Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлемдер арта түседі

7948

Оған Ұлттық банктің Қаржы министрлігімен бірлесіп әзірлейтін ережесі ықпал етпекші.

Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлемдер арта түседі

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында белгілі болғандай, Қазақстанда ірі транзакциялар үшін төлемді қолма-қол ақшасыз бақыланатын форматқа көшіру мәселесі қарастырылуда..

Атап айтсақ, Ұлттық банк Қаржы министрлігімен бірлесіп астанада, республикалық және облыстық маңыздағы қалаларда егер мәміле сомасы 3000 АЕК-тен асатын болса, көлік құралын, сондай-ақ жылжымайтын мүлікті қолма-қол ақшасыз бастапқы саудалаудың міндеттілігін қарастыратын заңнамалық түзетулер дайындап қойды.

Сонымен қатар 2020-2021 жылдарған арналған қолма-қол ақшасыз төлемдерді пайдаланды кеңейту және банктік емес төлем жүйелерін дамыту жөнінде Жол картасы әзірленді. Жол картасы төлем қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға, банктік комиссияларды оңтайландыруға, қолма-қол ақшасыз төлемдерді кеңінен түсіндіру мен дамытуға бағытталған.

Жалпы, Ұлттық банктің мәліметтері бойынша, биылғы жылдың 9 айында қазақстандықтар 23 трлн теңгенің қолма-қол ақшасыз операциясын жасаған. Бұл рекордтық көрсеткіш десек те болады, себебі ол 2019 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығындағы көрсеткіштен 2,6 есе көп.

Барлығы 2020 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында қазақстандықтар жалпы сомасы 23 трлн теңгенің 2 млрд қолма-қол ақшасыз операциясын жасаған.

Ұлттық банктегілер ТЖ режимі мен бірқатар кәсіпорынның жұмысы уақытша тоқтатылған сәуір айында қолма-қол ақшасыз операциялардың көлемінің азайғаны байқалғанын айтады. Десе де мамыр айынан бастап қолма-қол ақшасыз төлемдердің көлемі айсайын орташа 12%-ке өсіп отырған. Қолма-қол ақша шешіп алу көлемі керісінше азғантай ғана. Ол карталар бойынша операциялар көлемінің үштен бір бөлігінен аспайды, делінеді Ұлттық банктің ақпаратында.

Қолма-қол ақшасыз төлемдердің құрылымында онлайн-операциялардың, яғни интернет-банкинг пен банктердің мобильдік қосымшаларындағы төлемнің үлесі артып келеді. Егер 2019 жылы алғашқы 9 айдың қорытындысы бойынша онлайн-операциялардың үлесі 67%-ті құраса, ал биылғы жылы ол 81%-ті құрап отыр. Орташа алғанда 9 айда онлайн-төлемдердің күнсайынғы көлемі, күніне 4 млн транзакциядан, 68 млрд теңгеден асып жығылды.

Жыл басынан бері мобильдік банкингті белсенді пайдаланушылар қатары да артты. Интернет-банкингті белсенді пайдаланушылардың саны қыркүйекте 12 млн-ды құраса, жылдың басында-ақ олардың саны 8 млн болды.

Белсенді төлем карталарының жалпы саны 25 млн-ды құрайды. Қыркүйекте карта иелері оны қолма-қол ақшасыз есептесулер мен ақша шешу үшін пайдаланған. Биылғы жылдың өткен тоғыз айында еліміздің банктері 12 млн дана төлем картасын басып шығарған.

Жалпы мемлекет үшін қолма-қол ақшасыз төлемдерге көшудің бірқатар артықшылығы бар. Ең алдымен қолма-қол ақшаны басқаруға шығын шықпайды. Банкноттар мен монеталар шығару, оларды айналымға енгізу, сақтау, тасымалдау, күзету үлкен шығындарды талап етіп, сайып келгенде ол салық төлеушілер, банк клиенттері мен бизнестің қалтасына салмақ салады. Ал қолма-қол ақшасыз төлемге көшу басы артық шығыстардан құтылуға мүмкіндік бермек

Тағы бір артықшылығы – экономиканы одан әрі ашық ете түседі. Қолма-қол ақшадан бас тартқан кезде жалақыны қолға беру, бизнестің көлеңкеге кетуі секілді құбылыстар жойылып, салық жинау артып, одан мемлекет те, азаматтар да ұтпақ.


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу