Қазақстанда көліктердің жаңа VIP нөмірлері пайда болмақ

7756

Үкімет автокөліктерге арналған мемлекеттік тіркеу белгілерінің тізімін кеңейтуге кіріседі.

Қазақстанда көліктердің жаңа VIP нөмірлері пайда болмақ Фото: kolesa.kz

Пандемия және экономикалық дағдарыс қатар қысқан 2021 жылы қазақстандықтар "темір тұлпарларының" VIP нөмірлеріне 6 миллиард теңгедей шығындаған. Бұл туралы таяуда "Азаматтарға арналған Үкімет" мемлекеттік корпорациясы ресми мәлімдеген еді. Осылайша, былтыр 20 мыңнан астам азамат әдемі нөмірлерге ие болған.

"Өткен жылы қазақстандықтар жалпы сомасы 5,8 млрд теңгеге жоғары сұранысқа ие немесе VIP деп аталатын нөмірлерді сатып алды. Автокөлік иелері 2020 жылмен салыстырғанда әдемі нөмірлерді көбірек рәсімдей бастады. Алдыңғы жылы 3,9 млрд теңгеге 12 616 нөмір сатып алынды", – делінген мемкорпорация хабарламасында.

"Понтты" басты орынға қоятындардың көбі Алматыда тұратын болып шықты. 2021 жылы VIP нөмірлерге ең көп қаражат жұмсаған да солар (6 882 нөмірді иелену үшін 2,2 млрд теңге шығындады). Екінші орында Шымкент (шымқаланың автокөлік иелері 3 190 нөмірді алу үшін 818 млн теңге санап берген). "Үштікті" астаналықтар тұйықтайды (2 231 нөмірге 667 млн теңгесін қиған).

Ал мұндай паңдыққа бей-жай қарау Солтүстік Қазақстан облысына тән екен. Өткен жылы онда 45 млн теңгеге жалпы саны 169 ғана ерекше нөмір тізбегі сатып алынды.

Мемкорпорация дерегінше, сандар мен әріптердің комбинациясына байланысты VIP-нөмірлердің бағасы 174 591 теңгеден басталады. Ең қымбаты үшін 872 955 теңге сұралады.

Бұл дамыған және озық дамушы елдердің бәрінде бар тәжірибе. Бірақ мұнда да Қазақстан "төл жолымен" жүрді. Мысалы, АҚШ-та, не араб елдерінде әсем нөмірлер аукцион арқылы сатылады. Әлемдегі ең қымбат мемнөмір – 1, ол Біріккен Араб Әмірліктерінде 52,2 млн дирхамға (14,3 миллион долларға) сатылған.

Қазақстанда, "Азаматтарға арналған Үкіметтің" түсіндіруінше, "нөмір иесі ерекше нөмірлер тізбегін басқаға, үшінші тарапқа сыйға бере де алмайды, сата да алмайды. Егер көлік сатылса, нөмір иесі ол нөмірін жаңа көлік сатып алғанға дейін мамандандырылған ХҚКО-да 6 ай ғана сақтай алады".

Өзбектер тағы алға озды

Айтқандай, бізбен бірге көрші Өзбекстан да "әдемі" мемнөмірлерді ақылы етті. Оларды аукцион арқылы сатады және бұл мемлекеттік бюджетке ылан-ойран табыс әкеледі. 2021 жыл қорытындысында өзбектер "ви-ай-пи" белгілерді жалпы сомасы 27 миллион доллардан астам сомаға сатып алған. Республикадағы ең қымбат мемнөмірді Самарқанд тұрғыны қанжығалады. Өңірде былтырғы 14 желтоқсанда онлайн-аукционға шығарылған  "Z 777 ZZ" белгісін ол 596,5 млн сумға (шамамен 57 мың доллар) алды. Бастапқы бағасы 111,5 млн сум болған. Бүкіл Өзбекстанға танылған бұл мемнөмірді иесі Chevrolet Malibu-ға тағыпты. Яғни автокөлік нөмірі автомобильдің құнынан екі еседей қымбатқа түсті.

Жалпы алғанда, 2021 жыл қорытындысында avtoraqam.uzex.uz Өзбек республикалық тауарлық-шикізаттық биржасының веб-сайтындағы онлайн-аукцион арқылы 139,4 мың автонөмір 298,8 миллиард сумға сатылды. 1 доллар – 11 мың өзбек сумына тең, демек осыдан өзбек бюджеті 27 млн 163,6 мың доллар пайда тапты. Бір жыл ішінде автонөмірлер саудасы саны жөнінен 40%-ға, ал одан түсетін кіріс – 21%-ға өскен.

Мұндай мәліметтер өзбек қоғамында қызу пікірталас туғызып жүр: елдің үлкен бөлігі мұның ысырапшылдық әрі мұсылманшылдыққа жат саналатынын, қаражатын қайда шашарын білмейтіндер онысын жоқ-жітікке бергені жөн екенін қайталаудан жалықпайды.

Дегенмен "керемет" мемнөмірді сатып алғандардың ақшасы онсыз да ел қазынасына бағытталады: 80%-ы тікелей мембюджетке құйылса, қалған 20%-ы Ішкі істер министрлігінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, қызметкерлерін әлеуметтік ынталандыруға жұмсалатын Арнайы даму қорына беріледі. Сауданың жілігін шағып, майын іше білетін өзбек ағайындар мұны да жақсы бизнеске айналдырды.

Ал Қазақстанда 001, 002, 003, 004, 005, 006, 007, 008, 009, 777 және басқа да цифрлары және бірдей әріптері бар мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері ең қымбат дегенде 1,7 мың доллар ғана тұрады.

Пафоста шек жоқ...

Қазақстандықтар заңда бекітілген паң-нөмірлерден де жалыға бастағанға ұқсайды. Олар жаңа, "балғын" комбинацияларды іздеуде.

Алматылық белгілі кәсіпкер Әлібек Сәрсембаев Үкіметке тиісті ұсыныспен шықты.

"Көлікке арналған мемлекеттік нөмірлер қатарына жаңаларын енгізу, атап айтқанда үш нөлден (000) тұратын комбинацияны қосу туралы ұсыныс айтқым келеді. Өйткені адамдар жаңашылдықты қалайды. Демек бұл нөмірлер кең сұранысқа ие болары және мемлекеттік бюджетті толтыруға үлес қосары даусыз. Нақтылай кетсем, барлық цифрлары мен әріптері бірдей болатын, мәселен, "000 ААА" үлгісіндегі барлық нөмірлерді санасақ, 26 комбинация шығады. Онда бір өңірден ғана орта есеппен 15 449 772 теңге жиналады. Оны 17 өңірге көбейтсек, шамамен 262,6 млн теңге түспек. Егер әртүрлі комбинацияларда жасалса, 17 576 комбинация шығады", – деді ол.

Бизнесменнің билікке базынасы бар. Ол осы идеясына айырбас ретінде Қазақстанның барлық өңірлері бойынша "000 ООО 14" комбинациялы мемнөмірлерін өзінің меншігіне беруді сұрады.

Билік не дейді?

Қазақстан заңнамасы беделді мемнөмірлерді Үкіметтің әлдекімге сыйға тартуын немесе ақысыз беруін қарастырмайды, 57-285 АЕК көлемінде міндетті түрде баж салығын төлеуі шарт. Бұл туралы Салық кодексінің 615-бабының 8-тармағында егжей-тегжейлі жазылған.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов та осыған назар аудартты.

"Қазіргі кезде Салық кодексінде жеке және заңды тұлғаларға қолжетімді, жоғары сұранысқа ие мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің тізімі келтірілген. Алайда 615-бапта "000" цифрлы комбинациядан құралған МТНБ қарастырылмаған. Сонымен бірге біздің министрлік Салық кодексіне түзетулер енгізу мәселесін пысықтап жатыр. Соның аясында мемтіркеу нөмірлерінің тізімі кеңейтіледі, сөйтіп азаматтар үшін өз қалауынша кез келген әріптік немесе цифрлық мәндегі нөмірлік белгілерге тапсырыс беру мүмкін болады", – деп хабарлады вице-министр.

Бұл жерде қиял қандай өрістерге дейін қанат қаға алатыны тек заңнамалық түзетулер қоғам талқысына тасталғанда белгілі болады. Бірақ әзірге АҚШ-тағыдай нөмір орнына сөз жазуға рұқсат етілмеуі мүмкін.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу