Қазақстанда электр желілерінің 70 пайызы тозған

491

Олар жаңғыртуды қажет етеді.

Қазақстанда электр желілерінің 70 пайызы тозған Фото: canva.com

Бұл туралы елордада өткен "Электр энергетика саласындағы отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік қолдау шаралары" атты дөңгелек үстелде Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Энергетика вице-министрінің айтуынша, электр энергетикасы еліміздің жалпы ішкі өнімінің 8%-дан астамын құрап отыр.

2022 жылы электр энергиясын өндіру көлемі 110 млрд кВт-тан асқан. Алайда қазіргі таңда электр жабдықтарының басым бөлігі тозған және жаңғыртуды талап етеді.

"Электр энергетика саласының орнықты дамуы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға және Орталық Азия өңіріндегі ұстанымын нығайтуға бағытталған. Тозығы жеткен электр желілерін жаңғырту отандық тауар өндірушілер үшін үлкен мүмкіндік", – деді вице-министр.

Бақытжан Ілияс ұлттық жобаларды іске асыруға ерекше назар аударып, Үкіметтің жаңғыртуға бағытталған іс-қимылдарын атап өтті:

  • Энергетикалық инфрақұрылымды жаңарту және энергия тиімділігін арттыруға бағытталған ұлттық жобалар әзірленуде,
  • Қазақстандық өндірушілерді қолдау мақсатында ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау жоспарланып отыр,
  • Биылғы жылдың 9 айының ішінде тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің жалпы көлемі 21,2 трлн теңгеге жеткен, оның ішінде 51,8%-ы жергілікті субъектілерге тиесілі.

Ұлттық жобалар аясында қазақстандық компаниялардың электр жабдығының негізгі жеткізушісі болуына басымдық беріледі. Бұл отандық өндірісті қолдау мен дамытуға жаңа серпін береді.

Қазақстандағы электр энергетикасын жаңғырту инфрақұрылымдық тиімділікті арттырып қана қоймай, отандық тауар өндірушілер үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктер туғызады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу