2026 жылдан бастап Қазақстанда салық заңнамасына қатысты ауқымды өзгерістер енгізіледі. Президент қол қойған жаңартылған Салық кодексі ірі корпорациялардан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға дейін – салық төлеушілердің барлық дерлік санатына қатысты. Кейбір нормалар оң қабылданып жатса, енді бірі бизнес өкілдерін алаңдатып қойды. Басты түйткілдің біріне жеңілдетілген салық режиміндегі жеке кәсіпкерлердің қызметіне шектеу қою жатады. Бұл туралы inbusiness.kz сайтына салық кеңесшісі Светлана Некрасова айтты.
Мұнда осындай жеке кәсіпкерлерге жеке тұлғалармен ғана жұмыс істеуге рұқсат беріп, B2B келісімшарттармен жұмыс істеуге тыйым салу туралы сөз болып отыр. Салық органдары бұл шара, әсіресе құрылыс саласындағы оңтайландыру схемаларымен күрес деп отыр. Бірақ та, бизнес қауымдастық осындай шектеулер ең кең таралған кәсіпкерлікке теріс әсер ету мүмкін екенін ескертеді.
Светлана Некрасованың сөзінше, бұл норма қабылданған жағдайда елдегі 400 мыңға жуық шағын кәсіпорын жабылып, 500 мың адам кірістен айырылуы мүмкін. "Учет" компаниялар тобы бір ымыраға келіп, мәселенің шешімі ретінде B2B ынтымақтастықты қалдырып, мұндай мәмілелерге 6-8% деңгейіндегі арнайы мөлшерлемемен салық салуды ұсынып отыр.
Келесі маңызды өзгеріс – қосылған құн салығы мөлшерінің артуы. 2026 жылдан бастап ол қазіргі 12% деңгейден 16%-ға дейін көтеріледі. Осылайша бизнеске баға саясатын қайта қарап, жаңа есеп-қисапқа бейімделуі тиіс. Сарапшылар қазірден өзінде есепшілерге айырманы қалай жабуға болатынын жоспарлауды ұсынады. Кейбір салалар үшін төмендетілген мөлшерлемелер көзделген: 2026 жылдан бастап дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге – 5% (2027 жылдан бастап – 10%), мемлекеттік тапсырыспен көрсетілетін медицина қызметтері ҚҚС-тан босатылады, отандық баспа басылымдарына – 10%.
Бұдан басқа ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 20 000 АЕК-тен (шамамен 78 млн теңге) 10 000 АЕК-ке (шамамен 40 млн теңге) дейін төмендетіліп отыр. Бұл көптеген кәсіпкерлер үшін салық жүктемесін арттырады. Бизнес қауымдастығы бұрынғы шекті мөлшерді қалдыруды ұсынғанымен, бұл мәселеде ымыраға келмеді. Қазір бұл мөлшерлемені біртіндеп, яғни кезең-кезеңімен көтеру ұсынылып отыр: 2026 жылы – 14%, 2027 жылы – 15%, кейін 16%.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды да айтарлықтай өзгерістер күтіп тұр. Патент пен "мобильді қосымша" режимдері алынып тасталады. Бұрын осы режимдерді қолданғандар енді жеңілдетілген салық режиміне өтіп, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс. Біріңғай жиынтық төлемнің орнына жаңа арнайы режим енгізіледі. Онда табыс салығы 0%, ал жылдық табыс лимиті — 300 АЕК (шамамен 1,1 млн теңге). Десек те, әлеуметтік төлемдерді төлеу сақталады – шамамен табыстың 4%-ы. Бұдан басқа рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізімі де бекітілмек.
Жеңілдетілген декларация немесе бөлшек салық қолданатын жеке кәсіпкерлер үшін жаңа үлгідегі декларация енгізіледі. Жылдық табыс шегі – 600 000 АЕК (2,2 млрд теңгеге жуық). Бұл ретте қызметкерлер санына қойылатын шектеу алынып тасталады.
Корпоративтік сегментте корпоративтік табыс салығының базалық мөлшерлемесі 20% деңгейінде қалады. Алайда банктер мен тау-кен өндіруші компаниялар үшін 25%-ға дейін ұлғаяды. Ауыл шаруашылығы кооперативтері, әлеуметтік ұйымдар мен ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін төмендетілген 3% мөлшерлеме сақталып отыр.
Жеке табыс салығы прогрессивті болады. Жылдық кірісі 33 миллион теңгеге дейінгі бұрынғыдай 10% деңгейде салық төлейді. Бұл сомадан асқан жағдайда 15% мөлшерлеме қолданылады. Жаңа тәртіп дивидендтерге де қатысты: 904 млн теңгеге дейін – 5%, одан жоғары– 15%.
2026 жылдан бастап жаңа салықтар мен акциздер пайда болады. Құны 450 миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүлікке "сән-салтанат салығы" 2% мөлшерінде енгізіледі. 70 миллион теңгеден асатын автокөлік пен яхтаның сатылымына – 10% деңгейіндегі акциз, ал энергетикалық сусындар үшін – 100 теңге. Алкоголь мен темекі өнімдері үшін мөлшерлемелер артады.
Көлік және жер салығына қатысты қазіргі есеп айырысулар алынып тасталады, алайда декларация тапсыру талабы қалады. Ескі көліктердің иелеріне салық ауыртпалығын азайту үшін төмендетілген коэффициенттер (0,7 және 0,5) қолданылады.
ҚҚС-тың аванстық төлемін енгізу және электрондық шот-фактураларды e-Tamga жүйесі арқылы бұғаттау мүмкіндігі де алаңдаушылық туғызып отыр. Компанияның шотында салықты төлеуге қажет ақша болмаса, жұмыстың тоқтап қалуы сияқты қауіп-қатерлер де жоқ емес.
Сарапшылар бизнес өкілдері алдағы өзгерістерге қазірден бастап дайындалуы тиіс деп есептейді. Оның қатарында қаржы моделін қайта есептеу, есеп жүйелерін жаңғырту, салық тәуекелдерін бағалау бар.