Несиеге сұраныс әсіресе ірі және орта бизнес, сондай-ақ ипотека мен автонесиеге қызығушылық күшейген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жаза кетейік, сауалнамаға екінші деңгейлі 21 банк қатысқан. Зерттеу банктердегі несиеге сұраныс пен ұсыныстың қалай өзгергенін бағалауға мүмкіндік береді.
2026 жылдың сәуір-маусым айларында ірі және орта кәсіпорындар тарапынан несиеге сұраныс өскен. Ал шағын және микробизнес сегментінде жағдай айтарлықтай өзгермеген. Ірі бизнес бойынша өтінімдер саны 1 пайызға азайып, 235-ке түскен. Бірақ бір өтінімнің орташа сомасы бір жылда емес, бір тоқсан ішінде 39 пайызға қысқарып, 11,5 млрд теңгені құрады. Ұлттық банк мұны кейбір ірі банктердегі өтінімдер саны мен олардың орташа сомасының төмендеуімен түсіндіреді. Дегенімен, банктердің бір бөлігі ірі кәсіпорындар тарапынан сұраныстың өскенін атап өткен.
Орта бизнеске қатысты көрсеткіштер әлдеқайда жоғары. Бұл сегменттен түскен несие өтінімдерінің саны 4 пайызға өсіп, 5,3 мыңға жеткен. Ал сұралған қаржының орташа көлемі 3 пайызға артып, 927 млн теңге болды.
Шағын бизнес бойынша өтінімдер саны 1 пайызға азайып, 904 мыңды құрады. Орташа өтінім сомасы да 8 пайызға төмендеп, 22,8 млн теңгеге түскен. Соған қарамастан банктер бизнестің несие алуына көбірек мүмкіндік бере бастаған. Ірі бизнес бойынша мақұлданған өтінімдердің үлесі 65 пайызға жетіп, бір тоқсанда 10 пайыздық тармаққа өскен. Орта бизнесте бұл көрсеткіш 39 пайызға дейін көтерілген.
Несиеге деген сұраныс халық арасында да жоғары. Екінші тоқсанда банктер бөлшек кредиттің негізгі түрлерінің бәрінде белсенділіктің артқанын байқаған. Ипотекалық несиеге өтінімдер саны бір тоқсан ішінде 19 пайызға өсіп, 228 мыңға жетті. Бір өтінімнің орташа сомасы 5 пайызға артып, 21,5 млн теңгені құрады. Бұған мемлекеттік және өңірлік тұрғын үй бағдарламаларының іске асырылуы, сондай-ақ кейбір банктердің ипотекалық өнімдерді қайта ұсынуы әсер еткен.
Автонесиеге сұраныс одан да жоғары қарқынмен өскен. Өтінімдер саны 20 пайызға артып, 1,5 миллионға жетті. Десе де, орташа несие сомасы 3 пайызға төмендеп, 7 млн теңге болды. Банктер бұл өсімді автосалондардағы жеңілдіктермен, субсидияланған мөлшерлемесі бар бағдарламалармен және ресми дилерлермен серіктестіктің кеңеюімен байланыстырады.
Кепілсіз тұтынушылық несие бойынша өтінімдер саны айтарлықтай өзгермей, 15,9 млн деңгейінде қалған. Бірақ сұралған қаржының орташа көлемі 10 пайызға өсіп, 1 млн 62 мың теңгеге жетті.
Ал кепілмен қамтамасыз етілген тұтынушылық қарыздарға өтінімдер саны 18 пайызға азайған. Соған қарамастан олардың орташа сомасы 27 пайызға өсіп, 17,7 млн теңгеге жеткен.
Банктердің пікірінше, тұтынушылық несиеге сұраныстың сақталуына жаңа онлайн өнімдердің іске қосылуы, пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуі, қайта қаржыландыру бағдарламалары және түрлі маркетингтік ұсыныстар әсер еткен.
Ұлттық банктің сауалнамасына сәйкес, банктер 2026 жылдың үшінші тоқсанында ірі бизнес тарапынан несиеге сұраныс одан әрі артады деп болжап отыр.
Халық арасында ипотека мен автонесиеге қызығушылықтың да өсуі күтіледі. Кепілмен қамтамасыз етілген тұтынушылық қарыздарға сұраныс бұрынғы деңгейде сақталуы мүмкін. Ал кепілсіз тұтынушылық несиеге сұраныс біртіндеп төмендейді деген болжам бар.
Осылайша, екінші тоқсанның қорытындысы Қазақстанда несие нарығындағы белсенділіктің қайта күшейгенін көрсетіп отыр. Кәсіпкерлер жаңа қаржы іздесе, халық арасында баспана мен автокөлік алуға арналған несиеге сұраныс жоғары болып тұр.