Қазақстанда көктемгі аңшылық маусымына тыйым салынды

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
5441

Былтыр елімізде заңсыз аң аулау бойынша 4774 хаттама толтырылып, 4643 адам әкімшілік, 30 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. 51 қару тәркіленіп, аңшылар 2,5 млн теңге айыппұл төледі. 

Қазақстанда көктемгі аңшылық маусымына тыйым салынды

2016 жылдың 3-ші қыркүйегінде ашылған аңшылық маусымы 2017 жылдың 15-ші ақпанына дейін жалғасады. Бұдан кейін аң, құс ату заңға қайшы әрекет болып табылады.

Арнайы рұқсатпен аулауға сүтқоректілердің - 34, құстардың - 59 түрі жатады. Тек заң бойынша белгіленген аңшылық нысанда аулануы тиіс аңдардың тізіміне бұғы, аю, сібірлік тау ешкісі, сібірлік елік және доңыз кіреді. Ал құстардан шіл, құр, қаз және үйректің барлық түріне аңшылық етуге рұқсат берілген.

"Заң бойынша белгіленген аңшылық нысаны" дейтін себебіміз, бүгінде Қазақстан аумағында шамамен 690 аңшылық шаруашылық тіркелген. Қорықшылар саны 2600 адамды құрайды. Жануарлар дүниесін қорғауға 2200 автокөлік жұмылдырылған. Аңшылық алқаптардың жалпы ауданы 228 млн  га оның 120,4 млн га аңшылық шаруашылықтарына тиесілі.

Мылтық қолдануға рұқсат алған 130 мыңнан астам әуесқой және кәсіпқой аңшы өздеріне қойылған талап пен тәртіпті сақтауға тырысады. Бұл ретте "әуесқой аңшы" деген атқа қолына қару ұстай білетін кез келген адам өзінің анда-санда суыр, қоян, түлкі сынды аңдар мен қаз, үйрек, шіл сынды жабайы құстарды атып жүргенін лайық көрмеуі керек. Сипатына тоқталып өтсек, аңкөстік – аң аулаудың сырларын жетік меңгеруші, кәсіпқой аңшы; ал спорттық-әуесқойлық аңшылық – аңдар мен құстарды белгілі тәртіппен аулап, табиғат аясында тынығу. Сол себепті әуесқойлық аң аулауға қойылатын талаптар да бар. Қазір ауыл айналасында саят құрудың өзіне аңшы куәлігі, салық заңнамасында бекітілген мемлекеттік баж салығының төленгені туралы түбіртек, жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат, аңшылық шаруашылығы субъектісінің жолдамасы, аңшылық атыс қаруын сақтау және алып жүру құқығына берген iшкi iстер органдарының рұқсаты, жыртқыш құстарды белгiленген тәртiппен берiлген тіркеу туралы құжат болуы тиіс. Бұлар болмаса аңшылық жасау – браконьерлікке жатады. Осы турасында аңшы Ерік Рахым пікір білдірді.

"Мылтықтан бұрын рұқсат аласыз. Ол үшін психо-наркодиспансерден жəне істі болмағаныңыз жөніндегі анықтама қажет. Үйде талапқа сай сейфіңіз (қабырғасының қалыңдығы 2 см-ден кем емес) болуы керек, дабыл орнатасыз. Қару сақталатын жердің терезесі торланған болуы шарт. Алдымен тегіс ұңғылы қару, 3 жыл тəжірибеден соң сайлы ұңғылы мылтық аласыз. Қазіргі заң бойынша əр адам екі тегіс ұңғылы, екі сайлы ұңғылы қару алуға құқылы. Одан артыққа рұқсат жоқ. Алғанмен шаруа бітпейді. Сақтаудың тəртібін бұзбау қажет. Өз басымнан өткен оқиға: қару тіркелген мекенжайдан басқа жерге көштім. Қаруды өзіммен бірге əкеттім. Оны учаскелік полицейге ескертуді ұмытыппын. Салдарынан 15 АЕК айыппұл төледім, – деді ол.

Демек аталған құжаттарсыз мылтығын асынып алып, тоғай аралап жүрген азаматтар қорықшылар мен тәртіп сақшысына тап болса, өзін ешқандай сылтаумен ақтап ала алмайды. Бұл сөзімізге дәлел ретінде 2016 жылдың тамызында тіркелген мәліметті келтірсек те жеткілікті. Былтыр елімізде заңсыз аң аулау бойынша 4774 хаттама толтырылып, 4643 адам әкімшілік және 30 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ал аңшылық барысында өрт қауіпсіздігі шараларын қамтамасыз етіп, табиғатты тұрмыстық, кәсіптік қалдықтармен ластамау – басты шарт.

Мылтық мәселесінде сөзіміз жалаң болмас үшін біз Астана қалалық ІІД Әкімшілік полиция басқармасы Азаматтық және қызметтік қару айналымына бақылау жасау бөлімшесінің басшысы, полиция подполковнигі Бағлан Қазбековті әңгімеге тарттық. Оның айтуынша, аңшы куәлігі жоқ азамат ішкі істер органдары тарапынан аңшылық атыс қаруын сақтау және алып жүру құқығын ие болмайды. Сондай-ақ өз иелігіндегі рұқсат етілген мылтықты басқа біреуге берсе, екеуі де әкімшілік жазаға тартылып, қару тәркіленеді.

"Елімізде "Қансонар" атты аңшылық бірлестік және аңшылық шаруашылық субъектілерінің республикалық қауымдастығы бар. Бізге аң аулау бойынша сондағы емтиханнан өткендігі туралы сертификат және аңшы куәлігін алған азамат қана келеді. 2016 жылы Астана қаласы бойынша сондай 847 аңшыға ойық және тегіс ұңғылы азаматтық аңшылық қаруын ұстауға рұқсат берілді. Ал сол жылдың 1 сәуірі мен 30 қыркүйегі аралығында өткен акция нәтижесінде заңсыз сақталған 51 қаруды тәркіледік. Иелеріне 2,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл бағыттағы іс биыл да жалғасады, – дейді Бағлан Қазбеков.

Ал аңшылар мемлекеттің мұндай шараны жиі өткізуіне қарсы. Олар "заңды тым қатал етуге болмайды" деген пікірде.

"Биылдан бастап Қазақстанда көктемгі аңшылық маусым деген жоқ. Оған тыйым салынды. Бұған құстың азаюы себеп болды. Өткен жылдың соңында осындай өзгеріс енгізілгенде ресейлік аңшылар қатты қуанды. Олар үйрек-қаздың Қазақстаннан аман-есен өтетінін және оны өздері армансыз ататынын біліп отыр. Негізі бұл əбден зерттелмей жасалған іс болды. Меніңше көктемгі аңшылық маусымына тыйым салғанмен құс көбеймейді. Жалпы, заңды қаталдатудың қажеті шамалы еді деп ойлаймын. Десек те өзгеріс енгізіліп қойды. Сондықтан қоян аулау маусымы аяқталған соң (15 ақпан), суыр аулау маусымы басталғанға дейін (15 маусым) мылтығымызды майлап, сейфке салып қоямыз", – дейді Ерік Рахым.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу