Қазақстанда мұнай өндірісі құлдырауға жақын

5223

Жыл сайын 80 млн тоннадан астам мұнай өндіріп, соның арқасында Ұлттық қорын бірнеше трлн-мен толтырып отырған Қазақстанда мұнай өндірісі көңіл көншітпей тұр. 

Қазақстанда мұнай өндірісі құлдырауға жақын Фото: sar-news.ru

Жалпы, шағын зауыттары жабылудың алдында тұрған, ірі үш зауыты жиі бұзылатын елдің мұнай өңдеу саласын айтпай-ақ қойсақ болады.

Сөйтсек, өңдеуден бөлек, мемлекет қорының жыртығын жамап отырған мұнай өндірісі де жетісіп тұрмаған екен. Бұл қарқынмен алдағы он жылдықта қара алтынды тек экспорттап, ішкі сұранысты өтеуге тамшысы да қалмауы мүмкін.

Жаңа кен орындары атымен жоқ

Қазақстанда үш алпауыт мұнай-газ кен орны – Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ бар. Жыл сайын елдегі мұнай өндірісінің 70-80 пайызын шығарады. 90-жылдары аталған кен орындарының әрқайсысымен 40 жылға келісімшарт жасалды. Теңізбен келісім уақыты – 2033 жылы, Қарашығанақтікі – 2038 жылы, Қашағандікі 2042 жылы аяқталады. Бұл аталған кен орындарының жұмысы жақсы, бірақ тиесілі мұнайының бәрін шет елдерге айдайды. Ал өзімізде ескі техниканы амалдап, одан қалды банкрот болудың алдында тұрған ұсақ компаниялар бар. "Маңғыстаумұнайгаз", "Өзенмұнайгаз", "Ембімұнайгаз" секілді батыстағы үлкен кен орындарынан мұнай алатын отандық компаниялар бар. Дегенмен олардың да жағдайы оңып тұрмағанға ұқсайды.

– Ұлттық компанияға қарайтын кен орындарында мұнай қоры жылдан жылға азайып келеді. Яғни, кен орындары ескірген, сондықтан жыл сайын бұл жерлерде өндіріс азая береді. Түгелі дерлік Кеңес заманынан қалған. Егер жаңа кен орындары ашылмайтын болса, елдің мұнай саласы шетелдік компанияларға тәуелді болып қалады. Мысалы, шетелдік компаниялардың елдің мұнай өндірісіндегі үлесі 10 жыл бұрын 60 пайыз шегінде жүрсе, қазір 70-тен асты, тағы 10 жылдан соң 80 пайыздан асады. Шетелдіктер игеріп отырған 3 кен орнына тәуелділігіміз артқанының айғағы – осы, – дейді экономист Абзал Нарымбетов.

Бұл тұста "сала дамып, тәуелділіктен арылу үшін не істеу керек?" деген сауал туындайды. Ең басты мақсат – жаңа кен орындарын ашып, инвестиция тарту болатын. Алайда бұны іске асыруға кедергілер көп.

– Еліміздің Салық кодексі инвестиция тартуға бейімделмеген, тартымдылығы жоқ. Бұған қоса қағазбастылық, рұқсат алуға қол жеткізу процедуралары тым көп. Мұнай-газ саласына инвестиция тарту бұрынғыдан әлдеқайда төмендеді. Басқару барьерлері жол тосады. "Қазақстан-2050" стратегиясы толық іске аспады, соның бір тармағында осы мәселені шешу қарастырылған еді, – деп толықтырды сарапшы.

А.Нарымбетовтың айтуынша, мұнай мен газ өнімдеріне қойылған тарифтік шектеулер бағдарламасы да инвестициялық климатқа кері әсер еткен. Елде бензин, керосин, газ бен басқа да жанар-жағармайдың бағасы әлем елдерімен салыстырғанда тым төмен. Инвесторлар қаржы құяр алдында қысқа мерзімде табыс көре алмайтынын білсе, ақша сала қоймайды. 3 кен орнын игеріп отырған шетелдік компаниялардан басқасының бәрі өндірген мұнайын ішкі нарыққа өткізуі тиіс. Елде баға төмен болған соң, олардың жарытып табыс таппайтыны анық.

Қазақстан жылдар бойы мұнай өндірісінің жылдық көлемін 100 млн тоннаға жеткізе алмай келеді. Жаңа кен орындары табылған күннің өзінде, құбыр жүргізу, зауыт салу секілді процестер кемі 5 жылға созылмақ. Бұл қарқынмен 2030 жылға қарай мұнай өндіру көлемі біршама құлдырауы ғажап емес.

Белгілі қорлар 20-30 жылдан әрі ұзамайды

Жаңа орындарын ашу жайын айту оңай болғанмен, оның өзі ғылыми тұрғыда өте күрделі процесс. Бәрі геологиялық барлауға келіп тіреледі. Жоғарыда елдегі кен орындарының түгелге жуығы Кеңес кезінде ашылғанын айттық, ал одан бері геологиялық барлау қайда қалды, әлде бұл іс қолға алынбаған ба? Қазір Қазақстанда қытайлық және акционерлері ресейлік саналатын екі ірі барлау компаниясы жұмыс істеп тұр. Тағы кішігірім отандық компаниялар да жетерлік. Әйтсе де көпшілігінің технологиялық деңгейі мен ресурстық базасы сын көтермей, жаңа ірі кен орындары ашылмай келеді. Ал қорлардың таусылуға жақын, көбі 10-15, әрі кетсе 20-30 жылда сарқылады.

Тағы бір қызығы, Қазақстанда геологиялық барлауға бөлінетін қаржы өте аз – 1 шаршы шақырымға 8 доллар мөлшерінде. Өзге елдерде бұл көрсеткіш бірнеше есе көп, мәселен, көрші Ресейде – 25 доллар, Өзбекстанда – 98 доллар, Австралияда – 167 доллар, Канадада – 203 доллар беріледі. Мұндай қаржылық шектеу барлау ісін алға бастыра қоймайтыны анық. Табан астындағы мұнайды осылайша өндіре алмай, кедергіге тап болдық.

Сарапшылар пікірінше, проблеманың күрделі фазаға өтіп кетуіне тау-кен, мұнай-газ саласына жауапты министрлік пен компаниялардың басшылығында сала мамандары емес, геологияны жалпылама ғана түсінетін адамдар отырғаны себеп. Өндіру, өңдеу ісі, тасымалдау мен баға саясатына біржақты көзқарас қалыптасты, ұзақмерзімді жоспарлау, стратегия болмағанына қазіргі жағдай дәлел. Ғылым мен технология көлеңкеде қалып қойды.

Былтырдан бастап үкімет 2026 жылға дейін елдегі геологиялық-геофизикалық зерделеу аймағын 1,5 млн шаршы шақырымнан 2,2 шаршы шақырымға дейін арттыратын болды. Алайда жоғарыда тізгендей мәселелер барда техникалық, ғылыми, кадрлық база әзір тұрғанына сенім аз. Шамасы, таяу аралықта Қазақстан осы қарқынмен бір жыл ішінде мұнай өндіру көлемін 100 млн тоннаға жеткізе алмайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу