Қазақстанда қалталыларға енді көлдер, тіпті теңіз де тегін таратылады

887

Шенеуніктер бұған елімізде балық шаруашылығын дамыту үшін барып отырғандарын алға тартады. 

Қазақстанда қалталыларға енді көлдер, тіпті теңіз де тегін таратылады Фото: 34travel

Биылғы 11 тамызда "тарихи бетбұрыс" басталғалы тұр. Сонда "Аквашаруашылық туралы" заңы және ілеспе заң күшіне енеді (негізгі заң жобасы бастапқыда "Акваөсіру туралы" деп аталды, сарапшылар арасында да ол осы атымен талқыланған еді).

Құжатта оның "алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік 60 күн өткен соң қолданысқа енгізілетіні" көрсетілген. Заңға биылғы 12 маусымда қол қойылып, ресми жария етілді. 60 күндік өтпелі кезең 11 тамызда аяқталады.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, Қазақстанда балық шаруашылығы агроөнеркәсіп кешенінің перспективті бағыттарының біріне айналды.

"2024 жылы балық өсіретін шаруашылықтар өсірген тауарлық балық көлемі 24 мың тоннаға дейін ұлғайды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 28%-ға көп! Саланы одан әрі дамыту үшін бірқатар маңызды бастамалар іске асырылуда. Атап айтқанда, балықты өсіру және қайта өңдеу жобаларын қолдау үшін 2,5% ставкамен жеңіл бюджеттік кредиттеу енгізілді. Каспий теңізінде шабақ өндіру лимиті 8 мыңнан 30 мың тоннаға дейін ұлғайтылды", – деді вице-министр.

Жалпы, 2025 жыл қорытындысында елдегі теңіз балығының өндірісі көлемін 70 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланған екен.

Алайда заң жобаларын Парламенттен өткізу үшін керісінше, саладағы ахуал нашар етіп көрсетіліп, қара аспан төндірілді. Жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев балық шаруашылығы "жыларман жағдайға" жеткенін мәлімдеді.  

"Ал, балықты біз тіпті нормадағыдан да аз жейміз! Көп жеуіміз керек, өйткені ол тамақтану рационындағы өте маңызды өнім. Біз әзірлеген мына заң жобалары аквамәдениетті дамыту саласындағы қатынастарды реттейтін құқықтық тетіктерді құрады. Сондай-ақ осы кәсіпті шағын және орта бизнес үшін инвестициялық тартымды етеді. Заңдарды қабылдау сала тізеден тұруы үшін маңызды. Ол инвестиция тартады, балық өнімдерінің экспортын ұлғайтады, жаңа жұмыс орындарын ашады. Ең бастысы – әрбір қазақстандықтың күнделікті ас мәзірінде балық пайда болады", – деп уәде етті мәжілісмен Пономарев.

Бұл заңдарды депутаттық корпус тегіс қолдап, дауыс берді. Дегенмен, көлдерді, тіпті теңіздің телімдерін бизнеске тегін және ең бастысы – ешқандай конкурссыз, байқаусыз тарату бірқатар депутаттың өзін тіксінтті.

Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Аманғали Бердалиннің айтуынша, сөз болып отырған заңда шынында да, бұдан былай су айдындарын конкурстық негізде және конкурс рәсімдерін өткізбей беру тәртібі қатар көзделген.

"Тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыру үшін халықаралық және республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының учаскелері Қазақстанның заңды тұлғасы осы заңда белгіленген талаптарға сәйкес келген және ол міндеттемелерді қабылдаған кезде уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес Қазақстанның заңды тұлғаларына уәкілетті органның шешімімен конкурс өткізілмей бекітіп беріледі", – делінген жаңа заңның 11-бабында.

10-шы бабы жергілікті көлдерді конкурс өткізбей, уәкілетті органның шешімімен үлестіруге жол ашады.

"Су айдындарын аукционда сатуды электрондық портал арқылы конкурстық негізде жүргізу ұсынылады. Бұл ретте егер бизнесменнің тор қоршамада балық өсіретін шаруашылық құру жөніндегі инвестициялық жобасы болса, оған жеңілдік болады. Заңның 11-бабына сәйкес, егер ол кемінде 150 000 АЕК инвестиция салса, халықаралық және республикалық маңызы бар су айдындары оған конкурс өткізбей-ақ беріледі. Бүгінде бұл шамамен 550 миллион теңгені құрайды", ‒ деді Аманғали Бисенбайұлы.

Вице-министрдің түсіндіруінше, көл мен теңіздегі телімді алатын инвесторға небары 2 негізгі шарт қойылады: бизнес-жоспарының болуы және қаржысының болуын растау.

Оған жүктелетін міндеттеме де екеу ғана: өндірістік қуаттарды салу, балық өсіру көлемін ұлғайту.

Сондай-ақ осы инвесторларға бюджеттен миллиардтаған теңге ақша төленеді, ол ақша несие емес, демеуқаржы болады және кейін бюджетке кері қайтару талап етілмейді.

"Мемлекеттік қолдаудың қосымша шаралары енгізілуде. Бұл – субсидиялау, жеңілдікпен кредит және ғылыми сүйемелдеу. Сондай-ақ балық өсіру үшін бизнес субъектісіне су беру жөніндегі қызметтердің құнын да бюджеттен субсидиялаудың жаңа түрі көзделеді. Субсидиялау агроөнеркәсіп кешенін субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы жүргізілетін болады", ‒ деді ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Бердалин.

Eneryprom мониторинг агенттігі сарапшыларының айтуынша, 2021–2030 жылдарға арналған қолданыстағы Балық шаруашылығын дамытудың жаңа стратегиясына сәйкес, мемлекет 268,8 миллиард теңге қолдау қаражатын бөліп жатыр.

"Сондай-ақ балық өсіруші шаруашылықтар енді салық жүктемелерін 70%-ға дейін азайта алады. Бұған қоса, құйған инвестқаржыларының 25%-ын бюджеттен өтемақы түрінде кері қайтарып ала алады. Сонымен бірге, олар азықжемдер құнының 30%-ын, шабақтарды, дәрі-дәрмекті, құнды балық түрлерінің аналық үйірін сатып алу шығыстарының 50%-ын "жабатын" субсидияларды ала алады. Бұл ақпаратты бізге Экология министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті ұсынды", – деп хабарлады агенттік сарапшылары.

Жаңа заң бойынша Қазақстанда аквашаруашылықтың жосықсыз субъектілерінің тізілім-реестрі жүргізіледі. Оның "қара тізіміне" кірген бизнесмендерге, қалталы азаматтарға өмірбойға емес, тек 5 жыл бойы жаңа су қоймасын иеленуге тыйым салынады. Ары қарай су қоймаларына қайта қол жеткіземін десе, тыйым жоқ.

Бұл заң бюджеттен басқа да шығыстар шығаруды талап етеді. Мысалы, Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Аквашаруашылық субъектілерінің тізілімі енгізіледі. Сол арқылы өсірілген балық өнімдерінің қозғалысы бақыланады.

Осы мақсатта республикалық бюджеттен аталған ақпараттық жүйені құруға келесі жылы 1 млрд 230 миллион теңге бөліне бастайды. Ақпараттық жүйе "Кеден", "Электронды Үкімет", ветеринарлық қызмет, "EDIS" субсидиялау жүйесі және басқа меморгандардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияланады.

Мәжіліс депутат Ерлан Саиров бұл заңды қолдап дауыс беріпті. Бірақ оның қаншалықты дұрыстығына қатысты көңілінде сұрақтар қалған көрінеді.

"Мысалы, заң жобасында жаңа өндірістік объектілер салуға инвесторлар 550 миллион теңге берсе, өндірісті жаңғыртуға 370 миллион теңге салса болды, онда сол инвесторларға кез келген су айдындары, яғни көлдер конкурссыз, тегін беріледі. Халық суын ішіп, балығын аулап, күн көріп отырған ірілі-ұсақты көлдерді конкурссыз, тегін үлестіру жаппай сыбайлас жемқорлыққа әкеп соғуы мүмкін. Ертең сол көлдердің иесі болып, биліктегілердің көкесі, құдасы жүрмей ме? Неге 550 миллион теңге ғана? Мұнша инвестиция қандай есептерге сүйеніп белгіленгені белгісіз", – деді мәжілісмен.

Депутат Нұртай Сабильянов та заңның "болашағына" күмәнданады.

"Заң су айдындарын конкурссыз береді. Ал, конкурссыз беру коррупцияға соқтыруы мүмкін. Инвестициялық комиссия құрамыз дейді. Қанша жерден комиссия құрса да, су айдындарын конкурссыз берудің бәрібір кері әсері болады. Мен бұл мәселені бір кісідей білемін. Шығыс Қазақстан облысының, Абай облысының аумағына кіретін Зайсан көлі бар. Сол көлдің жағалауындағы Тұғыл, Байтоғас, Ақсуат ауылдары балық аулаумен айналысады. Кезінде олардың нәпақасын тартып алған, әрең дегенде мәселе шешілген. Қазір бірқалыпты жұмыс істеуде. Ертең сырттан келгендер конкурссыз олардың көлдерін тартып алуы ғажап емес", – дейді Сабильянов.

"Акваөсіру үшін конкурссыз беру мақсатында бізде резервтегі арнайы су айдындары да бар. Мысалы, Каспий теңізінде, еліміздің ірі Бұқтырма су қоймасында осындай шаруашылықпен айналысуға болады. Конкурссыз берілетін болғандықтан оны инвестициялық комиссия бекітетін болады", – деді АШМ вице-министрі Бердалин.

Инвесткомиссияның құрамына әкімдік пен мәслихаттың, бассейн инспекциясының, салалық кәсіпорындардың өкілдері кіреді.

"Бұл жерде шешімді жалғыз бір адам қабылдамайды ғой. Сондықтан сыбайлас жемқорлық тәуекелдері болмайды деген ойдамыз", – деп тұспалдады Аманғали Бердалин.  

Кезінде әлдебір бай-бағыландар заңсыз иеленіп алған су қоймалары қазіргі кезде құзырлы органдардың арқасында мемлекет меншігіне қайтарылуда. Мысалы, таяуда Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары бірегей Теке көлін мемлекетке кері оралта алды. Ведомствоның бағалауынша, бұл көлдің тек балық ресурсы ең кемі 26,7 миллиард теңгеге тартады.  

Алайда мына жаңа заң толыққанды қолданысқа енгізілгеннен кейін қалталы қазақстандықтар ол су қоймаларын заңды негізде, еш қымсынбай, иеленіп кете алатын болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу