Қазақстанда Денсаулық сақтау министрлігінің құрсақішілік ота жасау жөніндегі жобасы белсенді дамуда

3377

Астанада республикалық феталды хирургия бөлімшесін жарақтандыру аяқталды. 

Қазақстанда Денсаулық сақтау министрлігінің құрсақішілік ота жасау жөніндегі жобасы белсенді дамуда Фото: AYALA

Күрделі құрсақішілік ота жасау үшін UMC клиникасының "Ана мен бала орталығында" барлық жағдай жасалған – дәрігерлер оқытылды және Феталды медицина бөлімшесін жарақтандыру аяқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

GASENERGY АЖҚС желісінің қолдауымен онда заманауи лазер орнатылып, фетоскоптар жиынтығы берілді. "Шеврон" компаниясының қолдауымен Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген дәрігерлерді оқыту бағдарламасы іске қосылды, ол феталды хирургия қағидаттарын тереңірек зерделеуге және пациенттерді уақтылы ота жасауға жіберуге мүмкіндік береді. Жоба Қазақстанда феталды хирургияны дамытуға бағытталған UMC-мен ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде AYALA Қайырымдылық қоры тарапынан іске асырылды.

"Біз үшін, қазақстандық АЖҚС желісі үшін балалардың денсаулығын сақтайтын әлеуметтік жобалар өте маңызды. Сондықтан біз елордада феталыды хирургияны дамытуға белсене атсалысамыз. Бұған дейін, 2023 жылы, UMC-те AYALA қорымен бірге біз Неонаталды офтальмология бөлімін лазермен жабдықтадық, ол дәрігерлерге 303 нәрестені соқырлықтан құтқаруға көмектесті. Біздің жаңа жобамыз да осындай табысты болады және көптеген отбасыларға дені сау балалардың тууына қуаныш әкеледі деп үміттенеміз", – деп атап өтті GASENERGY АЖҚС желісінің операциялық директоры Омар Мустафин.

"Біз AYALA қорымен көп жылдан бері ынтымақтасып келеміз және қол жеткізген нәтижелерді мақтан тұтамыз. Алдыңғы қатарлы медициналық технологиялар мен дәрігерлерге арналған кешенді оқыту бағдарламаларына инвестиция сала отырып, біз Қазақстандағы феталды хирургияның сапасын арттыруға ұмтыламыз. Бұл жоба жергілікті деңгейде аса маңызды көмек көрсетуде, отбасыларға шетелде емделуді іздемей, үздік медициналық қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етуде маңызды қадам болды", – деп атап өтті "Шеврон" компаниясының еуразиялық бөлімшесінің әлеуметтік инвестициялар жөніндегі кеңесшісі Лейла Айтмұханова.

Феталды хирургия – бұл өткен жылдың маусым айынан бастап AYALA қорының қолдауымен елімізде белсенді дамып келе жатқан хирургияның салыстырмалы түрде жаңа бағыты. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі пациенттер ағынын екі жетекші медициналық орталықтың арасында бөлуді жоспарлап отыр. Елордада құрсақішілік хирургиялық араласу бойынша басты клиника UMC "Ана мен бала орталығы" болды.

"Қазақстанда феталды хирургияны дамыту – бұл болашақ ұрпақтың денсаулығын қамтамасыз етудегі маңызды қадам. Озық технологиялармен жабдықтаудың және мамандарымыздың біліктілігін арттырудың арқасында біз болашақ аналар мен олардың балаларына жоғары технологиялық медициналық көмек көрсете аламыз. Енді қазақстандық әйелдер құрсақішілік оталарға бірден өз еліндегі екі орталықта қол жеткізеді, бұл медициналық көмектің сапасын арттырып қана қоймай, азаматтардың біздің денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін нығайтады", – деп түсінік берді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова.

Назарбаев Университетінің медицина жөніндегі вице-президенті және Медицина мектебінің деканы Массимо Пиньятеллидің айтуынша, UMC клиникасының "Ана мен бала орталығы" болашақ аналарды тереңдетілген пренаталдық диагностикалау мен одан әрі жүргізудің барлық мүмкіндіктеріне ие. "Цитогенетикалық зертхана, УДЗ, МРТ-диагностика, жүкті әйелдерді бақылау және одан әрі қадағалау бөлімшесі, мамандандырылған неонаталдық хирургия бөлімшесі - осының бәрі феталды хирургия бойынша жобаны табысты іске асыру үшін тамаша жағдай жасайды", – деп толықтырды Пиньятелли мырза.

2024 жылдан бастап AYALA қоры "Ана мен бала орталығы" феталды хирургтерінің кәсіби құзыреттілігін дамытуға белсенді көмектеседі. Клиниканың дәрігерлері ресейлік орталықта оқытылды, онда 2009 жылдан бері жылына жүздеген күрделі құрсақішілік ота жасалады. Қор сондай-ақ UMC феталды хирургінің Біріккен Араб Әмірліктеріндегі феталды медицина жөніндегі халықаралық конгреске қатысуын ұйымдастырды.

Бүгін UMC Алматы, Шымкент, Астана қалаларынан және Қазақстанның барлық облыс орталықтарынан 45 УДЗ-дәрігерлер мен акушер-гинекологтарды қабылдайды. Олар үшін екі күндік лекциялық курсты медицина ғылымдарының докторы, академик В.И.Кулаков атындағы Акушерлік, гинекология және перинатология ұлттық медициналық зерттеу орталығы ультрадыбыстық және функционалдық диагностика бөлімінің меңгерушісі Кирилл Витальевич Костюков оқиды. Оқыту "Шеврон" компаниясының қолдауымен жүргізіледі және оны "AYALA академиясы" дәрігерлердің біліктілігін арттыру жобасы шеңберінде AYALA қайырымдылық қоры ұйымдастырды.

"Әрбір болашақ ана не армандайды? Әрине, дені сау баланың өмірге келуін армандайды. Бұл арманның жүзеге асуы үшін біз отандық дәрігерлердің ұрық дамуының ең күрделі кемістіктерін сараптамалық диагностикалаудағы білімдерін жетілдіру үшін шетелдік жетекші практик дәрігерлерді шақырамыз. УДЗ-дәрігерлер мен акушер-гинекологтар бірінші болып скринингтік тексерулерде ұрықтың дамуындағы кемістіктерді көреді. Және олар асқынған көп ұрықты жүктілігі бар әйелдерді анықталған патологияларды құрсақ ішінде түзету үшін жедел жібере алады. Бұрын мұндай жағдайларда отбасылар операцияға шетелге шығу үшін миллиондаған теңге іздеуге мәжбүр болатын. Қазақстанда феталды хирургияның дамуымен білікті хирургиялық көмекті Астана мен Алматыда алуға болады. Бұл біздің денсаулық сақтау жүйеміз үшін де, сәбидің пайда болуын күтетін әрбір отбасы үшін де жақсы жаңалық", – деп түсінік берді AYALA Қайырымдылық қорының негізін қалаушы және президенті Айдан Сүлейменова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу