Енді банктен 5 минут ішінде несие ала алмауыңыз мүмкін

1812

Қазақстанда онлайн несие беруге тыйым салына ма?

Енді банктен 5 минут ішінде несие ала алмауыңыз мүмкін Фото: fingramota.kz

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова Мәжіліс кулуарында онлайн несиеге тыйым салу мәселесі бойынша пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Несие алуға электрондық түрде тыйым салсақ, азаматтардың бәрібір де банктің филиалдарына барып несие алуға мүмкіндігі бар. Сол себептен бұл халықтың шамадан тыс несиеге бату мәселесін толығымен шешпейді",  деді агенттік басшысы.

Айтуынша, несие портфелінің 25 пайызы тауар мен қызметтерді бөліп төлеу кіреді.

"Оларға тыйым салып, шектеуді дұрыс емес деп ойлаймын. Қаржылық қолжетімділік болуы керек. Қаржылық алаяқтықпен күресу – қазіргі уақытта ең маңызды мәселе",  деді Мәдина Әбілқасымова.

Агенттік басшысы бүгінгі Мәжіліс отырысында онлайн несиеге тыйым салу мәселесі талқыланғанын жеткізді. 

"Жоғары қауіпті операциялар болса немесе халықтың әлеуметтік осал тобы, оның ішінде зейнеткерлер бойынша банктер қосымша тексеру жүргізілетіндей белгілі бір кезең болу қажет. Депутаттар осындай ұсыныс жасады, біз де осы мәселені қарастырып жатырмыз. Қосымша тексерістер жүргізілген соң ғана несие берілмек. Мысалы, несиеге өтініш берген күннің ертеңінде ақша алуы мүмкін",  деп Мәдина Әбілқасымова тілшілер сауалына жауап берді.

Айтуынша, бұл бағытта ресейлік тәжірибе зерделенген.

"Оларда несие беру кезеңі қарыздың сомасына қарай үш сағаттан бастап екі тәулікке дейінгі уақытты алуы мүмкін. Бұл ұсыныстарды банктермен бірге қарастырып жатырмыз",  деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу