Қазақстанда демалу шетелге қарағанда неге қымбат екені белгілі болды

2465

Жазда адамдардың дені жұмысынан демалыс алып, ел ішін аралауға не шетелге шығуға асығады. 

Қазақстанда демалу шетелге қарағанда неге қымбат екені белгілі болды Фото: Казкурорт

Қазақстанның көз сүйсіндіретін тұмса табиғаты бар демесек, оның көрікті жерлеріне бару қалтаны біраз қағатыны сөзсіз. Бұл инфрақұрылымның жеткіліксіздігінен, бәсекелестік ортаның қалыптаспауынан дейді сарапшылар. Қазақстанда демалу шынымен қымбат пе? Осы тақырып төңірегінде редакция тілшісі шолу жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жақында бір отандасымыз елдегі және шетелдегі демалыс бағасын салыстырып, желіге жазба жариялады. Оның пікірінше, Алакөлде демалғаннан гөрі Египетке барып келген арзанға түседі.

"Алакөлде 2 ересек адам және бір бала үшін қонақ үй нөмірі – 60 мың теңге. Егер бізбен бірге тағы бір кішкентай бала болса, оған 10 мың теңге қосылып, тәулігіне жалпы 70 мың теңге шығады. Оған тамақ бағасы кірмейді. Үш мезгілге тамақтану ересек адамға – 12 мың теңге, балаға – 8 мың теңге. Біз төртеуімізге есептедік. Егер Алакөлге он күнге демалуға баратын болсақ, 1 млн 100 мың теңге шығады екен. Біз Египетке төртеуіміз 7 күнге 990 мың теңгеге келдік. Тамақ, бәрі тегін. Оның үстіне барып-келу билетіміз, әуежайдан қонақ үйге дейін трансфертіміз бар. Ал Алакөлге демалуға баратын болсақ, онда ұшақ бағасын бөлек төлейміз, көлікке бензин құямыз. Сонда Дубайда, Египетте демалған өзіміздің елге қарағанда арзан болып тұр ма?", – деді желі қолданушысы.

Жалпы бұл мәселенің көтеріліп жүргеніне де бірнеше жылдың жүзі болды. Құзырлы органдар да одан хабардар.

"Қазақстанда демалу шетелге барып келуге қарағанда неге қымбат деген сұрақ жиі қойылады. Қызмет көрсету барлық жерде бірдей стандартқа сәйкес келмей жатады деп те айтылады. Бәсеке болмайтын болса, маусым кезінде сұранысқа ие аздаған қонақ үйлердің иелері бағаны көтере беретін болады. Олар сервистің дұрыстығына да мән бермейтін болады. Себебі қалай десек те клиенттер бар. Бізге бәсекелестік орта қажет", – деді Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев сәуір айының басында Үкіметте өткен брифингте.

Сөзінше, бизнес субъектілерінің саны көп болуы үшін берілетін жеңілдетілген несие мәселенің шешімі бола алады. Сонда сервис те пайда болып, бәсеке қалыптасады.

"Азаматтарға қолжетімді болатын қонақ үйлерді салуға басымдық беру қажеттігі туралы Үкіметтің тапсырмасы бар. Енді санаторийлерге, үш жұлдызды қонақ үйлерге басымдық беретін боламыз. Ал бес жұлдызды қонақ үйлердің пайда болғаны да жақсы, бірақ онымен бизнес айналысуы керек", – деді вице-министр.

Туризмді қалай дамытуға болады?

"Дүниежүзілік экономикалық форумның 2024 жылғы туризм және саяхат бәсекеге қабілеттілік индексінде Қазақстан 119 елдің ішінде 52-орынға тұрақтады. Еліміз алдыңғы рейтингке қарағанда 14 сатыға көтерілген. Бұл көрсеткіш Қазақстанның туризм саласында белгілі бір жетістіктерге жеткенін көрсетеді. Осы рейтингтің "Баға бәсекелестігі" (Price Competitiveness) көрсеткіші бойынша еліміз әлемдегі ең жоғары балл алған елдердің бірі. Бұл индексте Қазақстан әлемдегі ең арзан елдердің қатарына жатады. Яғни, халықаралық деңгейде қарасақ, біздегі туристік қызметтер, қонақүйлер, тамақтану мен көлік бағасы салыстырмалы түрде алып қарағанда өте төмен", – деді Халықаралық туризм және меймандостық университеті, Туризм мектебінің аға оқытушысы Нұржан Әбдіразақов.

Сарапшы туризм артық табыс болғанда ғана қолданылатын қызмет түрі екенін айтты.

"Адам өзінің негізгі қажеттіліктерін әрең жауып отырса, демалысқа қаржы бөле алмайды. Мысалы, екі баласы бар отбасына Алакөлге барып-қайту, тұру және тамақтану 300-400 мың теңгеге түсуі мүмкін. Бұл бір айлық жалақыға тең", – деп атап өтті ол.

Нұржан Әбдіразақов Қазақстанның кейбір туристік бағыттарында сапа мен баға сәйкес келмейтінін жеткізді. Қызмет көрсету деңгейі төмен, бірақ баға жоғары. Бұл, әсіресе, Бурабай, Көлсай, Түркістан сияқты бағыттарда сезіледі, деді сала маманы.

"Көптеген өңірде туризммен айналысатын кәсіпкерлер саны аз, демек бәсеке де төмен. Бұл қызмет көрсету нарығында монополияға жақын жағдай қалыптастырады. Еліміздің географиясы кең, ал көптеген табиғи туристік орындарға ұшақпен жету мүмкін емес, ал теміржол немесе автобус желісі баяу және қолайсыз. Бұл ішкі сапардың өзін қымбатқа шығарады", – деп түсіндірді Нұржан Әбдіразақов.

Сөзінше, Қазақстанда арзан әрі сапалы туризмді дамыту үшін туристік инфрақұрылым, жол мен көлік қатынасын жөндеу керек. Сондай-ақ арзан әрі таза жатын орын сандарын көбейту, қызмет көрсету мәдениетін көтеру, жарнама мен ақпаратты жақсарту қажеттігін де айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу