Қазақстанда ерлер әйелдердің көбірек ұлықталатынына өкпелей бастады

2677

Ер-азаматтардың мейрамына бір айдан аз уақыт қалды. Еркектер жұмыс берушілердің ұжымда өздерін кемсітетінін айтып, Үкімет мүшелеріне шағымданды.

Қазақстанда ерлер әйелдердің көбірек ұлықталатынына өкпелей бастады

27 күн немесе 4 аптадан кейін ер кіндіктілердің орнын, рөлін, салмағын көрсететін маңызды күн келеді. Мәселе "7 мамыр – Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күні" мерекесі жөнінде болып отыр.  

"Бізде ерлерді кемсіту жаман әдетке айналды. Бұл қоғамымызда ер-азаматтың беделін түсіреді. Біздің ұжым 8 наурызға үлкен мән береді, жақсылап дайындалады. Бұрын бюджеттен ақша бөлетін еді, кейін Қаржы министрлігінің аудиторлары тыйым салды да, содан бері ерлер атаулының жалақысынан әйел педагогтерге сыйлыққа және дастархан жаюға деп, алдын ала ақша ұстайтын болды. Жылда солай. Менің әйелдерге қатысты өшті-қастылығым жоқ, қайта оларды жақсы көретін, сыйлайтын адаммын. Ана деген халқымыздың болашағы ғой. Бірақ гендерлік теңдік деген мәселе де бар. Басқасында білмеймін, бізде 7 мамыр мерекесі лайықты атап өтілмейді. Мемлекеттің де мән беріп жатқаны шамалы. Ерлер жағы ақша шығарып, өзіміз жиналамыз", – дейді қарағандылық мектеп жұмыскері Владимир Дугин.

Елордалық Руслан Т.-ны да осы жайт қапаландыратын көрінеді.

"Біз бірде шыдамай: "ұжым теңдікті сақтап, ерлер қауымын да құттықтауы керек" деп, реніш айттық. Түсіністікпен қарау орнына қыз-келіншектер күлкіге айналдырды. "Бұл Отан қорғаушылар күні, Серіктен басқаң тіпті армияда борыштарыңды өтемегенсіңдер, ұялмайсыңдар ма осыған ауыз ашуға!" деп әжуалады. Мекемеде ерлер көп емес, тиісінше, әріптес әйелдерге лайықты сыйлық жасау үшін бәрімізден қомақты сома ұсталады. Ал біздің өз үйімізде әйелдеріміз немесе сүйікті қыздарымыз бар. "Бәрібір сендерді құттықтамайды, ақша жинаудан бас тартыңдар" деп олар үйде бізді жейді. Директор бұл мәселені тыңдағысы да келмейді. Кәсіподағымыз жоқ, бірақ болғанның өзінде оның мұндай проблемамен айналысатына сенім жоқ", – дейді Руслан.

Мемлекеттік қызметші, заңгер Ералы Бегалы жылдар бойы "жауырды жаба тоқу" күйінде келе жатқан тағы бір мәселеге назар аудартып, Еңбек министрлігіне хат жазды. 8 наурызда көптеген ұйым, компанияларда тек әйелдерге сыйақы-премия беріледі екен, алайда 7 мамырда ұжымның ерлер бөлігі ұмыт қалады.  

"Еңбек кодесінің "Еңбек саласындағы кемсітушілікке тыйым салу" аталатын 6-бабының 2-бөліміне сәйкес, ешкімді де еңбек құқықтарын іске асыру кезінде жынысына байланысты ешқандай кемсітуге болмайды. Ұйымдастырушылық-құқықтық нысаны бойынша мемлекеттік мекемеге жататын біздің ұйымда 30 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Соның тең жартысы – әйелдер, қалған 15-і – ерлер. Жұмыс берушіміз 8 наурыз – Әйелдердің халықаралық мерекесінде тек әйел мемлекеттік қызметшілерге ғана 100 мың теңгеден премия береді. Ал еркек мемлекеттік қызметшілерге сыйақы бермейді. Жұмыс берушілердің бұл әрекеті қаншалықты заңды?", – деп сұрақты төтесінен қойды ол.

Билік не дейді?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруінше, Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс беруші жұмыскерлердің өндіріс тиімділігі мен орындалатын жұмыстардың сапасын жоғарылатуға мүдделілігін арттыру үшін сыйақы беру жүйелерін және еңбекті ынталандырудың басқа да нысандарын енгізе алады.

"Кодекстің 23-бабы бойынша жеке жұмыс берушілер еңбек заңнамасының, келісімдердің, ұжымдық, еңбек шарттарының, өзі шығарған актілердің талаптарын сақтауға тиіс. Ал меммекемелер қызметкерлеріне мемлекеттік бюджет есебінен сыйақы беру Үкіметтің 2001 жылғы 29 тамыздағы №1127 қаулысына сай жүзеге асырылады. Осы қаулымен бекітілген ереженің 1-2-бөлімі бойынша меморгандар қызметкерлеріне сыйақы, материалдық көмек меморган басшысының немесе аппарат басшысының шешімімен беріледі. Яғни, ереженің 1-2-тармағында санамаланған тұлғалар өз қызметкерлеріне сыйлық беру туралы ережені дербес әзірлеуге және бекітуге құқығы бар", – деп мәлім етті Еңбек министрлігі.

Дегенмен бұл жұмыскерлерді жынысына қарай кемсітуге негіз болмайды.

"Сондықтан арызданушы азаматтар жұмыс берушінің әрекетіне қатысты жергілікті еңбек инспекциясы органына шағым түсіргені жөн. Еңбек инспекторы сол шағымның негізінде жұмыс берушінің жұмыскерлерге сыйақы беруге қатысты шығарған актілерінде заңнаманың сақталғанына қатысты тексеру жүргізетін болады", – деп кеңес берді Еңбек министрлігі.

Айтпақшы, осы орайда мессенджерлерде тағы бір "гендерлік" тақырып талқылануда. Таяуда "Отбасы Банк" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова шарттары біршама тартымды жаңа ипотека бағдарламасы бойынша өтініш қабылдау басталғанын жариялады. Бағдарлама бойынша 30 миллион теңгеге дейін қарыз алуға болады. Пайыздық ставкасы алдымен жылдық 13,5%-ға (ЖТСМ 14,5%-дан бастап) тең болады да, кейіннен 3,5-5%-ға дейін (ЖТСМ – 3,6%-дан бастап) төмендейді. Бұл ретте ипотеканы 6 айдан 25 жылға дейін кез келген мерзімге алуға рұқсат.

Бірақ бір гәп бар. Отбасы банк пен Азия даму банкінің бірлескен жобасы саналатын жаңа ипотеканы тек әйелдер ғана ала алады. Отбасы банк ол бойынша ерлерден, жалғызбасты әкелерден өтініш қабылдамайды.

Бәлкім, ерлеріміздің, Отан қорғаушылардың рухын көтеретін бастаманы Президенттің өзі көтеретін шығар?

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу