Бірлескен отырыста "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР Конституциялық заң жобасы қаралып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық соттардағы судьялардың бос лауазымына кандидаттарды Жоғарғы Сот кеңесі конкурстық негізде іріктейді. Ұсынылып отырған заң жобасына сәйкес шалғай жерде орналасқан және штат саны үш бірліктен аспайтын сотта судья лауазымына конкурс өтпеді деп танылған жағдайда іріктеуді конкурстық тәртіппен алып тастау ұсынылып отыр. Мұндай жағдайда Жоғарғы Сот кеңесіне сот төрелігі академиясында оқуын аяқтаған, біліктілік емтиханын тапсырған түлектерді ұсыну құқығы берілгелі отыр. Магистрантты шалғайдағы немесе құрамы шағын соттарға конкурссыз тағайындау қаншалықты дұрыс? Сот төрелігі академиясында тапсырылатын емтихандардың күрделілігі судья лауазымына үміткерлер тапсыратын емтихандарға сай келе ме? Халықаралық практикада судьяларды осылай тағайындаудың тәртібі көзделген бе?", - деп сұрады Мәжіліс депутаты Абзал Құспан.
Сенатор Нұрлан Бекназаровтың сөзінше, біздің елімізде әртүрлі деңгейдегі 300-ден астам судьялардың орны бос.
"Соның ішінде 20-ға жуығы шалғай аудандар мен аз қамтылған соттарда. Сот төрелігі академиясынан білім алған түлектерді конкурссыз сол лауазымдарға ұсыну бойынша Жоғарғы Сот кеңесіне осындай құқық беріліп отыруы осы мәселені ілгерілету, тиімділік жағын арттыру мақсатында қарастырылып отыр. Конкурсқа дейінгі заңдағы көрсетілген баптардағы судьяға үміткерлерге қойылатын Конституциялық заңдағы талаптардың барлығы сақталғанын айтуымыз керек", - деп жауап берді Сенат депутаты.