Өмір сахнасындағы өзгеше, оғаш "ойын"
Кешкі уақыт. Шаршаған жұрт тезірек үйіне жетуге асығып, мазасыз, қауырт күй кешуде. Содан Астанадағы "Фермаг" дүкенінің касса алдындағы ұзынсонар кезекте тұрмыз. Кезек – қоғамның кішкентай көрінісі. Онда адамның сабыры да, мейірімі де, мінезі де сыналады.
Асыққан жұрттың ілдәлбалап алға жылжыған тізбегін байсалдылық нышанындай қоңыр костюм киген, "зиялы" бейнелі бір ақсақал кілт тоқтатқандай болды. Ол кәрзеңкесін қотарып, касса алдына аспаздық-кулинария бөлімінің хош иісті нан-тоқаштарын, түрлі-түсті салаттарды және сусынды үйіп тастаған еді. Бірақ төлем жасар мезетте қарттың саусақтары дірілдеп, әр қалтасын абыржи, әрлі-берлі, қайта-қайта тінте бастады. Уақыт ұзап, өзге жұрттың да тыныс алысы жиілей түсті.
"Айналайын, айыпқа бұйырма, әмиянымды үйде ұмытып кетіппін... Тек мына 500 теңгем ғана бар екен", – деді қария сәлден соң, кінәлі кейіппен ақталып. Ізінше, артында тұрған жасқа жүзін бұрып: "Қарағым, менің орныма төлей салшы!", – деп өтінді.
Үлкеннің сөзін жыға алмайтын қазақы тәрбиенің уызына қанып өскен болса керек, бозбала қысылып-қымтырылып, қипақтағанымен, ұялы телефонын шығарып, QR-кодты сканерлеуге ыңғайлана берген еді.
Дәл осы кезде залдағы тыныштықты күзетшінің суық та қатқыл дауысы бұзып жіберді: "Ей, қарт, қойсаңызшы осыны! Күн сайын келіп, сатып алушыларды қанап, қалтасын қағуды қашан қоясыз?"
Бұл сөзден қарттың жүзі сұрланып, иығы шөгіп кеткендей болды. Ол үн-түнсіз тек сусынын ғана сатып алып, қалған тағамдарын кассада қалдырған күйі дүкеннен асығыс шығып кетті.
Егде жастағы күзетші жиналған жұрттың таңырқаған көзқарасын сезініп, сөзін жалғады: "Бұл кісі бұрын үлкен бастық болған адам ба, кім білсін, үнемі сынын бұзбай костюм киіп жүреді. Бірақ бір рет өзге біреудің есебінен азық-түлік алудың оңай жолын тапса керек, соны әдетке айналдырыпты. Күнде келіп кәрзеңкені толтырады да, кезекті тежеп осылай қипақтап тұрып алады. Өзі жейтінінің шығынын өзге жанашыр жандарға артады. Бұл әлеуметтік масылдық емей немене? Бұған қалай жол береміз?", – дейді ол ақталып.
Бұл оқиғада біреуді даттауды емес, қоғамдағы күрделі құбылысты аңғарған жөн. Шынында да, соңғы кездері елде тіленшіліктің осындай "жаңа" түрінің белең алып бара жатқаны жөнінде жиі айтылуда. Үлкен қалалардың үлкен дүкендерінде адамның ең асыл құндылығы – жанашырлық пен мейірімділікті өз мүддесіне пайдаланатындар көбейіп бара жатқандай.
Сенім селдіреген жерде мейірім жүдейді
Алматы тұрғыны Әсия "Small" супермаркетінде осындай көңілге күдік ұялатқан теріс құбылысқа кезіккенін хабарлады.
"Сөрелер арасында тауар теріп жүргенімде, маған жасы үлкен, жүзі сынық бір қарт адам қайрылды. Азық-түлік алуға қаражаты жетпей тұрғанын айтып, көмек сұрады. Көңілім босап кетті. Тарыққан кісіге бей-жай қарай алмадым, бірден келістім. Тележкіге алғашқы қажетті заттар салынғаннан кейін қария тауарларды үсті-үстіне үстей берді. Үлкен кісінің бетін қайтарып, "тоқтаңыз!" деп айтуға батылым бармады", – дейді әйел.
Ең сорақысы ақысын төлеп, кассадан өтіп, сыртқа шыққанда болыпты. Дүкеннен шыға берісте алдарынан жап-жас жігіт шығып, арбадағы ауыр екі пакетті алып кетіпті.
"Аң-таң болып қарап тұрсам, ер адам шетелдік қымбат көлікке мініп жатыр. Ал, қарт кері бұрылып, супермаркетке кіріп кетті. Мен болсам, алабұртқан күйде, сан-саққа жүгірген ойдың жетегінде қалдым. Сонда бұл шынымен де тағдыр тауқыметін тартқан жанның мұқтаждығы ма еді, әлде менің ізгілігімді, аңқаулығымды өз пайдасына жаратқан кезекті бір айлакерлік пе?", – дейді Әсия.
Әрине, бүгінгі қоғамда мұқтаждық маскасын киіп, өзгенің таза ниетін дүниеқоңыздық пен алаяқтықтың құралына айналдырушылардың көбейгені қынжылтады. Алаяқтық адамдардың бір-біріне деген сенімін селдіретіп, шынайы көмекке зәру жандардың несібесіне қиянат жасайды. Ниеттің тазалығы маңызды, бірақ мейірімділіктің де көреген, байыпты болғаны абзал.
Қарағандылық Ренат супермаркетте өзіне бір бойжеткен жүгініп, нан мен майдың ақысын төлеп беруді сұрағанын әңгімеледі. "Түскі асқа талғажу етер ештеңесі қалмаған шығар" деген ізгі ниетпен ол бірден келіседі.
Алайда, сөрелерді аралағанда әлгі қыздың талғампаздығы оянып: "Мен тек мынадай нан жеймін, майдың да осы түрін ғана аламын", – деп шікәмшілдік таныта бастайды.
"Қарап тұрсам: "Мына колбаса, ірімшікті, сусынды да қосып қой", – деп, кілең қымбат брендтерді бірінен соң бірін кәрзеңкеге тоғытуда. Мұнысы енді шынайы тарығу емес, өзгенің ақкөңілдігін шектен тыс пайдалану емес пе?! Сен шын аш емессің ғой, "тарелочница", тапқан екенсің "лохты" дедім де, кәрзеңкені жерге қойып, кетіп қалдым", – дейді Ренат.
Шынайы тарыққан жан тағам таңдамай, барға қанағат етер болар? Өзгеден жәрдем сұрағанда иба мен әдептің шегінен шықпау – адамдықтың белгісі.
Аңқаулықты аңду: ақкөңілдерді "тұзаққа" түсіру тәсілі ме?
Threads әлеужелісінде пікір білдірген қазақстандықтар ұқсас оқиғаға тап болғандарын жазуда. "Мен бастапқыда, бұларды аяп, пакет-пакетпен азық-түлік те тасыдым, жаңа киімдерімді де тегін тараттым. Бірақ кейбірі оларды ала сала қопарыстырып, "мынаның маған керегі не?" деп лақтырып, реніш білдірген, сынаған соң қойдым ғой! Біреуі тіпті: "Маған тек қызыл балық әкел!" дейді ұялмай. Жұмыс істейтін менің өзім албырт-ақсерке деген балықтарды сатып ала алмаймын", – деп қапаланады gulf00001 никті пайдаланушы.
"Кеше супермаркет ішінде азық-түлік алып жүрген едім. Қасыма жасы шамамен 30-дардағы, үсті-басы жинақы бір жас жігіт таяды. Дауысы биязы, өзі өте сыпайы екен. "Кешіріңіз, маған мына заттарымның ақысын төлеп бере алмас па екенсіз? Тек нан мен соус қана", – деп өтініш білдірді. Өмірде неше түрлі жағдай болады ғой, қолұшын соза салайын деген ниетпен келістім. Алайда оның таңдауын көргенде таңғалысымды жасыра алмадым. Ол сөредегі ең қымбат нанға (800 теңге) қол созып: "Маған глютені бар өнімдерді жеуге болмайды", – деп өзінше түсіндірді. Содан соң соус іздеуге көшті. Қарапайым кетчуп не майонез емес, гурмандарға арналған, бағасы 3700 теңге тұратын ерекше соусты алды. Сосын еш қымсынбастан: "Жалпы сомасы небары 4 500 теңге болады екен", – дейді бетіме бажырая қарап. Мен оған: "Жоқ! Сау бол, жолыңнан қалма!", – деп, теріс айналып, жөніме жүре бердім", – деп жазды talgatkarim1212.
"Қазіргі тіленшілердің "талғамы" керемет. Тіпті мен өзіме-өзім қимайтын кілең қымбат тауарларды талап етеді. Енді ондай өтініштерге мән бермейтін болдым. Әбден тісқаққан болып алған: кімнің аңқау, ақкөңіл екенін алыстан қарап, бет-жүзіңнен танып, біледі. Таяуда көшеде ұйықтап жатқан адамды оятып, қандай көмек не тамақ керектігін сұрамасым бар ма? Мас екен. "Үйіңе апаршы, уақытша тұра тұрайын. Баспана жалдауға қаржы болмай тұрғаны. Мен боксшымын, бокстауға үйретемін. Бокс-бокс!", – дейді. Жоқ, ондай көмек көрсете алмайтынымды ашық айттым. Спортшы болса, балаларды жаттықтырып, табыс таппай ма?", – дейді new_kokchetav әкімшісі.
Өзге пікір білдірушілер мұндай адамдардың кейбірі табанды түрде чекті талап ететініне, демек, кейін тауарды кері өткізіп, табыс табуы да мүмкін екеніне назар аудартты.
Әрине, бұл жазбалардың бір парасы – желілік танымалдылықтың соңынан еріп, қаралым мен "лайк" жинау үшін қиялдан туған көркем туынды болуы да әбден мүмкін. Дегенмен жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды. Қоғамдық ортада мұндай жат құбылыстың бой көрсетіп, тамыр жайып бара жатқанын мүлдем жоққа шығаруға болмайды.
Мейірім – адамды адам ететін қасиет. Бірақ мейірім сенімге сүйенеді. Ал сенім қулықтың құралына айналған жерде адамдардың бір-біріне деген ықыласы да жүдей бастайды. Бір адамның айласы ертең шын мұқтаж жанға көрсетілер қайырымдылық көмектің тапшылығына соқтыруы мүмкін.
Бұл оқиғалар – тек жекелеген адамдардың әрекеті емес, қоғамдық сананың дертіндей. Көмекке мұқтаж жанға қол ұшын созу парыз, бірақ мейірімділіктің "саудаға" айналуына жол беру қоғамның іштей іруіне әкеледі. Нағыз қайырымдылық пен жүйелі масылдықтың аражігін ажырата білу бүгінгі саналы қоғамның сын-тегеуріні болса керек. Елдіктің беріктігі тек жанашырлықпен емес, сол жанашырлыққа деген адалдықпен де өлшенеді. Сенім жоғалған жерде мейірімнің де арнасы тарыла түседі.