Қазақстанда коррупционерлердің жұртқа жария электронды тізімі жасалмақ

3770

Билік Жаңа Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа тәсілдерін іздеп әлек. 

Қазақстанда коррупционерлердің жұртқа жария электронды тізімі жасалмақ

Республикада кейінгі жылдары ұсақ түгіл, қанша ірі жемқордың жазаланғанынан сарапшылар да жаңылды. Өйткені елді дүрліктіріп ұсталған ығай-сығайларға қатысты қылмыстық істер не созбұйдаға салынып, сиырқұйымшақтанып бітеді, немесе бірден доғарылады. Әрі кетсе, шамалы отырған соң босап шығады.

Антикордың дерегінше, барлық органдар тіркеген сыбайлас жемқорлық қылмыстар саны жыл өткен сайын азайып келеді: 2016 жылы – 2 807, 2017 жылы – 2 452, 2018 жылы – 2 375, 2019 жылы – 2 245, 2020 жылы – 2 193, былтырғы 2021 жылы – 1 557 іс тіркелген.

Біраз іс сотқа жетпей, жайрап қалады. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін былтыр 892 адам сотталды. Салыстырсақ, 2020 жылы – 1 021 коррупционер жазаға тартылған болатын.

Оның ішінде ішкі істер органдарының – 207 (2020 жылы – 254) қызметкері, әкімдіктердің және құрылымдық бөлімшелерінің – 150 (211), Қаржы министрлігінің – 34 (67), Ауыл шаруашылығы министрлігінің – 19 (18), Денсаулық сақтау министрлігінің – 16 (5), ҰҚК-нің – 10 (5), экономикалық тергеу қызметінің – 4 (7), прокуратураның – 3 (6) қызметкері, сондай-ақ 3 (5) судья бар.

Қазіргі кезде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр. Сол арқылы бұрын-соңды болмаған тың бастамалар жүзеге асырылады деп күтілуде.

Мысалы, сарапшылар оның аясында Қазақстанда "Сыбайлас жемқорлардың жария тізілімін" енгізуді ұсынды. Бұл идеяны Антикор құптап отыр. Себебі, ол шетелдік тәжірибеде бар үлгі. Мысалы, Германия, Украина, Қырғызстанда енгізіліпті.

"Германияда Коррупциялық және алаяқтық іс-әрекеттері әшкереленген сенімсіз тұлғалардың тізілімі жүргізіледі. Муниципалдық және мемлекеттік ұйымдар кез келген адамды жұмысқа алғанда, тендер бойынша мәмілеге қол қойғанда, үміткерді сол тізілім арқылы тексереді. Сөйтіп, олар жосықсыз жеткізушілерден, ықтимал қылмыскерлерден қорғалады. Ал Қырғызстанда Лауазымдық қылмыстарға, соның ішінде жемқорлыққа, мемлекеттік, муниципалдық меншікті жымқыруға қатысты қылмыстар жасағаны үшін сотталған адамдардың бірыңғай дерекқоры Бас прокуратураның сайтында жарияланды. Тізілімге 2015 жылдан бері сотталған құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлері, экс-шенеуніктер, мектеп директорлары, ауылдық басқармалар қызметкерлері, бухгалтерлер және басқасы енгізілген. Тізбеде сондай-ақ істері ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылған тұлғалар да көрсетілген", – деп түсініктеме берді Антикор осы бастамаға.

Әйткенмен, көрші Қырғыз республикасында 2015 жылдан бері бірнеше рет билік ауысқаны мәлім. Қазіргі уақытта Қазақстан үлгі етіп отырған қырғыз жемқорларының жария реестрі (Единая база данных в отношении лиц, осужденных за совершение должностных преступлений) істемей тұр. Қылмыс пен қылмыстық теріс қылықтардың жабық электронды тізілімі (Кылмыштардын жана жоруктардын бирдиктүү реестри) ғана қалған.

Дегенмен, бұл Қазақстанда "Сыбайлас жемқорлардың жария тізілімін" енгізуге кедергі болмаса керек. Сарапшылардың байламынша, коррупционерлерге қатысты өзекті деректер базасының жұмыс істеуі ұлттық қауіпсіздікке игі ықпал етеді. Ол сотталған және белгілі бір қызметке тұруына тыйым салынған жемқорлардың мансаптық жолын одан әрі бақылауға бағытталған.

Отандық антикоррупциялық қызметтің мәліметінше, Украинада сыбайлас жемқорлық және сонымен байланысты құқық бұзушылықтар жасаған адамдардың бірыңғай мемлекеттік тізілімі қолданылады.

"Тізілім тегін, тәулік бойы қолжетімді және аталған қылмыстарды жасағаны үшін қылмыстық, әкімшілік, тәртіптік не азаматтық-құқықтық жауаптылыққа тартылған тұлғалар туралы, сондай-ақ осындай құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық-құқықтық сипаттағы шаралар қолданылған заңды тұлғалар туралы ақпаратты қамтиды. Тізілім Украинаның Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу ұлттық агенттігінің сайтында жарияланған. Коррупционерлер тізілімінен үзінді көшірме алу үшін сайтта тіркелу қажет. Тізілімде объектіні әртүрлі жолдармен – аты-жөні, заңды тұлғаның атауы немесе заңды тұлғаның сәйкестендіру коды бойынша іздеуге болады", – деп түсіндірді Антикор.

Сондықтан Қазақстанда да "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" заңға өзгерістер енгізіп, "Сыбайлас жемқорлардың жария тізілімін" енгізуді заңнамалық деңгейде бекіту жоспарланып отыр. 

Айтқандай, жемқорлықпен күреске жаңаша леп, қарқын, дем беру үшін қолданыстағы заңнамаға да, тәжірибеге де терең талдау жүргізілген.

Нәтижесінде елімізде жемқорлық қылмыстары үшін заңды тұлғаларды жауапкершілікке тартудың тиімді және пәрменді тетіктерінің жоқтығы айқындалған. Осы арқылы "ескі Қазақстанда" фирмаларға ойына келгенін істеуге мүмкіндік жасалғанға ұқсайды.

Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің 367-бабына ("Пара беру") сәйкес қылмыстық жауаптылыққа тек жеке тұлғалар ғана тартылады. Әлдебір компанияның ақша толы қапты не басқа құнды затты параға ұсынғаны әшкереленсе, көбіне соны әкелген курьер, немесе көп дегенде ұйым басшылығындағы әлдебір тұлға ұсталуы мүмкін.

Осы бап бойынша жеке тұлғаның мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару, не қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның 50–60 еселенген сомасында айыппұл салынады, немесе 15 жылға дейін бас бостандығынан айрылады.

Салыстыра кетсек, дәл осындай қылмысқа барған заңды тұлғалардың жауапкершілігі Қылмыстық кодексте емес, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде көзделген: оның 678-бабында заңды тұлғалардың ұқсас іс-әрекеттері үшін айтуға тұрмайтын жаза – 750 АЕК (2,3 млн теңге) айыппұл қарастырылған. Егер бір жыл ішінде қайтадан жемқорлық қылмысына былғанса, кәсіпорын-компанияның жазасы 1500 АЕК-ке дейін ғана өседі. Бұл компания үшін шыбын шаққанмен бірдей.

Жемқорлықтың диірменіне су құйып отырған ұйым-компанияларға осылай "мейірімді" қарағаны үшін Қазақстан "Коррупциямен күрес жөніндегі мемлекеттер тобы" (Group of States Against Corruption, GRECO) ұйымының қатаң сынына ұшырады.

"Бағалаудың 1-ші және 2-ші бірлескен раундының қорытындысында, GRECO есебінде атап өтілгендей, Қазақстандағы қолданыстағы жүйе сыбайлас жемқорлық үшін жан-жақты және барабар корпоративтік жауапкершілікті қамтамасыз етпейді. Мұндай айыппұлдар тежеу бола алмайды. Жемқорлықты ілгерілетуге мүдделі тарапқа тек жосықсыз шенеуніктер ғана емес, сонымен қатар бизнес-орта да жатады. Сарапшылардың бағалауына сәйкес, заңды тұлғалардың, компаниялардың парадан алатын пайдасы параның өзінен он есе көп (табыстың 10 пайызын параға береді). Сондықтан коррупцияны төмендету үшін міндетті шарттардың бірі – сыбайлас жемқорлық жасаған заңды тұлғалардың да жауапкершілігін күшейту болып табылады", – деп мәлім етті Антикор.

Осыған орай аталған агенттіктің басшысы Олжас Бектеновтің командасы өз ісін пара арқылы ілгерілетіп жаман үйренген ұйым-компанияларға салынатын айыппұл санкцияларын ауырлатуды және басқа да шектеу шараларын қолдануды пысықтап жатыр. Бұл шаралар компанияларға "лауазымды тұлғаларды пара беріп сатып алуды экономикалық тұрғыдан тиімсіз етеді" деп күтілуде.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу