Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.
Іnbusiness.kz тауарлар мен қызметтер үшін есеп айырысу мақсатында мобильді аударымдарды пайдалану айналасындағы пікірталас қайта ушыққанына назар аудартты. Өйткені Қазақстанда азаматтардың бірқатар санаты жаңа жылда басталатын "жалпыға бірдей декларациялаудың" 4-ші кезеңінен босатылды.
Тиісті тұжырымдаманы қайта қарау аясында Мемлекет басшысының тапсырмасымен, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ересек қазақстандықтардың көпшілігін активтері мен міндеттемелері туралы декларация табыстаудан босату жоспарлануда. Бұл – шамамен 8 миллион азаматты қамтиды. Қазіргі уақытта салық заңнамасын пысықтау жұмыстары жүргізілуде.
Осы орайда жасы 18-ден асқан 13 миллиондай ел тұрғынының 8 миллионы, яғни, басым бөлігі кірістері мен шығыстарын міндетті декларациялаудан құтылғанын көріп, кейбір кәсіпкер клиенттерден төлемді қайтадан ұялы телефон арқылы белсенді қабылдай бастады.
Мәселен, курс сатушы инфосығандар да өз ақысын қолма-қол ақшамен беруді, немесе мобильді аударыммен жолдауды сұрайтынды шығарды. Демек, көлеңкелі экономика қайтадан арта бастайды деген сөз.
Сондықтан салық саласына жауапты Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) талдау критерийлерін өзгертуді жоспарлап отырғандарын мәлімдеді. Бұл ретте енді мобильді аударымдардың жалпы санын ғана емес, сондай-ақ олардың жалпы көлемін де есепке алатын болады.
Еске сала кетсек, бұған дейін inbusiness.kz жазғандай, 2023 жылдан бастап, Мемлекеттік кірістер комитеті қатарынан үш ай бойы, ай сайын 100 және одан көп әртүрлі тұлғадан жеке банктік шотына аударымдар алған адамды тексереді және одан кәсіпкерлік қызметін заңдастыруды талап етеді.
Яғни, әр басқа 100 адамнан 1 теңгеден алсаңыз да осы талапқа ілігуіңіз мүмкін. Мұны кейбіреулер әлдебір тұлғаға қатысты арандатушылық, буллинг ұйымдастыру, сөйтіп, оған салықшылардың назарын аударту үшін қолдануы ғажап емес.
Мемкірістер комитетінің мамандары 2025 жылы екінші деңгейлі банктер кәсіпкерлік қызмет сипаты бар критерийлерге сай келген жеке тұлғалардың шоттарындағы операцияларды тіркеуге міндетті болатынын ескертті.
Соның барысында жаңа критерийлер қолданылуы мүмкін. Ол қандай критерийлер? 100 аударушы және 255 мың теңге.
Егер қандай да бір азамат салық органында "бизнеске арналған шот" ретінде тіркелмеген жеке шотына үш ай қатарынан әрі ай сайын жүз және одан көп адамнан мобильді аударыммен ақша алса, ол адамға қатысты тексеру жүргізіледі. Енді бұған "жалпы сомасы 255 мың теңгеге дейін" деген өлшемшарт қосылмақ. Аударымдар көлемі содан асса, ол адам жасырын бизнеспен айналысады деп танылуы ықтимал.
Мамандардың түсіндіруінше, нәтижесінде, әртүрлі адамнан осыдан кем ақша алатын адамдар да тексерілуі мүмкін, бірақ оның қорытындысында жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге міндеттелмейді. Мысалы, үлкен ұжымдарда қызметкерлер туған күнге, батаға, жаңажылдық және басқа корпоративтік кештерге жиналатын ақыны жауапты тұлғаға немесе хатшы қызға аударады.
Ереже бойынша егер үш ай қатарынан әр айда жүз адамнан асып кетсе, ол адамнан салықшылар дара кәсіпкер ретінде тіркелуді талап ете алады. Жаңа өлшемшарт бұл кісілерге, сондай-ақ қайырымдылық пен садақа жинаушыларға жеңілдік беруі мүмкін. Жалпы сомасы 255 мың теңгеден аспаса болғаны.
"Банктер мобильді аударымдар бойынша мәліметтерді кезең-кезеңмен ұсынады. Мысалы, 2023 жылы банктер мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайларының 2022 жылғы мобильді ақша аударымдары бойынша ақпаратты жолдады. Биылғы 2024 жылы олардың қатарына квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың зайыптарының мәліметі қосылды. Ал, 2025 жылдан бастап, жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар басшыларының және олардың жұбайларының 2024 жылғы мобильді аударымдары тексеріледі. 2026 жылдан бастап бүкіл қазақстандықтардың осындай аударымдары тегіс қамтылады", – деп түсіндірді Мемкірістер комитеті.
Осыдан кейін бизнеспен жасырын айналысатындарды анықтауға тіпті қазақстандықтардың бірқатар санатының декларация тапсырудан босатылуы да кедергі болмайтын көрінеді.
МКК мамандары өкінішке қарай қазіргі кезде мобильді аударымдарды қолданып, салықтан жалтарып жүрген кәсіпкерлердің, блогерлердің және басқасының нақты саны қанша екенін анықтау мүмкін еместігін мойындады. Толық ақпарат екінші деңгейлі банктерден тек 2025 жылы ғана түседі.
Бұған дейін Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов заң талаптарын айналып өтіп, табыс табуға тырысатындарға қомақты қаржылық жаза қолданылатынын жеткізді.
"Мобильді аударымдарды тексеру заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталған. Кейбір кәсіпкерлер сатылған тауар немесе қызмет үшін төлемақысын мобильді аударымдар арқылы алады. Алайда, бұл аударымдар бақылау-кассалық аппараттарды, POS-терминалдарды және QR-кодтарды қолданбай жүргізіледі. Салдарынан ешқандай чек бермейді және тұтынушылардың құқықтарын бұзады. Мобильді аударымдарды тексеру осы мақсатта енгізілді", – дейді бас қаржыгердің орынбасары.
Оның мәліметінше, егер әлдебір бизнеспен айналысып, табыс табатын адам кәсіпкер ретінде тіркелмесе, оған 15 АЕК (2025 жылы 58 980 теңге) айыппұл салынады.
Егер бәрібір тіркелмей, бір жыл ішінде қайта ұсталып қалса, айыппұлы 30 АЕК-ке (117 960 теңгеге) дейін екі есе өседі. Бұл Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 463-бабында айтылған.
Сондай-ақ салық салу объектілерін жасырса, оған төленетін салық үстіне салық мөлшерінің 200% көлемінде тағы айыппұл салынады. Ал, жағдай қайталанса, айыппұл 300%-ға дейін артады (275-ші бап).
Клиентіне чек бермесе, бірінші жолы ескертумен құтылады. Қайталаса, айыппұл 30-дан 40 АЕК-ке (157 280 теңгеге) дейін барады. Бұған қоса, заңды бұзу оның банктік шоттарының тұтқындалуына соқтыруы мүмкін.
Егер кәсіпкер қатесін өз бетімен түзетсе, оған айыппұл салынбайды.
"Заң бұзушылық әшкереленсе, тиісті хабарлама жолданады. Қосымша салықтық есептілік нысанын тапсыру немесе түсініктеме ұсыну жолымен қатесін түзетуге 30 күн беріледі. Осы мерзім өткен соң салық төлеуші тарапынан ешқандай реакция немесе еш әрекет болмаса, келесі шара – шоттарын бұғаттау болады", – деп мәлім етті Мемкірістер комитеті.
Ведомство, әлгіндей айтылғандай, келесі жылы мобильді аударымдарды талдау критерийлеріне өзгеріс енгізу мәселесін пысықтап жатыр. Нақтылағанда, аударымдар жасаған адамдардың санымен ғана шектелмей, сондай-ақ түсімдердің жалпы көлемін де есепке алу ұсынылып отыр.
"Критерийлердің мынадай жаңа редакциясы қарастырылуда: бір жеке тұлғаның төл банктік шотына 100 және одан көп әртүрлі тұлғадан ай сайын, бірізді үш ай бойы, жалпы сомасы 3 ең төменгі жалақыдан асатын ақшалай аударымдардың түсуі", – деп түсіндірді Мемлекеттік кірістер комитеті.
2025 жылы бір ЕТЖ 85 мың теңгеге тең. Тиісінше, 3 АЕК 255 000 теңге болады.
Комитет мамандарының байламынша, бұл – дара кәсіпкер ретінде тіркелуге міндетті емес адамдарды, мысалы, табысы шағын жеке тұлғаларды тексеру мен талдаудан алып тастауға мүмкіндік береді.
Жаңа өзгерістер нақты қай күні күшіне енетіні әзірге белгісіз. Бірақ мемлекет тарапынан мобильді аударымдарды бақылау жыл өткен сайын тек күшейе берері даусыз. Өйткені салық төлеуден жалтарушылардың мобильді аударымдарды пайдалануы бір жағынан, мемлекеттік бюджетке нұқсан келтіреді. Екінші жағынан көлеңкелі экономиканы ұлғайтып, экономикаға залалын тигізеді.
Дамыған елдер де есептілікті күшейту арқылы заңсыз капитал айналымымен күреседі. Ведомство сарапшыларының пікірінше, алым-салығын толық төлейтін кәсіпкерлер бұл өзгерістерден қорықпауына болады.
Дегенмен, қолданыстағы тетіктің кінәраты да анықталуда. Мәселен, көшеде өнер көрсетіп, қайыр сұраған музыкант бір ай ішінде 1,3 мың адамнан 200 теңгеден садақа ала алса, тексеруге ілігуі және дара кәсіпкер ретінде тіркелуге мәжбүрленуі мүмкін.
Ал, ай сайын курсын сатып алған 99 адамның әрқайсысынан орта есеппен 200-300 мың теңгеден мобильді аударым алған блогерлер тексеруден тыс қалып жатыр.
Салдарынан, МКК екінші деңгейлі банктердің берген деректері бойынша 2023 жылы 8 мыңнан астам адамды ғана анықтай алды. Олардың көбі көшеде үстелін қойып, ұсақ-түйегін сататын адамдар, самса-дөнер саудалайтын дүңгіршегін ашқандар және басқа ұсақ кәсіпкерлер.