Қазақстанда өңдеу өнеркәсібі алғаш рет тау-кен секторынан озды

2026 жылдың алғашқы алты айында еліміздің өңдеу өнеркәсібінде 16,2 трлн теңгенің өнімі өндірілген.  

Қазақстанда өңдеу өнеркәсібі алғаш рет тау-кен секторынан озды Фото: ЖИ

Демек, өңдеу секторының өнеркәсіптегі үлесі 47 пайызға жетіп, тау-кен өндірісінің 46,1 пайыздық көрсеткішінен асып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қаңтар-маусым аралығында елде 34,5 трлн теңгенің өнеркәсіп өнімі шығарылған. Тау-кен саласында 15,9 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, көрсеткіш былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 4 пайыз төмендеді. Осы аралықта өңдеу өнеркәсібі керісінше қарқын қосқан. Салалар арасындағы арақатынас биыл айқын өзгерді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, шикізатты ел ішінде тереңірек өңдеуге ден қою өнеркәсіп құрылымына да әсер еткен. Өңдеуші кәсіпорындарды жергілікті шикізатпен байланыстыру, жаңа өндіріс орындарын ашу және импорттың орнын отандық тауармен толтыруға бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр.

– 2024 жылдан бастап сектордың үлесі тау-кен өндіру саласынан артып, секторлар арасындағы теңгерім өзгерді, – деді Ерсайын Нағаспаев.

Қазіргі өнеркәсіп саясатының негізгі бағыттарының бірі – шикізатты ел ішінде терең өңдеп, дайын өнім шығаруды ұлғайту. Осы мақсатта өңдеу өнеркәсібін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатыр. Құжатта жаңа өндірістерді іске қосу, инвестиция тарту, кәсіпорындарды технологиялық жаңарту, экспортқа шығарылатын өнім көлемін көбейту мен импортқа тәуелділікті қысқарту көзделген.

Алты айдағы көрсеткіштерге қарағанда машина жасау саласындағы өндіріс 23,1 пайыз өскен. Химия өнеркәсібінде өсім 20,7 пайызды, құрылыс материалдарын өндіруде 14,1 пайызды құрады. Фармацевтикалық өнім шығару 43,6 пайыз, резеңке және пластмасса бұйымдарының өндірісі 21,8 пайыз артқан. Жеңіл өнеркәсіптегі өсім 94,8 пайызға жетті. Машина жасау саласында көлік құралдарына, ауыл шаруашылығы мен теміржол техникасына, тұрмыстық техникаға сұраныстың артуы өндіріс көлеміне серпін берген.

Жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы да көрсеткішке ықпал етіп отыр. Биыл құны 1,7 трлн теңге болатын 200 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Алғашқы жартыжылдықта соның 74-і пайдалануға беріліп, 252 млрд теңге инвестиция тартылған. Жаңадан ашылған кәсіпорындарда 4,3 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылған. Министрлік өңдеу өнеркәсібінің дамуына ықпал ететін тоғыз ірі жобаны сүйемелдеп отыр. Олар толық қуатына шыққан жағдайда өндіріс көлемі 7,3 млрд долларға дейін жетеді деген болжам бар.

Өндірісті жергіліктендіру кезінде кәсіпорындарды өзара байланыстыруға да басымдық берілген. Отандық кәсіпорындарға мемлекеттік сатып алуларға жол ашудың тәртібі де жаңарды. 2026 жылғы 1 қаңтардан Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі іске қосылды. Жаңа жүйе СТ-KZ және индустриялық сертификаттарды алмастырды. Кәсіпорынның өндірістік алаңы, жабдығы, электронды шот-фактуралардағы айналымы, экспорт пен импорт жөніндегі мәліметтері цифрлық жүйе арқылы тексеріледі. Осылайша мемлекеттік қолдау мен сатып алудағы басымдық ел аумағында нақты өндірісі бар кәсіпорындарға беріледі.

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков тізілімді енгізу нарықтағы отандық өндірушілерді нақты ажыратуға мүмкіндік беретінін айтқан.

– Тізілім деректерді шоғырландыруға, "жалған өндірушілерді" анықтауға, ашықтықты арттыруға және жауапкершілікті күшейтуге мүмкіндік береді, – деді Олжас Сапарбеков.

Жыл соңына дейін жоспардағы 200 өнеркәсіптік жобаны іске қосу көзделген. Жаңа өнеркәсіп саясаты аясындағы негізгі міндет те өндіріс санын көбейтумен шектелмей, қазақстандық шикізатты ел ішінде терең өңдеуге, кәсіпорындар арасындағы өндірістік байланысты күшейтуге және сыртқы нарыққа шығатын дайын өнім көлемін арттыруға бағытталып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу