Қазақстанда көліктің тағы бір түріне тыйым салынды

2086

Ұқсас тыйымды Еуропа елдері де қабылдап жатыр.

Қазақстанда көліктің тағы бір түріне тыйым салынды Фото: Жасанды интеллект негізінде жасалған

"Темір тұлпарлардың" кенжесі, інісі іспеттес электровелосипедтер бүгінде еліміздің жаяу жүргінші жолдарын жаулап, тар көшелерін толтырып, қала тіршілігінің ажырамас бөлшегіне айналды.

Алайда жүйткіген жылдамдық пен шектеусіз еркіндікке құмартқан бұл көлік иелерінің қылығы әлеужеліде қызу талқыға түсіп, жол мен қауіпсіздіктің, заң мен тәртіптің таразысына түсуде.

Егер кез келген машина құйғытқан күйі жаяу жүргіншілердің ортасына қойып кетсе, бұл қылмыс, тіпті лаңкестік әрекет деп танылып, жүргізушісіне тиісті жазасы беріліп жатады. Неге онда жауапкершіліктен қозғалтқышы бар, тиісінше жоғары жылдамдықты өрбіте алатын велосипедтер босатылуға тиіс?

Өкінішке қарай, Қазақстан қалаларының көшелерінде электрмен жүретін "великтер" тротуарлармен айдап, біреуді қағып құлатып, біреудің аяғын басып, айналасына жарақат салып жүр. Заң талап еткеніне қарамастан, көбінің нөмірлік белгісі де жоқ.

Жаяу жүргіншінің амандығы мен жүргізушінің жауапкершілігі тоғысқан тұста, жаңа ережелердің қатаң сақталғаны маңызды. Осы орайда әлеуметтік желілерде пікір таластырған қазақстандықтар бұл көлік түріне жүргінші жолымен жүруге рұқсат етілген-етілмегенін білмейтін болып шықты. "Депутаттар электросамокаттарға тротуармен жүруге рұқсат етті ғой, бұларға да сол рұқсат тарайтын болар" деп топшылады біразы.

"24.kz" хабарлауынша, Қазақстанда электровелосипедтердің танымалдылығы тез артып келеді. Пайдаланушылар көліктің бұл түрінің ыңғайлылығын, көп қуат тұтынбайтынын, бірақ кәдімгі көліктей жылдамдықты өрістете алатынын алға тартады. Қос дөңгелектің көмегімен кептелісте уақыт жоғалтпай, көлік-көліктің арасымен, не жол жиегімен діттеген жерге жылдам әрі бөгеліссіз жетуге болады.

Сондықтан электровелосипедтерді тамақ жеткізушілер, өзге де курьерлер жиі тізгіндей бастады. Тіпті кейбір қалада онымен таксилетіп, табыс табуға талпыныстар жасалуда.

"Электровелосипедтердің қуатты модельдері (1000-3000 Вт және одан жоғары) сағатына 50-70 шақырым жылдамдықты бағындыра алады. Ал, кейбір арнайы жиналған (кастомдық) нұсқалары сағатына 100-120 шақырымнан да жоғары жылдамдықпен зымырайды. Жылдамдық деңгейі қозғалтқыштың қуатына, батареяның кернеуіне, жүргізушінің салмағына және жол төсемінің түріне тікелей байланысты", – деп жазылған интернет-дүкеннің сипаттамасында.

Алайда танымалдылықпен бірге кейбір сұрақтар да өзекті бола түсуде: сонымен,  электровелосипедтер тротуарларда жүруге болады ма? Көліктің бұл түрін тіркеу қажет пе? Өйткені 2025 жылы олардың қатысуымен 1 мыңға жуық жол-көлік оқиғасы тіркелген.

"Жазда тротуармен жайбарақат жүру қиын: артымыздан зуылдап не электросамокат, не электровелосипед шыға келгенде зәреміз ұшады. Өздері үнемі асығыс, тез жол бермесең, ақырады, кейде боқтайды. Электровелосипедтердің жылдамдығы тым жоғары, дыбысы естілмейді, бұл әсіресе қарттар мен балалар үшін қауіпті. Оларға жаяу жүргіншілер жолымен жүруге қатаң тыйым салып, тек арнайы жолақтармен жүруге міндеттеу керек", – дейді елорда тұрғыны Азаматхан.

Эко-белсенді Әсем Баймырза электровелосипедтерге көп тиісе бермеген жөн деген пікірде. Тек тентек-телісін тәртіпке түсірген жөн.

"Электровелосипед – қала экологиясы мен кептелісті азайту үшін таптырмас құрал, бірақ қазіргі бетімен кетушілік бұл көліктің абыройын түсіріп тұр. Ережелердің нақтыланғаны жақсы болды, себебі жауапкершілік бар жерде мәдениет қалыптасады. Бірақ тыйыммен бәрін түзетуге болмайды, мемлекет оларға арнап жеке веложолдар салуға тиіс. Егер әркім өз жолымен жүрсе, жаяу жүргінші де, жүргізуші де қауіпсіздікте, көңілі тыныш болады", – деді Баймырза.

Жеткізу қызметінің курьері Руслан мемлекеттің экологиялық таза көлік түрлерін дамытуға жете мән бермей отырғанына ренжулі.

"Біз үшін уақыт – табыс көзі, сондықтан электровелосипед өте тиімді көлік, бірақ қалада веложолдардың тапшылығы бізді тротуарға шығуға мәжбүрлейді. Егер жолдың оң жақ жиегімен жүрсек, көлік жүргізушілері бізді менсінбей, кейде келемеждеп, құласын деп қыспаққа алады. Мәселе тек тыйым салуда емес, қауіпсіз инфрақұрылым жасалуында деп ойлаймын. Мысалы, электровелосипедті қоятын тұрақ жетіспейді. Алдыңғы осындай көлігімді түнде ұрлап кетті", – дейді ол.

Көлік жүргізушісі Владимир тротуарға ешқандай көлік шықпауға тиіс деген пікірде.

"Қуатты модельдердің жылдамдығы сағатына 60-70 шақырымға дейін жетеді, бұл іс жүзінде мопед немесе мотоциклмен тең. Сондықтан оларды міндетті түрде тіркеп, жүргізуші куәлігін талап ету – өте дұрыс шешім. Бірақ олар бізге де қауіп төндірмеуі керек. Жол ережесін білмейтін болса, мұндай жылдамдықпен жалпы жолға шығуы үлкен апаттарға себеп болуы мүмкін", – деді Владимир.

Бұл көліктің еркіндігіне тұсау болар заңның бүгінде барын ұмытпаған абзал: электрлі велосипедтердің жаяу жүргіншілер жолдарына шығуына тыйым салынды. Қалада тек веложолдармен қозғалуы қажет. Әрине, далада, соқпақпен салып ұрып жөнелсе, ешкім қой демейді.

Талапқа салғырт қарап, бұл тыйымды бұзғандардың қалтасына ауыр салмақ түседі: айыппұл мөлшері 2 АЕК-тен (2026 жылы – 8 650 теңгеден) басталып, 50 АЕК-ке (216 250 теңгеге) дейін жетеді.

Бірнеше рет заң бұза берсе, соңы темір торға қамалу немесе жүргізуші куәлігінен айырылу секілді қатал шараларға ұласуы әбден мүмкін. Осындай қатаң шектеулерге қарамастан, электровелосипедке деген халықтың ықыласы еш бәсеңсіген емес. Бүгінде ол тек қатынас құралы ғана емес, тынымсыз курьерлер мен тасымал шеберлерінің нәпақа тауып, табыс еселейтін құралына айналды.

Нарықтың мәліметіне сенсек, соңғы екі жыл ішінде моторы бар велосипедтерге деген сұраныс шамамен 20 есеге артып үлгерген.

Ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің ескертуінше, әрбір электровелосипедтің ресми тіркеуден өтуі талап етіледі. Қолында техникалық паспорты, "сәйгүлігінің" нөмірі, сақтандыру полисі және жүргізуші куәлігі жоқ жанның үлкен жолға шығуы – заңсыз.

Бұл талапты аттап өткендерге 40 мың теңгеге жуық айыппұл салынып, көлігі айып тұрағының тар қапасына қамалады.

"Электровелосипедтер де мопедтер сияқты енді міндетті түрде тіркеуге жатады, өйткені олар да осы санатқа жатқызылған. Электровелосипедтердің тротуармен жүруіне рұқсат жоқ. Олар веложолмен, веложолақпен, сондай-ақ жүру бөлігінің оң жақ шетімен жүруге міндетті. Бұл норманы бұзғандар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 96-бабына сәйкес жауапқа тартылып, 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді", – деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі Ақтоты Боранова.

Өткен жылдың өзінде электровелосипед тізгіндегендер жол ережесін 300-ге жуық мәрте белден басқаны үшін заң алдында жауап берді. Шектеулерге шетін қарау – қозғалыстың әрбір қатысушысының өміріне қауіп төндіретінін ұмытпаған жөн. Жол үстіндегі қауіпсіздіктің алтын діңгегі де, басты кепілі де – тек қана ережеге бағыну.

Айта кету керек, Еуропада да электровелосипедтерге тротуармен жүруге жаппай тыйым салынуда. Бұл туралы LSM.lv басылымы жазды.

Мысалы, 2026 жылғы 24 наурызда, Латвияның министрлер кабинеті Хабарлама министрлігі дайындаған Жол қозғалысы ережелеріне түзетулерді бекітті. Қатаң тыйымның бірі – электровелосипедтердің жүргінші жолдарымен қозғалуына тыйым салу. Жаңа реттеу осы жылдың 1 сәуірінен бастап күшіне енді.

"Микромобильдік құралдарға арналған шектеулер жаяу жүргіншілердің, әсіресе балалардың, қарттардың және қозғалыс функциялары бұзылған адамдардың қауіпсіздігі үшін маңызды. Электросамокаттар тіркеуге қойылып, Еуроодақ нормаларына сәйкес жаңа техникалық сипаттамадағы жапсырмалар жапсыруы шарт. Бұдан бөлек, басқа қозғалыс қатысушыларымен қақтығыстарды, ұрыс-керісті азайту үшін түзетулер роликтер, монодөңгелектер сияқты спорттық және рекреациялық мүкәммалмен қозғалу тәртібін де реттейді", – деп жазды басылым.

Айтпақшы, осы жол жүрісі ережелеріне түзету Еуропада жаңа трендті заңдастырады: автобустарға, өзге қоғамдық көліктерге арналған бағдаршамның "ақ" көзі енгізіледі. Бұл оларға жалпы ағын мен тығыннан тәуелсіз қозғалуға мүмкіндік беріп, қауіпсіздік пен жүйелілікті арттыруға ықпал етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу