Қазақстанда олигархтар мен құстар "шайқасып" жатыр

1137

Табиғи монополия субъектілері өз мүліктерін құстар үшін қауіпсіз етуге міндеттеледі.

Қазақстанда олигархтар мен құстар "шайқасып" жатыр Фото: canva.com

Депутаттардың дерегінше, энергетика олигархтарының ай сайынғы табыстары 100 миллиард теңгеден асады. Ақша теңізінде шалқи жүзгеніне қарамастан, олар сараң келеді, бір тиын артық шығын шығарғысы келмейді.

Осы орайда еліміздің экологтері мен экобелсенділері дамыған елдердегі сияқты Қазақстанда да электр сымдарын құстарды тоқ соқпайтындай қауіпсіз етуді біраз жылдан бері сұрап келеді. Бұл бастаманың заң талабына айналуына монополистер тегеурінді қарсы шығып, төл тетіктерімен ұзақ тойтарып келді.

Алайда енді олардың позиция-бекіністерінің әлсірегені байқалады. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті осыған қатысты тиісті заң жобасының дайын болғанын жариялады.

Құжат "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне аңшылық саласы және жануарлар дүниесін сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталады.

Ведомствоның түсіндіруінше, егер Парламент қабылдаса, бұл заң жобасына сәйкес, құстан қорғау құрылғыларымен жарақтандырусыз қуаты 6-10 кВ әуе электр желілерін жобалауға, салуға және пайдалануға тыйым салынады.

Оның мамандары дәл осы киловаттағы желілердің құстарға ерекше қауіпті екенін ескертті.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Әбдірахмановтың түсіндіруінше, құжат электр энергиясын беру саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Еліміз бойынша қуаты 6-10 кВ болатын әуе электр желілерінің жалпы ұзындығы шамамен 80 мың шақырымды құрайды. Олардың бәрінің өне бойында қанаттыларға қалпымен қауіп төнеді. Мұның энергетикаға да, экономикаға да залалы зор.

"Өйткені әртүрлі бағалау бойынша электр желілері арқылы қуат берудің апаттық тоқтатылуы оқиғаларының шамамен төрттен бір бөлігі құстардың кесірінен болады. Еліміздегі әуелеген электр желілеріне қонған немесе соқтыққан құстарды электр тоғы соғады. Соның салдарынан туындаған қысқа тұйықталулар осы энергетика нысандарын істен шығарады, электрмен жабдықтаудағы үзілістерге әкелуі мүмкін. Электрмен жабдықтаудағы шағын ақаулар мен кішігірім үзілістердің өзі айтарлықтай экономикалық шығындарға ұласады", – деді сарапшы.

Бұдан келер әлеуметтік зиян да бар. Мысалы, мектептер, балабақшалар, емханалар және басқа әлеуметтік нысандар жарықсыз, қуатсыз қалады. Зауыт-кәсіпорындарда, кен орындарында, қаптаған бизнес нысандарында жұмыс тоқтап, өнім аз шығарылады.  

Комитет мамандарының дәйектеуінше, бұл сондай-ақ әлеуметтік наразылық тудырып, моральдық шығын әкелуі мүмкін.

Ал, егер шағын емес, үлкен апаттар болса, онда ауруханаларда, метрода, электр пойызында және басқа объектілерде кенеттен электр қуатын өшіру кезінде адам шығынына әкелуі ықтимал.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жаңа заң жобасы құстарға төнетін қауіпті төмендету арқылы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де үлес қосатынына назар аудартты.

Сондай-ақ, табиғатты қорғауға, биоәралуандылықты сақтауға және адам қызметінің әсерімен байланысты экологиялық тәуекелдерді барынша азайтуға ықпал етеді.

"Жыл сайын Қазақстанда қуаты 6-10 киловаттық электр беру желілерінде ондаған мың құс өледі! Оның ішінде Қызыл кітапқа енгізілген, жойылып бара жатқан құстар көп. Мысалы, дала бүркіті, бүркіт, ақиық, қарақұс, жыланжегіш қыран, аққұйрық субүркіт, кезқұйрық субүркіт, бақалтақ қыран, ителгі, бидайық, лашын, сұңқар, тарғақ, балықшы тұйғын, үкі және басқалары ұшқын шашқан электр бағаналары мен сымдарына жанасып, қырылып жатыр", – деді комитет өкілдері.  

Ведомствоның байламынша, егер қазақстандық энергетикалық компаниялар әуе электр желілерін құстан қорғау құрылғыларымен жарақтандырғысы келмесе, онда бұған балама бар. Қуаты 6-10 кВ электр желілерін жер астынан өткізу тәсілдерін қарауына болады.

Комитет әуе электр желілерін эксплуатациялайтын субъектілер осындай реттеуші құралды енгізу жоспарланып отырғаны туралы хабардар етілгенін мәлімдеді.

Бұл ретте оларға түсетін қаржылық жүктемені азайту үшін Үкімет құстан қорғау құрылғылары (ҚҚҚ) жоқ қолданыстағы әуе электр желілерін пайдалануға толық тыйым салуды 10 жылдан кейін енгізетін болды.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті бұған келісіпті. Өйткені жаңадан салынатындары ҚҚҚ-сы болмаса, қолданысқа жіберілмейді.

Ал, Қазақстанның Электр энергетикасы саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, Қазақстанның электр желілері тозуының орташа деңгейі 66%-дан асты.

Олардың бәрін болмағанымен, үлкен бөлігін алдағы жылдары ауыстырып шығу міндеті қойылды. Жаңа талап оларды аталған құрылғымен жабдықтауды талап етеді. Бұл жаңадан салынатындарының тез тозып, істен шығуының алдын алуға да үлес қосады.

Жаңа талаптың қазақ елі үшін қажеттілігін және маңызын мынадан түсінуге болады. Мысалы, бір ғана шығысқазақстандық Зайсан ойпатында қазасы электр желілерінен келген 11 түрлі 791 жыртқыш құстың өлексесі табылды. Оның арасында 43 бүркіт (Aquila chrysaetos), 11 дала бүркіті (Aquila nipalensis) бар.

Орталық Қазақстандағы Қорғалжын мемлекеттік қорығында және оның айналасында экологтер жоғарғы электр беру желілерінің құстарға әсерін анықтау бойынша зерттеулер жүргізу барысында 34 түрлі 409 құстың өлекселерін тапты. Аңдар алып кетіп, табылмағаны қаншама?!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу