Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында өз реформаларының басты мақсаты ретінде – "экономикамыздың тұрақты өсімін 6–7 пайызға жеткізу және 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін 2 есеге ұлғайтуды, яғни 450 миллиард долларға жеткізуді" жариялады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Еліміздің болашағы баянды болсын десек, бұл стратегиялық міндетті қалайда орындауға тиіспіз!", – деп нықтады Тоқаев.
450 миллиард доллар – дамыған елдерге жақын белес. Мысалы, Халықаралық валюта қорының мәліметінше, 2025 жылы Вьетнамның ЖІӨ-сі – 484,7 миллиард, Бангладештікі – 475 млрд, Малайзияныкі – 470,6 млрд, Данияныкі – 459,6 млрд, Колумбия ЖІӨ-сі – 438,1 млрд долларға жетті.
Әзірге ел Үкіметі бұл стратегиялық міндетті орындай алар емес. 2023 жыл қорытындысында Қазақстанның ЖІӨ-сі 5,1%-ға, 2024 жылы – небары 5%-ға, ал, 2025 жылдың қаңтар-қазанында – 6,4%-ға ғана өсті. Қазақстанның ЖІӨ-сі 280 миллиард доллардан ғана асты.
Енді Мемлекет басшысы қойған маңызды міндетті орындауды Үкімет "Бәйтерекке" жүктеп отыр. Осы мақсатта холдингтің құрылымы және мазмұны трансформацияланды және атауы да өзгертілді.
Кеше inbusiness.kz хабарлағандай, Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ директорлар кеңесінің отырысында "Директорлар кеңесінің 2026 жылға арналған жұмыс жоспары" бекітілді.

Өз кезегінде Директорлар кеңесі ұйымның атауын "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингінен" (ҰБХ) "Бәйтерек" ұлттық инвестициялық холдингіне" (ҰИХ) өзгертті. Яғни, "Бәйтерек" мемлекеттік мүлікті жай ғана басқарушыдан енді мемлекеттік мүлікті пайдалана отырып, елге инвестиция тартушы ұйымға айналды. Өйткені мол инвестиция тартпай, Үкімет Президент қойған "2029 жылға дейін ЖІӨ-ні 2 еселеу" міндетін орындай алмайды. Міндет межесіне дейін тек 4 жыл қалды.
Жаңа инвестхолдингтің "құзыр-қоржыны" толтырылды: оған инфрақұрылымдық, экспорттық және индустриялық жобаларды қолдау бойынша қосымша функциялар беріледі.
Жаңарған ұйымға экономиканың мұнайға тәуелділігін азайту, осы мақсатта шикізаттық емес экспорттың үлесін ұлғайту және оған капиталды белсенді тарту жүктелді. Нәтижесінде, жоғары өнімділікті кәсіпорындар ашылып, жаңа жұмыс орындары құрылуға тиіс. Бұл экономиканың сапалы дамуын, халық табысының ұлғаюын қамтамасыз етер еді.
"Бәйтеректің" тағы бір басты міндеті – ішкі өндіріске мол инвестиция құйғызу, сол арқылы импорталмастыруды белсенді жүргізіп, елдің шетелдік импортқа тәуелділігін барынша азайту.
Әйтпесе, халыққа бірінші кезекте және күнделік қажет тауарлардың біраз түрі бойынша 75 пайызға дейін Ресейден не Қытайдан тасылады.
Президенттің мемлекеттік басқаруды толық цифрландыру тапсырмасын жүзеге асыру аясында бұл холдинг басшылығының іс-қимылының тиімділігі жаңаша бағаланады: соның ішінде оның кәсіпкерлікті қолдау саласына ЖИ құралдарын енгізуі бойынша KPI (пайдалы әрекет коэффициенті) негізгі көрсеткіштері белгіленді.
Инвестхолдинг төрағасы орынбасарларының KPI тиімділігі оның әрқайсысының өзі жетекшілік ететін бағыттарында шетелдік инвестицияларды қанша көлемде тартқанына байланысты болады.
Қазіргі кезде "Бәйтерек" холдингін басқарма төрағасы ретінде Рустам Қарағойшин басқарады. Оның 6 орынбасары бар.
Бұлар:
- Нұрболат Серғалиұлы Айдапкелов (2022 жылғы қаңтардан 1-ші орынбасары), 1979 жылы туған. Агроөнеркәсіп кешенін қолдау және дамыту мәселелеріне жетекшілік етеді;
- Ерсайын Ерболатұлы Хамитов (2022 жылдан бері орынбасар), 1983 жылы туған. Экономика, бухгалтерлік есеп және есептілік, қазынашылық, корпоративтік қаржы мәселелеріне жетекшілік етеді;
- Үсен Асқарұлы Ғалым (2023 жылғы маусымнан бері орынбасар), 1983 жылы туған. Стратегия және корпоративтік даму, тәуекел-менеджмент, сондай-ақ ақпараттық технологияларды дамыту мәселелеріне жетекшілік етеді;
- Жандос Алкенұлы Шайқы (2024 жылғы сәуірден бері орынбасар), 1982 жылы туған. Жобалармен жұмыс және активтерді басқару мәселелеріне жетекшілік етеді;
- Тимур Нұрланұлы Онжанов (2024 жылғы маусымнан бері орынбасар), 1984 жылы туған. Қай бағытқа жауап беретіні, қандай мәселелерге жетекшілік ететіні ресми жарияланбады. Бірақ өзі корпоративтік қаржыға, нарықтарға және сыртқы саудаға бейімділігі бар банк ісі және қаржы саласы магистрі;
- Сон Вячеслав Владимирович (2023 жылғы қарашадан бері орынбасар), 1982 жылы туған. Құқықтық қамтамасыз ету және корпоративтік өзара іс-қимыл мәселелеріне жетекшілік етеді.
Дегенмен, сарапшылар алда инвестхолдингте ауыс-түйіс болуы мүмкін деп күтіп отыр. Әзірге осы азаматтар "Бәйтеректің" жаңа құрылымын құрумен айналыса береді. Трансформациялануды 2025 жыл аяқталғанша толық тәмамдауы тиіс.
"Бәйтерек" инвестхолдингі экономиканы несиелендіру көлемін арттыруға міндетті. Осы мақсатта ұйымға ел бюджетінен триллиондаған қаражат беріледі. Холдинг 2025 жылы бизнеске мемлекеттік қолдау түрінде 8 триллион теңгеге дейін қаражат үлестіреді. Бүгінде соның 5,7 трлн теңгесін игерді. Нәтижесінде жаңа 29 мың жұмыс орны ашылыпты.
Келесі 2026 жылы бұл сома 10 триллион теңгеге дейін өсіріледі. Бұдан бөлек, мемлекет алдағы 4 жыл бойы – жыл сайын холдингтің капиталдануын 1 триллион теңгеге ұлғайтып отырады. Бұл қаржыға қоса "Бәйтерек" басымдықты жобаларды қаржыландыру үшін жыл сайын 8 триллион теңгеге дейін сырттан қарыз алуға ниетті.
Мемлекеттік активтерді басқаруға ғана есептелген "Бәйтеректің" қазіргі құрылымы өзгертілуде. Жаңа құрылым жаңа инвестициялық миссиясының ауқымы мен міндеттеріне сәйкестендіріледі.
Алып инвестхолдингтің негізгі даму векторы келесідей:
- Орталық Азия, Еуразиялық одақ және ТМД аймағында өңірлік экспансияны жүзеге асыру – отандық өндірушілердің шетелдік нарықтағы орнын нығайту, өңіраралық сауданы өркендету;
- Шекаралық экспансия – қазақстандық бизнеспен бірге инвестициялық қызметті экспорттау, көрші елдердің экономикасына қаржы салу;
- Секторлық даму – ұлттық экономиканың табыстарын қалыптастыру үшін холдингтің мандатын кеңейту.
Холдингтің басқарма төрағасының орынбасары Жандос Шайқы 2025 жылы "Бәйтерек" өз тарихында бұрын-соңды болмаған ең ірі қосымша капиталдандыруға – 1 триллион теңгеге қол жеткізіп жатқанын жеткізді. Оның мәліметінше, бұл қаражат кәсіпкерлікті қолдауға, тұрғын үй құрылысын дамытуға (Отбасы банк арқылы), сондай-ақ шешуші, ірі ұлттық және инвестициялық жобаларды іске асыруға жұмсалады.
"Егер бұрын "Бәйтеректің" қолдауы 20 түрлі бағдарлама арқылы көрсетілсе, енді біз күш-жігерімізді біріктіруге шештік: мемлекеттен тікелей әрі толық көлемде капиталдандыруды аламыз, ары қарай біз оны еншілес ұйымдарымызға таратамыз. Өз кезегінде олар осы қаржы ресурстарын ең үлкен экономикалық тиімділік беретін бағыттарға, жобаларға өз бетінше жұмсайды", – деді Шайқы.
Бұл ретте "Бәйтерек" холдингі құрамында келесі еншілес ұйымдар жұмыс істейді:
- "Қазақстан Даму Банкі" АҚ, "Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі" АҚ, "Qazaqstan Investment Corporation" АҚ – тек ірі кәсіпорындарды қолдайды, оларды борыштық және үлестік қаржыландырады, экспорттық операцияларын сақтандырады, тек соларға лизингтік қаржыландыру сияқты қолдау құралдарын ұсынады.
- "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ – микро-ұсақ, шағын және орта бизнеске мемқолдаудың 3 құралын ұсынады: банктен алған кредитінің сыйақы ставкасын субсидиялау, кредиттерге кепілдік беру және қаражатты банктерде шартты түрде орналастыру.
- "Отбасы банк" АҚ және "Қазақстан Тұрғын Үй Компаниясы" АҚ –тұрғын үйді жалға алу, ипотекаға сатып алу, өзге банктер арқылы жеңілдетілген қаржыландыру.
- "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ – ауылдағы ірі, орта және шағын кәсіпкерлікті қаржылай қолдау арқылы елдің агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуына, техникалық жарақтануына жәрдемдеседі.
"Бәйтерек" топ-менеджерінің байламынша, Президент қойған "2029 жылға қарай ЖІӨ-ні екі есеге арттырып, 450 млрд долларға жеткізу" бойынша өршіл-амбициялық мақсатты орындай алу үшін негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемін едәуір арттыру қажет.
Әйтпесе, ол бүгінде ЖІӨ-нің шамамен 15%-ына ғана барабар. Үкімет бұл көрсеткішті кемінде 25%-ға жеткізуді жүктеді. Оған жету қиындау, себебі, қазіргі кезде қазақстандық коммерциялық банктер бизнесті қаржыландыруда жеткілікті түрде белсенді емес.
"Екінші деңгейлі банктер нақты секторды қаржыландыруда ұстамды тәсілден аспай тұр. Осы жағдайда мемлекеттің өзі "Бәйтерек" холдингі арқылы бұл рөлді өз мойнына алды және инвестициялардың катализаторы ретінде әрекет етуге шешім қабылдады", – деді Шайқы.
Бірақ инвестхолдинг ел қазынасынан алатын 1 триллион теңгені қомсынып, азсынып отыр.
"1 триллион теңге – бұл айсбергтің тек шыңы ғана. Холдинг мемлекеттік капиталды нарықтық құралдармен (қарыз-заем алумен) араластыра пайдалануды жоспарлап отыр. Бұл 8 триллион теңгеге дейінгі жобаларды қаржыландыруға, несиелендіруге мүмкіндік береді", – деп нақтылады "Бәйтерек" басшысының орынбасары.
Механизм келесідей болады: холдинг қаражатты, әлгінде айтылғандай, өзінің еншілес ұйымдары арасында бөледі. Содан соң оның әрқайсысы қосымша қаржыландыруды тартады, бұл үшін – облигациялар шығарып, оны биржада өткізеді, синдикатталған қарыздар тартады, жеке инвесторлардан және халықаралық қаржы ұйымдарынан қаржы сұрайды.
Жандос Шайқының пікірінше, мұндай тәсіл бюрократияны қысқартып қана қоймай, сонымен қатар максималды мультипликативтік әсерге қол жеткізуге – салалық бағдарламаларды іске қосуға, шағын және орта бизнесті қолдауға, экспортты дамытуға, цифрландыруды енгізуге, жаңа өндірістік қуаттарды іске қосуға мүмкіндік береді:
"Бәйтерек" холдингі 2027 жылға қарай жалпы сомасы 19,7 трлн теңгеден асатын 333 инвестициялық жобаны іске асыруды көздеп отыр. Соның ішінде 11,1 трлн теңге – тікелей қаржыландыруға бағытталады. Өңдеу өнеркәсібі, қайта өңдеу және инфрақұрылым басымдыққа ие болып қала береді.
