша, жаңа заңды Парламент қабылдап, ол өмірге жолдама алса, елімізде бірде-бір медицина қызметкері кәсіби жауапкершілігін сақтандыру шартын жасаспай, қызметіне кірісе алмайды: "Медициналық қызметкер кәсіптік жауапкершілікті сақтандыру шарты болмаған кезде медициналық көмек көрсетуге кірісуге құқылы емес" делінген жобада.

Осы және өзге шығындар бюджетке қомақты салмақ түсіретінге ұқсайды. ДСМ дерегінше, жаңа заңды жүзеге асыру жыл сайын республикалық бюджеттен 2,861 млрд теңге ақша жұмсауды талап етеді.

Егер "Гиппократқа ант бергендер" сырқатқа көмек орнына зиян келтірсе, сақтандыру сомасы қанша соманы құрамақ?

Жаңа заң жобасында сақтандыру сомасының жоғарғы межесі белгіленіп отыр: одан төмен болуы мүмкін, бірақ аспауға тиіс:

1) пациенттің өміріне немесе денсаулығына келтірілген және мертігуге, жарақатқа, мүгедектік белгіленбейтін өзге де зақым келтіруге әкеп соққан зиян үшін – 300 АЕК (2021 жылы 875 мың 100 теңгеге тең). Стационарлық емдеудің әрбір күні үшін сақтандыру төлемінің мөлшері кемінде 10 АЕК болуы шарт.

2) пациентті өлтірсе – 1000 АЕК (2 миллион 917 мың теңге);

3) мүгедек етсе: І топ – 800 АЕК (2 млн 333 мың 600 теңге);

4) ІІ-топтағы мүгедектікке душар етсе – 600 АЕК (1 млн 750,2 мың теңге);

5) ІІІ-топтағы мүгедектікке ұшыратса – 500 АЕК (1 млн 458,5 мың теңге);

6) мүгедек балаға – 500 АЕК.

Әзірге елімізде жыл сайын қанша дәрігерлік қателікке жол берілетіні туралы нақты, өзекті статистика ведомствоның қолында жоқ. Сондықтан заң жобасы барлық медициналық ұйымды "пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтірумен байланысты медициналық инциденттер туралы ақпаратты уәкілетті органға тоқсан сайын жолдауға" міндеттейді.

"Осы ақпаратты жинау – біріншіден, статистикалық деректерді талдауға және пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған алдын алу шараларын қабылдауға, екіншіден, болашақта дәрігерлер қызметін сақтандыру ісінде ақылға қонымды баға белгілеуге, сақтандыруға қатысушылар тарапынан алаяқтық іс-әрекеттердің және теріс пайдаланулардың алдын алуға мүмкіндік береді", – деп түсіндірді ДСМ.

Меморган дерегінше, осы салада қылмыстық заңнама қатайтылғаннан кейін, яғни 2014 жылдан бастап, дәрігерлерге қатысты істер қаптап кеткен. Бірақ көбісі ұзамай жабылатын көрінеді.

"Көп жағдайда дәрігер өлімге әкелгені үшін емес, оның алдын-ала алмағаны үшін жауапқа тартылады. Қазақстанда жыл сайын 600–800-ге жуық іс ашылады. Алайда олардың бәрі бойынша кінәлілер жазалана бермейді. Әдетте, қылмыстық істер қозғалады, бірақ тергеу кезінде дәлелденбегендіктен жабылады", – деді министрлік.

Кейінгі жылдары 2 медицина қызметкерінің бас бостандығы шектелген. 9-ы – шартты жазаға кесілді. 11-і сотталды, бірақ рақымшылыққа ілігіп, жазадан босатылды. 19 дәрігер істің ескіру мерзімінің аяқталуына байланысты жазадан босатылды. Сот залында 11 адам ақталды.

Көбінесе, қылмыстық істер хирургиялық араласумен байланысты мамандықтарда қозғалады, онда үнемі өлім қаупі бар. Бұл акушер-гинекологтар – 10 адам, хирургтар – 10, травматологтар – 8, қалғаны – анестезиологтар, реаниматологтар.

Бұған дейін зардап шеккендерге есептелген моральдық және материалдық залал өтемақысының мөлшері небәрі 30 миллиондай теңгені құрапты.

Жанат Ардақ


 Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу