Қазақстанда құны 1 млн доллар тұратын құс өсіріледі

3755

Арабтың шейхы Жамбыл облысындағы құс шаруашылығын қаржыландырып отыр.  

Қазақстанда құны 1 млн доллар тұратын құс өсіріледі

Осыдан 3 жыл бұрын "Жайлаукөл" аңшылық шаруашылығы Біріккен Араб Әмірлігі аумағын мекендейтін, бұл күнде тұқымы жойылып бара жатқан  ителгіні Қазақстанға алып келді. Аңшылық шаруашылықтың иесі саналатын "Агентство Миллениум Сокол" ЖШС бас директоры Мохаммад Ахмад Мұстафаның айтуынша, алғашқы жылдары құстар жерсінбей, балапан баспай қойған. Ал биыл бір аналық ителгі жұмыртқаларын шайқауға кіріскен.

"Негізі ителгі – өте сезімтал құс. Егер бірдеңеден үрейленсе, балапандарын шайнап тастайды. Сондықтан қазір балапан басып жатқан құсқа білікті маман күтім жасап жүр. Тәлімбақта 60-қа жуық ителгі бар. Оларға ұшуға қолайлы аумақ әзірледік. Қазір бізді жарық мәселесі тығырыққа тіреп тұр. Күн сәулесінен электр жарығын алатын қондырғыларға сенім жоқ. Одан бөлек, қанша тереңдетіп  қазсақ та, жерден тұщы су шығара алмадық.  Осы мәселені шешуге жергілікті билік атсалысса деген ұсынысымыз бар", – деді бас директор.

Мохаммад Ахмад Мұстафа, сонымен қатар Қызыл кітапқа енген дуадақ құсын өсіруді де қолға алуды жоспарлап отырғандарын айтты. Бірақ инкубаторға салатын құс жұмыртқасы болмай тұрған көрінеді.

"Бұл мәселені көтеріп, үкіметке хат жаздық. Алайда мәселе шешімін тапқан жоқ. Егер мемлекет дуадақ жұмыртқасымен қамтамасыз етсе, бұл құстың да санын еселеп өсірер едік", – дейді ол.

Серіктестік басшысының сөзіне қарағанда, ителгі құсы Біріккен Араб Әмірлігінде ерекше бағаланады. Бір құс үшін араб шейхтары 1 млн доллар төлеуге дайын. 

"Егер ителгінің көзінің тұсында домалақ емес, төмен қарай сырғыған сызық болса, араб шейхтары ол құсты көк тиынға да бағаламайды. Себебі төмен түскен қара сызық олар үшін көз жасын білдіреді. Ал дөңгелек қара оймақ құстың тектілігін аңғартады. Шейхтар құстың қауырсыны аппақ болып, төс жағында бір-екі қара дақ болса, оны сатып алудан бас тартады.

Сондықтан қазір әрбір құстың қауырсыны мен бітіміне ерекше мән беріп жатырмыз. Қазақстанмен келісілген мәмілеге сай, құстардың қанаты қатайғанда, 30 %-ын бостандыққа жібереміз, қалған құстарды одан әрі көбейтеміз", – деген Ахмад Мұстафа серіктестікті 80% Біріккен Араб Әмірлігінің шейхы қаржыландыратынын жасырмады. Ал оның Қазақстаннан бөлек, бірнеше мемлекетте тәлімбағы бар екен.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу