Қазақстанда бұрын-соңды болмаған жаңа қылмыстық жаза түрі енгізілді

19529

Ол үшін адамды 7 жылға дейін түрмеге отырғызуы мүмкін.

Қазақстанда бұрын-соңды болмаған жаңа қылмыстық жаза түрі енгізілді Фото: canva

Мәжіліс "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңын түпкілікті қабылдады.

Құжатты бүгінде Сенат қарауда. Сенаторлар алда мақұлдаған соң заңға Президент қол қоюы керек. Содан соң заң күнтізбелік 60 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Бұл заң ел тарихында алғаш рет "дропперлік" үшін қылмыстық жауапкершілік енгізеді.

Еске сала кетсек, дроппер – ұрланған немесе заңсыз жолмен табылған қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыру үшін алаяқтар пайдаланатын адам. Оның банктік картасына ақша аударылады және ол оны банкоматтан не банк кассасынан шешіп алып, өз комиссиясын ұстап, қалғанын курьерге тапсырады.

Бірақ бірқатар қазақстандық аңқаулығынан не қаржылық сауатсыздығынан мұны тегін де жүзеге асырады, тіпті, қайырымдылық жасап жатырмын деп ойлайды.

Тәжірибе көрсеткендей, кездейсоқ адамдардың шотына бөгде біреуден үлкен көлемде ақша түседі. Іле-шала әлдебір жан қоңырау шалып, зар еңіреп, әңгіме айтады. Мәселен, баланың "еміне" деген қаржының қате аударылып кеткенін баян етеді және қаржыны қайтаруды қиыла өтінеді.

Полиция "қаңғыған" қаражатты кері аударуға асықпауға кеңес береді. Алдымен банкке жүгініңіз. Егер байланыстың арғы шетіндегі адам ол ақшаны жіберілген шотқа емес, басқа бір шотқа аударуды сұраса, бұл да күдік тудыруға тиіс. Себебі, адамдар осылай еріксіз делдалға, дропперге айналғанын, яғни, құрбанның шотынан өзіне түскен ұрланған ақшаны ары қарай алаяқтарға асырғанын білмей қалады.

Ал, өз еркімен, ақшаға дроппер рөлін атқарған адамның атына алаяқтар қаптатып банк карталарын рәсімдейді, олардың бәріне заңсыз табылған қаражат аударылып, артынша тез-тез қолма-қол ақшаға айналдырылады.

Дропперлер алаяқтықтың басқа да схемаларына тартылуы ықтимал. Айталық, "қаржылық пирамида" тәсілі қолданылады. Егер ол туыс-туған, жора-жолдас, тамыр-таныстарының банк карталарын схемаға қоса алса, қосымша ақы алады.

Қолданыстағы заңнамада дропперлерді қылмыстық қудалау мүмкіндігі мүлдем қарастырылмады. Соның кесірінен құқық қорғау органдарының тергеу аясына іліккен дропперлер көп жағдайда куәгер ретінде ғана тіркелетін. Егер оның сол қызметі үшін ақы алғаны дәлелденсе ғана, алаяқтықтың көмекшісі ретінде жеңіл жауапкершілік арқалауы мүмкін.

Проблеманың ауқымын мынадан ұғынуға болады: ресми құқықтық статистика бойынша бір ғана 2024 жылы ақша жылыстату үшін пайдаланылған 6 мың 200 дроп-карта әшкереленді. Қылмыскерлер олар арқылы жалпы сомасы 24 миллиард теңгені – ұрланған, алдап алынған қаржыны заңдастырған.

Енді тәжірибе өзгереді. Аталған жаңа заң жобасы аса ауыр жаза енгізгелі тұр. Ол арқылы қолданыстағы Қылмыстық кодекс жаңа 232-1 және 233-1-баптармен толықтырылады.

Біріншіден, материалдық сыйақы немесе мүліктік сипаттағы пайда үшін, не оларды алу мақсатында үшінші тұлғаға өзінің банктік шотына, не төлем құралына, не сәйкестендіру құралына қолжетімділікті заңсыз ұсыну, не оларды үшінші тұлғаға пайдалануға заңсыз беру – мүлкі тәркіленіп, 160 АЕК-ке (2025 жылы – 629 120 теңгеге) дейін айыппұл салуға, не 50 тәулікке дейін қамаққа алуға жазаланады.

Екіншіден, айтарлықтай мөлшерде материалдық сыйақы немесе мүліктік сипаттағы пайда алуға алып келген не оларды алу мақсатында жасалған іс-әрекет – мүлкі тәркіленіп, 3 000 АЕК-ке (11 796 000 теңгеге) дейін айыппұл салуға, не 1 000 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Үшіншіден, ірі мөлшерде материалдық сыйақы немесе мүліктік сипаттағы пайда алуға алып келген не оларды алу мақсатында жасалған іс-әрекеттер – мүлкі тәркіленіп, 4 000 АЕК-ке (15 728 000 теңгеге) дейін айыппұл салуға, не 1 000 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Төртіншіден, материалдық сыйақы немесе мүліктік сипаттағы пайда үшін, не оларды алу мақсатында үшінші тұлғаның мүддесінде немесе үшінші тұлғаның пайдасына банктік шотын, не төлем құралын, не сәйкестендіру құралын пайдалана отырып, төлемдерді, ақша аударымдарын заңсыз жүзеге асыру – мүлкі тәркіленіп, 2 000 АЕК-ке дейін айыппұл салуға, не 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Бесіншіден, осы баптың төртінші бөлігінде көзделген, ірі мөлшерде материалдық сыйақы немесе мүліктік сипаттағы пайда алуға алып келген не оларды алу мақсатында жасалған іс-әрекет – мүлкі тәркіленіп, 5 000 АЕК-ке (19 660 000 теңгеге) дейін айыппұл салуға, не 1 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Алтыншыдан, ел арасында "дропповодтар" аталатын, яғни, оларды басқарып, ұйымдастыратындар 7 жылға дейін сотталуы мүмкін. Заңсыз төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру мақсатында банктік шотты, не төлем құралын, не сәйкестендіру құралын басқаруға қолжетімділікті заңсыз алу – мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеуге, не одан айыруға жазаланады.

Бұл жерде кейбір дропперлерге жеңілдік қарастырылады: егер ол осы қылмысты алғаш рет жасаса, бұл туралы өз еркімен мәлімдесе, сондай-ақ осы құқық бұзушылықты ашуға немесе оның жолын кесуге белсенді түрде көмектессе, егер оның әрекеттерінде өзге қылмыстық құрам болмаса, онда ол қылмыстық жауаптылықтан босатылады.

Прокуратура не дейді?

Осының алдында бір топ мәжілісмен алаяқтарға және дропперлерге банк қызметкерлері көмектесетіні анықталғанын айтып, Бас прокуратураға шағым-сауалмен жүгінген еді.

Бас прокурор Берік Асылов өз жауабында Бас прокуратура, ІІМ, қаржылық реттеуші, Цифрлық даму министрлігі және басқасы бірлесіп, кешенді тексеру жүргізгенін хабарлады. Соның аясында 12 банкте алаяқтар рәсімдеген 239 қарыз алушы бойынша сыйақы, айыппұлдар есептеу жəне қарызды өндіріп алу тоқтатылған. 34 қарыз алушыға бұрын өндіріп алынған төлемдер (7,3 млн теңге) қайтарылды. 213 жəбірленушінің 1 миллиард теңге берешегі есептен шығарылды.

Банктер және МҚҰ-лар клиенттердің нақты қатысуынсыз, соның ішінде қайтыс болған адамдардың, үйсіздердің атына қарыздар мен микрокредиттер рəсімдеуге, сондай-ақ шетелдік азаматтарға заңсыз шот ашуға жол берген фактілері әшкереленді.

Бас прокурордың мәліметінше, соңғы екі айда (!) ғана қаржы ұйымдарының қызметкерлеріне қатысты лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану (ҚК-нің 250-бабы) жəне өз міндеттеріне адал қарамау (ҚК-нің 254-бабы) фактілері бойынша 67 қылмыстық іс тіркелді.

"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында жəбірленушілер өздерінен алдап алынған ақшаны сот арқылы "дропперлерден" өндіріп алып жатыр. Зардап шеккендерге өзіне келтірілген залалды азаматтық сот ісін жүргізу арқылы (ҚР АК 953-бабы) өз бетінше өндіру тəртібі түсіндіріледі. 2024 жылы 800 жəбірленушінің талап арызы бойынша 1 миллиард теңгеден астам қаражат өндірілді. Ал, Антифрод-орталық арқылы жарты жыл ішінде күдікті қаржы операциялары бойынша 1,5 миллиард теңгеден астам сома бұғатталды", – деді Берік Асылов.

Телефон балансы да тексеріледі

Әлгінде айтылған жаңа заңның тағы бір "тарихи" жаңалығы бар: бұдан былай азаматтардың тек мобильді аударымдары мен банктік шоттары ғана емес, сондай-ақ ұялы телефонындағы балансы да құзырлы органдардың бақылауына алынады.

Мәжіліс депутаты Самат Нұртазаның айтуынша, заңнамалық түзетулермен қаржылық мониторингтің жаңа субъектілері пайда болады, бұлар – ұялы байланыс операторлары.

"Бүгінде мобильді операторлар өз клиенттеріне балансындағы ақшаны банктік шотына кері аударуға рұқсат етеді. Осы арқылы халық "баланс" деп атайтын абоненттік шоттар байланыс құралы ғана емес, "минибанк" ретінде пайдаланыла бастады. Ұялы операторлар бұған дейін абоненттерінің балансындағы ақша қозғалысы туралы қаржылық мониторинг органына есеп бермейтін. Содан кейбір адам телефон балансынан үшінші тұлғалардың абоненттік шотына еш шектеусіз үлкен сомада ақша аударуы мүмкін. Мұны телефон алаяқтары да пайдаланады, ұялы операторлардың шоттары арқылы қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырады", ‒ деді депутат.

Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов барлық абонент бойынша есеп берілмейтінін нақтылады.

"Егер бір абонентке әртүрлі көздерден қаржы түсіп, оның балансын әркім толтырып жатса, не абоненттік шотта қалыпты емес, аномальді толықтырулар байқалса, мобильді байланыс операторлары бұл туралы ақпаратты бізге ұсынады. Сондай-ақ, енді ұялы операторлар sim-карта сатып алушылардың әрқайсысының жеке тұлғасын айқындауға тиіс болады. Жеке куәлігін сұрайды. Бұл да дропперлікпен тиімді күресуге мүмкіндік береді", – деді Жеңіс Фарахатұлы.

Бұл талаптарды бұзған оператор лицензиясынан айрылуы да мүмкін. Құзырлы орган өкілі азаматтардың абоненттік балансына түсетін ақша бойынша шек-табалдырық жоқ екенін жеткізді.

Агенттік басшысының орынбасары өз балансын тұрақты түрде бір сомаға толтырып тұратын қарапайым азаматтардың транзакциялары ведомство үшін қызықты болмайтынына назар аудартты. Тек "қалыпты емес, қомақты толықтырулар" агенттіктің күдігін тудырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу