Қазақстанда ондаған жыл бойы бақылаусыз келген сала реттелуі мүмкін

240

Елде шағым көп болғанына қарамастан тұрғын үйді сатуға, жалға беруге жәрдем береді деген риелторларға тұсау болмай келген еді.  

Қазақстанда ондаған жыл бойы бақылаусыз келген сала реттелуі мүмкін Фото: ЖИ

Енді олардың емтихан тапсырып, кәсіби сертификат алуға мәжбүр болатын уақыты келгендей, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Дегенмен бұл жаңалықты риелторлардың өзі біле ме?

Pana Ұлттық риелторлар па­латасының мамандары жаңа тәртіптің тұрғын үй нарығындағы алаяқтықты азайтып, тұтынушылардың құқығын қорғау бағытында аса маңызға ие екенін айтып отыр. Кәсіби біліктілігін растап, сертификаттаудан өткен риелторлар бірыңғай тізілімге енеді. Бұл жоба да Ұлттық риэл­торлар палатасының бастамасымен іске асып жатыр, ұйым бұл орайда ұйым қызметкерлері 1000-нан аса сұрақтан тұратын база дайындап шыққан.

Әйтсе де мәселе мұнда емес, палата өкілдерінің өзі Қазақстанда қазір 30 мыңнан астам риелтор заңсыз жұмыс істейтінін растап отыр. Тіпті агенттердің санын дәл анықтау мүм­кін емес. Олардың дені алаяқтар болып шығады, мемлекетке салық төлемейді, рес­ми түрде жұмыссыз деп тіркелген, со­ны­мен қоймай, екі тараптан да жоғары ақы талап етеді. Негізінде, соның 2 мыңы ғана ресми түрде тіркеліп, халыққа сенімді қызмет көрсетуі мүмкін. Ал жалдау мәмілелерінің 67 пайыздан астамы ресми келісімшартсыз жасалып отыр. Тұрғындардың алаяқтарға тап болдық дейтінінің дәлелі де – осы.

Жаңа сертификаттау жүйесі елдегі жағдайды реттеуге септігін тигізе ме, әлі белгісіз. Әйтеуір емтихан ережелері де стандарттарға сай қатаңдатылған, тестілеу мемлекеттік қыз­метке іріктеу кезінде қолданылатын прок­торинг технологиясы арқылы өтеді екен.

Бірақ осы тұста көңілге күмән ұялататын нәрсе бар. Риелтор алдымен емтиханға тіркелу үшін палатаға 80 мың теңге мөлшерінде ақы төлеуге тиіс. Сертификатқа ие болу үшін 60 сұрақтың кемінде 45-іне дұрыс жауап беру керек. Оның үстіне сертификат бір жылға ғана жарамды.

Риелторлардың бірыңғай тізілімін жүйелеу, пәтерді жалға алу және беру, сату жөнінде платформа ашу ісі толықтай реттелсе, халық, расымен де, алаяқтардың құрбанына айнала қоймас еді. АҚШ, Ұлы­бри­тания, Германия, Канада, Испания сынды Еуропа елдерінде риелторлық қыз­метке қатысты нақты та­лаптар бел­гі­лен­ген және сертификаттау жүйесі, риелторлық қызмет жөнінде арнайы заң да жұмыс істеп тұр. Бұл елдерде халық өз ісінің мамандарына, яғни риелторлардың жұмысына сенім артады және пәтер сатып алушы мен жал­ға алушы риелтор қызметі үшін қосымша ақы төлемейді. Мұнда меншік иесi сататын үйiн тұтынушыға өзi көрсетпейді, риэл­тор­лар ғана жұмыс атқарады.

Өзгерістен хабарсыздар көп

Біз елдегі риелторлық қызмет жайы түсінікті болу үшін Інжу Ержанқызынан (аты өзгертілді – ред.) пікір алған едік. Ол риелторларға арналған сертификаттау жүйесіне қатысты ұсыныстар жөнінде хабардар болып жүрген, алайда биыл іске қосылғаны жөнінде әзірге хабарландыру, не міндетеме келмегенін айтады.

– Өзім 2012 жылдан бері осы салада жүрмін. Алғашында студент кезде қосымша жұмыс ретінде қолға алғанмын, кейіннен осы жұмысты жалғастырып кеттім. Бізге арнайы сертификат беріп жатса, тек қана қуанамын. Егер де емтихан тапсыру міндеттелсе, тестілеуден өтуге дайынбыз, – дейді ол.

Маманның айтуынша, қазір тек риелторларға арналған лицензия жоқ. Ол осы мәселені бүгінге дейін бірнеше рет қозғап, ұсыныстар жасаған көрінеді.

– Бірнеше рет арнайы лицензия алсақ деп сұраған едік, алайда тек қана қызмет көрсету бойынша деп аламыз. Сол лицензия бойынша заңгерлермен бірлесе келісімшарт дайындаймыз, әрі қарай риелторлық қызмет көрсетеміз. Егер бөлек лицензия қарастырылса, жауапкершілігіміз арта түсер еді. Сонымен қатар риелторлық қызмет туралы заңға қатысты да көптеген ұсыныс бердік, алайда мен бұл салаға келген кездері осы мәселе қарастырылып жатқан еді, әлі де бекітілген жоқ, – дейді риелтор.

Маман риелторларға арналған заң жобасы мен лицензиядан бөлек, халықтың да сауатын арттыру керек деп пайымдайды. Себебі күзге қарай, тамыз айының аяғында студенттер қалаға оқуға ағыла бастайды, дәл осы кезде алаяқтық жағдайлары көп кездеседі. Інжу Ержанқызы клиенттер қарапайым ережені де білмей жатады дейді.

– Пәтерді бір күнге жалдап алып, ұзақ мерзімге деп 7-8 шақты адамға жалға беріп, ақшасын алып, алдап кететіндер бар. Бұл – жылда қайталанатын мәселе. Негізінен, пәтердің иесі сол адам екеніне әбден көз жеткізу керек. Мәселені жұмыс беруші немесе қызмет көрсетушіге ғана тіркемеу керек. Үйді жалға алар кезде риелтор болса да, ол болмаса да, үйдің құжатын мұқият қарап, тексеріп алу керек. Басқа елде отырып, krisha.kz  секілді сайттардағы хабарландыруды телеграмда тартып, ақша табатындар да бар және жалға алушыларға үнемі ескертіп келемін, ақшаны қолма-қол бермеңіздер, – дейді ол.

Не десек те, риелторлардың жұмысын реттеу шарасы қолға алына бастады. Ендігі кезекте риелторлық қыз­мет туралы заң қабылданса, тұрғын үй на­ры­ғы көлеңкелі бизнестен арылып, алып-сату мен жалға беру­дегі көптеген мәселе шешімін табар еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу