Қазақстанда "Олимпиада күнінде дүниеге келдім" акциясы басталды

5348

Жыл сайын Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті мен олимпиадашылар 23 маусымда – Халықаралық олимпиада күнінде дүниеге келген балаларды құттықтайды.

Қазақстанда "Олимпиада күнінде дүниеге келдім" акциясы басталды Фото: ҰОК

Дәл осы күні жаңа туған нәрестелерге Ұлттық Олимпиада комитеті дайындаған сыйлықтарға ие болады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен "Қазпошта" АҚ қолдауымен еліміздің барлық өңірлеріне 1500-ден астам сәлемдемелер алдын ала 240 перзентханаға жіберілді. Төртінші жыл қатарынан пошта қызметі Ұлттық Олимпиада комитетін қолпаштап, мереке күнінде жұмысын жеңілдетіп келеді, деп inbusiness.kz ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Халықаралық Олимпиада күні үшін мұндай бірегей акция 2020 жылы қазақстандық ҰОК-пен ұйымдастырылып, күллі әлемге үлгі болар игі іске айналды. 

Аналарымыздың жүзіне күлкі, көңіліне қуаныш сыйлау – шараның басты мақсаты. Ал бөпелерге сыйға тартылатын бодидегі "Olympian is born" ("Олимпиадашы дүниеге келді") арнайы жазуы айтулы күнде дүниеге келген сәбиді жарқын жеңістерге жетелейтін алғашқы ұран іспеттес. 

Бұл күні Олимпиада чемпиондары аяулы аналар мен олардың сәбилеріне бейнебайланыс арқылы құттықтаулар жолдайды. Акцияны ұйымдастырушылар Қазақстанның барлық олимпиадашылары атынан чемпиондардың жеке құттықтауы үлкен жетістіктерге жетелеп, биікке шабыттандырады деп санайды.

"Ұлттық Олимпиада комитеті ұйымдастыратын акциялардың ішінде ең жүрекке жылысы осы шара. Игі іс олимпиадалық қозғалыстың идеялогиясын дәріптейді және үлкен спорт әлеміндегі басты құндылықтарды көрсетеді. Ұрпақтар сабақтастығы, салауатты өмір салтына ұмтылу, спорт мәдениетіне жас дарындарды тарту – сіздер мен біздердің салауатты ұлт игілігі жолындағы ортақ міндетіміз. Спорт чемпиондары сәлемдемесі осы идеяны жүзеге асырады. Дүние есігін жаңа ғана ашқан бала мен біздің спорт жұлдыздарымыздың арасында енді үзілмес байланыс бар. Барлық чемпиондар балалық шақтан түлеп ұшады. Біздің спортшылар – бала арманның өмірге айналуының айнымас айғағы, нәрестелеріміз қандай жол таңдамасын, жылы лебіз бен шынайы тілектер оларды қолдар күшке айналар деп үміттенеміз", – делінген ҰОЕ хабарламасында. 

Бүгінгі мен ертеңгі чемпиондар сабақтастығына бастама болған шара ҰОК-тың әлем мойындаған бастамасына айналды. 

 

2021 жылы "Олимпиада күнінде дүниеге келдім" қазақстандық акциясы – бүкіл әлем бойынша Халықаралық Олимпиада күнін мерекелеудің ең табысты мысалдарының бірі атанды.

"Олимпиада күнінде дүниеге келдім" – Халықаралық Олимпиада күнінің жалғыз акциясы емес. Спорттық жарыстар бүкіл Қазақстан бойынша өткізіліп, басты шара Астана қаласында, Триатлон паркте өткізіледі.

Олимпиада күнін ұйымдастыруда ҚР ҰОК серіктестері "Туризм және спорт саласын қолдау қоры" мен "Тойота Мотор Қазақстан" болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу