Қазақстанда қазақ тілінде қызмет көрсетуді сұрау қауіпті болған ба?

2267

Шағым иесінің айтуынша, дүкенде қазақша сұрақ қойса, сатушы: "Сен мында ұлтшылдығыңды тықпалама!" деп шаңқылдап шыға келеді екен.

Қазақстанда қазақ тілінде қызмет көрсетуді сұрау қауіпті болған ба?

Қазнет, әлеуметтік желі, сарапшылар әдетте "қалғып отыратын" Қазақстан халқы Ассамблеясының танытқан керемет батылдығын таңғала талқылап жатыр. ҚХА Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублевскийдің мәлімдемесіне қатаң қарсылық білдіріп, тиісті мәлімдемесін өз сайтында жариялады. Әрине, елшінің ағат сөзін қолдау жарамас. Алайда ҚХА-ның тек украиналық елшінің сөзіне ғана үн қатқаны түсініксіз. Ресейдің билігіндегі ірі тұлғалар, ресейлік пропаганда Қазақстанның тәуелсіздігіне, жерінің бүтіндігіне, халқымыздың бірлігіне қарсы сөз сойылын сілтеуін өрістетуде. Ал Ассамблеямыз тым-тырыс.

Жалпы ҚХА енді мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтумен айналысады деген сөз айтылды. Бұл оның тұжырымдамасында бар. Алайда белсенділік байқалмайды. Оның ресми сайтында да бұл бағытта атқарылып жатқан ірі, жаңа шараларды, бастамаларды таба алмайсыз.

Осыдан кейін қазақтар болашақ ұрпағының қазақ тілінде тәрбиеленуі, орыстанбауы, ділін, дінін, қазақы болмысын сақтауы үшін шетелге, Түркияға көшетін парадоксты үрдіс өркен жая бастады.

Осы орайда Қазақстандағы қазақ ұлтының өкілі Үкімет мүшелеріне қызықты сауал қойды. 

"Мен Қазақстан азаматымын және тек ана тілімді – қазақ тілін ғана жетік меңгергенмін. Сондықтан менің Қазақстанда жекеменшік балабақша-бөбекжайда, ірі, орта, шағын кәсіпкерлік нысандарында, соның ішінде дүкендерде, ойын-сауық, көңіл көтеру орындарында, қоғамдық тамақтану орындарында қызмет көрсетушіден ауызша не жазбаша ақпараттарды мемлекеттік тілде, әрі толық көлемде алуыма құқығым бар ма? Әйтпесе орыс тілін еркін меңгермегендіктен, ол тілде тілдесу көп қазақстандықтар тәрізді маған да қиын. Бірақ мемлекеттік тілдегі ас мәзірі, түрлі кәсіпкерлік нысандарының көрнекі ақпараттары табыла бермейді. Қазақ тілінде сауал қойсам, жақсырақ түсіну үшін қазақша жауап беруді сұрасам, қызмет көрсетуші немесе сатушы "не, тіл патрулісің бе?", "ұлтшылсың ба?" деген сияқты ауыр айыптаулармен қабылдайды", – деп қамығады Гүлзейнеп Ә. Үкімет өкілдеріне хатында.

Қазақтардың Қазақстанда отырып, қазақша қызмет ала алмағаны азап. Бұрынғы әнұранымызда айтылатындай, "тағдырдың тезі, тозақтың өзі".

"Осыдан біраз бұрын Дәурен Абаевтың "үңгірдегі ұлтшылдық" туралы сынай сөйлеп, мемлекеттік тілде қызмет беруге қырын қарайтындардың қолтығына су бүркіген естіп, есімізден тана жаздап едік. Мұның бәрі сайып келгенде менің ана тілімде әрі мемлекеттік тілде емін-еркін қызмет алып, қарым-қатынас жасауыма кедергі тудырып келеді. Сұрақ: жеке секторда, кәсіпкерлік нысандарда ауызша-жазбаша ақпаратты мемлекеттік тілде толық көлемде алуға құқылымын ба? Әлде ондай құқық жойылған ба? Қандай жағдайда қазақ тілінде қызмет алуды талап еткен тұтынушы "тіл патрулі" немесе "ұлтараздық тудырушы" ретінде айыпталады? Осының ара-жігін аштыңыздар ма, әлде қазақ тіліндегі кез келген сауал үшін қылмыстық қудалауға ілігіп кетеміз деп қорқуымыз керек пе? Осының бәрін адам ұғатын тілде түсіндіріп берсеңіз екен. Әйтпесе қазір қазақ ретінде өз құқығымызды талап етуге шын үрейленетін болдық. Мемлекеттің тілге қатысты шығарған үкімдері мен шешімдері, түрлі қозғалған қылмыстық істер мемлекет екіжүзді стандарт ұстанатын тәрізді сенімсіздік тудырады", – деді Гүлзейнеп Ә.

Ол бірінші кезекте, тұтынушы ретіндегі құқығы аяққа тапталғандықтан бұл сауалын Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасының блогына жолдапты. Өйткені осы істе қорған болуға тиіс Тіл комитетінен қайран болмай тұр.

Бірақ әрбір тұтынушыға араша болуға жауапты ведомство да бұл істе көмектеспейтіні белгілі болды. Ол Қазақстанда орыс тілі қатар қолданылатыны туралы ескі мантраны қайталаумен жалтарды. Сондай-ақ құқығыңыз бар деп, орындалмайтын заңнан үзінді келтіре салды.

"Тiл туралы заңының 8-бабына сәйкес мемлекеттiк тiл Қазақстан меморгандарының, ұйымдарының және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының жұмыс және iс қағаздарын жүргiзу тiлi болып табылады, орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады. Мемлекеттiк емес ұйымдардың жұмысында мемлекеттiк тiл және қажет болған жағдайда басқа тiлдер қолданылады. Осыған байланысты, "Тұтынушылардың құқығын қорғау" заңының 24-бабында көрсетілгендей сатушы, дайындаушы, орындаушы тауар, жұмыс, қызмет туралы ақпаратты қазақ және орыс тілдерінде беруге тиісті. Сонымен қатар, тiл туралы заңының 6-бабына сәйкес Қазақстан азаматының ана тiлiн қолдануына, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тiлiн еркiн таңдауына құқығы бар", – деген жауабын орналастырды өз блогында Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Асқар Тынысбеков.

Жалпы қазақ тілінің проблемасы мейрамханада қазақша ас мәзірін ұсынбаумен, сатушылардың доқ көрсетуімен бітсе, сонша қамықпауға болатын еді. Қазақстандықтар қазіргі кезде мемлекеттік лицензиялары бар көптеген нотариустардың мәмілелерді, келісімдерді, басқа ресми іс-қағаздарды тек орыс тілінде толтыратынына шағымданып жүр. Оған түсінбей, қазақшасын сұраса, ол келісімнің мемлекеттік тілдегі нұсқасы өзінде жоқтығын, өзі оны аудара алмайтынын алға тартады екен.

"Түсіндіруіңізді сұраймын! Нотариусқа клиенттер өз бетінше мемлекеттік тілде дайындалған құжатты, қолхатты ұсынады. Ал мемлекеттік тілді білмейтін, яғни онда шынында не жазылғанын түсінбейтін нотариус бұл қолхатты растаудан бас тартуға құқылы ма?", – деп сұрады Әділет министрі Қ.Мусиннен Елена Мышкина. 

Министрлік, оның үстіне Әділетті Жаңа Қазақстандағы әділетке жауапты министрлік азаматтарды тіліне қатысты кемсітуге болмайтынын, сондықтан мемлекеттік тілдегі қолхаттарды да растауға міндетті екенін айтуы шарт еді. Ал Мусиннің командасы мемлекеттік тілді білмейтін нотариус мемлекеттік тілді ғана білетін азаматтарға қызмет көрсетуден бас тартуы керектігін меңзеді. Себебі "Нотариат туралы" заңының 53-бабына сәйкес, нотариус тараптарға олар табыс еткен мәмiле жобасының мазмұны мен мағынасын түсiндiруге және оның мазмұны тараптардың шын ниеттерiне сәйкес келетiнiн және заң талаптарына қайшы келмейтiнiн өзі тексеруге мiндеттi.

"Осылайша, әрбір мәмілені куәландыру кезінде нотариус оның заңдылығын және заңнама талаптарына сәйкестігін тексереді. Себебі ол өзінің нотариаттық әрекеттері үшін жауапкершілік арқалайды. Осыдан шығатын қорытынды: куәландыру үшін ұсынылған құжаттың тілін білмеу нотариусты жобаның мазмұнын зерделеу және заңнамада қарастырылған әрекеттерді жасау мүмкіндігінен айырады", – делінген Әділет министрі Қ.Мусиннің блогындағы жауапта.

Жалпы нотариус қазақша білмесе қазақтарға қызмет көрсетуден бас тарта алады деген бірде бір заңда жоқ. "Нотариат туралы" қолданыстағы заңның 48-бабының 1-бөлімінде "нотариаттық iс-әрекеттер жасаудан бас тартудың" толық тізімі келтірілген. Оған сәйкес, егер:

- мұндай iс-әрекет жасау заңдарға қайшы келсе;
- iс-әрекеттi басқа нотариус жасауға тиiс болса;
- нотариаттық iс-әрекет жасау жөнiнде қабiлетсiз азамат немесе қажеттi өкiлеттiгi жоқ өкіл өтiнiш жасаса;
- заңды тұлға атынан жасалатын мәмiле оның жарғысында немесе ережесiнде көрсетiлген мақсаттарға қайшы келсе;
- мәмiле заңдар талаптарына сәйкес келмесе;
- нотариусқа табыс етiлген құжат заң талаптарына сәйкес келмесе, нотариаттық iс-әрекет жасаудан бас тартылады.

Бұған қоса, енді мемлекеттік тілді білмейтін нотаруистарға бас тартудың қосымша, заңнан тыс өкілеттігі беріліп отыр. Мұндай тұйықтан лицензия беру кезінде нотариустан мемлекеттік тілді білу талабын енгізу ғана шығара алады. Бұл маңызды, өйткені нотариустар заң бойынша мемлекет атынан қызмет жасап, мемлекеттік функцияларды атқарады. Елімізде ірі қалаларды қоспағанда, ауыл-аймақта нотариустар жетіспейді. Сонда мысалы, солтүстік, шығыс, орталық өңірлерде кейбір елді мекенде тек бір ғана нотариус болып, ол мемлекеттік тілді білмесе, онда сол елдімекендегі орыс тілін білмейтін барлық азаматтар бұл қызметтен қағылуы ықтимал.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу