Қазақстанда фильмдерді прокатқа шығарудың жаңа ережесі енгізілді

171

Енді кинотуындылар көрсетілімге шықпас бұрын міндетті сараптамадан өтеді.  

Қазақстанда фильмдерді прокатқа шығарудың жаңа ережесі енгізілді Фото: novosibirsk.bezformata

Қазақстанда фильмдерді прокатқа шығару тәртібі жаңартылып, киноөнімдер үшін міндетті сараптама енгізілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Тиісті ережені Мәдениет және ақпарат министрлігі бекітті.

Жаңа талапқа сәйкес, фильмдер көрерменге ұсынылмас бұрын арнайы комиссияның қарауынан өтеді. Сарапшылар туындының мазмұнын қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестігі тұрғысынан бағалайды.

Сараптама барысында зорлық-зомбылықты насихаттау, әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, діни және өзге де алауыздықты қоздыру белгілері тексеріледі. Сонымен қатар порнографияны, педофилияны және дәстүрлі емес жыныстық қатынастарды насихаттайтын контентке де назар аударылады.

Фильм авторлары немесе құқық иелері туындыны комиссия қарауына ұсынуы тиіс. Қарау нәтижесінде комиссия дауыс беру арқылы шешім қабылдап, сараптамалық қорытынды шығарады.

Сондай-ақ киноөнімдерді жас ерекшелігіне қарай жіктеу тәртібі нақтыланды. Енді фильмдер 6+, 12+, 14+, 16+, 18+ және 21+ сияқты жеті санат бойынша бөлінеді.

18+ санатына суицид, адам өлтіру, отбасы мәселелері мен ажырасу, есірткі және алкогольге тәуелділік, түрлі аурулар, қоғамға жат мінез-құлық көріністері қамтылған фильмдер енгізіледі. Сондай-ақ сюжет пен көркемдік мақсатқа сай берілген жалаңаштық, жыныстық қатынас немесе эротикалық көріністер, дөрекі жаргон сөздер мен бейәдеп лексикасы бар туындылар осы санатқа жатады.

18+ санатындағы фильмдерді телеарналарда тек сағат 22:00 мен 06:00 аралығында көрсетуге рұқсат етіледі. Ал 21+ белгісі берілген туындылар кинотеатрларда тек түнгі 00:00-ден таңғы 06:00-ге дейін көрсетіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу